Ұлы Абайға Ақжардағы ескерткіш

Ұлы Абайға Ақжардағы ескерткіш

Ұлы Абайға Ақжардағы ескерткіш
ашық дереккөзі
494
Барқытбелдің баурайындағы Тарбағатай жерінде, бұрынғы аудан орталығы – Ақжар өңірінде елдің көңілін серпілткен бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәдени шара Ақжар ауылының қақ ортасында ұлы Абайдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатынан басталды. Оған ауданға еңбегі сіңген азаматтармен қатар, ұлылар мекені – Абай елінен арнайы келген қонақтар, аудандық Мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Елдар Оразалин мен қаламгер Әсет Мырзақасым қатысты.  «Алаштың ғана емес, адамзаттың ақынына айналған Абай ескерткіші Парижде бар, Мәскеуде бар, Бейжіңде бар. Жалпы, ұлы ақынға еліміздің қай қаласына, қай ауданына, қай ауылына ескерткіш қойсақ та артықтық етпейді. Өйткені Абай – барша қазақтың Абайы», – деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ескерткіштің ашылу салтанатында. Тұғырымен қоса алғанда, биіктігі 7 метрді құрайтын ескерткіштің авторы – Тарбағатайдың тумасы, есімі елге белгілі суретші Әлібек Шоқанов. «Бұл – менің Тарбағатай ауданындағы екінші Абайым. Былтыр Ақсуат ауылында хәкімнің мүсіні қойылған болатын. Ескерткішті сомдауға екі ай уақыт жұмсадым. Әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Ұлы ақынға бұған дейін қойылған ескерткіштердің барлығын мұқият қарап шықтым.  Жүрек тұсында – оң қолы, сол қолында – кітабы. Сондықтан бұл жерге келген адам ақынның өлеңдерін, қара сөздерін еске алып, тұлға рухына бас иеді деп ойлаймын», –дейді ол. Сондай-ақ, осы күні Маңырақ ауылында да бірқатар игі шаралар өтті. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Қаракерей Қабанбайдың немере інісі, әрі үзеңгілес серігі болған, Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында ерлігімен көзге түскен Дәулетбай батыр мен баһадүрдің ұрпағы, ақын Әрімжан Жанұзақұлына да еңселі ескерткіш қойылды. «Бүгін Маңырақ ауылында үлкен қуаныш. Ақын бабаларымызға, батыр бабаларымызға ескерткіш қойылып жатыр. Бұл – келер ұрпаққа қажет дүние. Ұлтқа керек ұлағатты іс. Ескерткіш қойып, еңсе көтеріп отырғанымыз – елдіктің, егемендіктің арқасы», – деді бірі қаруымен, бірі қаламымен елге қамқор болған тұлғалардың мүсінінің ашылу салтанатына қатысқан жиналған қауым.

Серіктес жаңалықтары