Судьялар жұмысының жаңа сатысы

Судьялар жұмысының жаңа сатысы

Судьялар жұмысының жаңа сатысы
ашық дереккөзі
330
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті. Шараға Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Жоғарғы соттың судьялары: Ербол Рахымбеков, Елена Максюта және Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов қатысты. Брифингті ашқан Айгүл Қыдырбаева Ұлт жоспары аясында көзделген сот реформаларының сәтті іске асырылғанын айтты. Соттар үш деңгейлі сот төрелігіне көшті, судья лауазымына кандидаттар мен жұмыс істеп жүрген судьяларға талап қатаңдатылды. Статистикалық талдаулар көрсеткендей, өткізілген реформалар сот жұмысына оң әсерін тигізіп, жаңа құқықтық жағдайдағы олардың қызметі неғұрлым тиімді бола түсті. Судьялыққа кандидаттардың жасы 30-ға дейін ұлғайтылды. Конституциялық түзетулерді іске асыруда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгертулер енгізілгенін айтқан А.Қыдырбаева судьялық лауазымға арналған конкурсқа қатысушылардың жалпы отырыстың қорытындысын алу тәртібі нақтыланғанын тілге тиек етті. Сот алқасы шығаратын шешімдерге қатысты өзгерістер енгізілді. Жоғарғы сот органы Азаматтық процестік кодекске Астана қалалық соты мен Жоғарғы соттың арасындағы инвестициялық даулардың соттылығын кеңейтуді көздейтін түзетулерді енгізуге бастамашы болды. Аппелляциялық сатыдағы инвестициялық дауларды қараудың мерзімі бір айдан екі айға дейін ұлғайтылды. Прокурорлардың азаматтық процеске қатысуы айтарлықтай қысқартылды. Соттардың жұмысын бағалау хақында А.Қыдырбаева «Жалпы жаңа жағдайдағы соттардың жұмысын тәуелсіз сарапшылар, процеске қатысушылар мен тұрғындар оң бағалады» дей келе, статистикалық деректермен таныстырды. Мәселен, Демократия институтының деректеріне сәйкес, соңғы 6 жылда Жоғарғы сотқа сенім деңгейі 67,6 пайыздан 75,4 пайызға дейін артқан. Сот алқасы да жаңа жағдайда қызмет атқаруда. Биыл 140 судьяның кәсіби қызметі бағаланды. Осы жылы Сот төрелігі академиясының алғашқы түлектері бітіріп шықты. 53 түлек құқық магистрі дәрежесіне ие болды. Жиын барысында инвестициялық даулар бойынша сот ісін жүргізудің қорытындылары да сөз болды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Жоғарғы сотқа және Астана қалалық сотына бірінші сатыдағы сот тәртібі ретінде инвестициялық даулар бойынша барлығы – 68, соның ішінде Жоғарғы сотқа 2 талап арыз келіп түсті. Шешімін шығара отырып 20 іс қаралды, соның ішінде оның алтауы инвестордың пайдасына шешілді. Жоғарғы сот судьясы Ербол Рахымбеков қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысын айта келе, республика соттарына келіп түскен қылмыстық істердің саны 8,5 пайызға артқанын жеткізді. Қазіргі таңда даулар жедел түрде шешілуде, оған дәлел 6 айдан аспайтын уақытта қаралған істердің саны 1,7 есеге қысқартылған. Ақтау үкімдерінің саны 10,5 пайызға, алқабилердің қатысуымен өтетін істердің саны 21,9 пайызға артты. Ал жаңадан қосылған жеңілдетілген іс жүргізу институты бойынша, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 255 мыңнан астам іс қаралса, бұл аяқталған азаматтық істердің жалпы санының 62,5 пайызын құрайды. 3 мыңнан астам іс бітімгершілік келісіммен, 13,9 мың іс – медиациямен, 283 іс – партисипативтік рәсімді пайдалана отырып аяқталды. Барлығы баламалы тәртіппен 17 мың дау шешілді. Алдын ала сот отырысы барысында 9,5 мың іс қаралды, ол аяқталған істердің жалпы санының 2,3 пайызын құрайды. Айта кету керек, тамыз айынан бастап Сот органдарының ахуалдық орталығы іске қосылады. Бұл кез келген іс бойынша процестік іс-әрекеттерді өтінішті тіркегеннен бастап атқару парағын жолдағанға дейін орталықтан бақылау жасауға мүмкіндік бермек. Тағы бір жағымды жаңалық, биыл республикалық бюджет есебінен 4 типтік сот ғимаратының құрылысы басталды. Олар Қарағанды облыстық соты, Алматы, Ақмола және Жамбыл облысы аудандық соттар ғимараттары.    

Серіктес жаңалықтары