Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайтпақ

Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайтпақ

Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайтпақ
ашық дереккөзі
Жуырда Қазақстан ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлемін азайту бойынша келісіміне шұғыл түрде емес, біртіндеп бас тартуды жөн санайды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, Астана әлі де келісімшартты ұзарту туралы ұстанымын нақтылаған жоқ. Бұл мәселе ОПЕК-тің қараша айындағы кездесуінде белгілі болмақ. Стамбұлда өткен Бүкіләлемдік 22-ші мұнай конгресінде Қанат Бозымбев мұнай өндірісін қайтадан ұлғайту мәселесі туындап отырғаны туралы ресейлік басылымдарға айтып берді. «Қараша айында ОПЕК-тің кезекті саммиті өтеді. Мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді республика толықтай орындап отыр. Халық­­аралық энергетикалық агенттіктері мен Қазақстан энергетика агенттігінің бағалау, өнім көлемін есептеу өзгешеліктеріне байланысты өнім көлемі әртүрлі болып келеді», – деді министр. 2016 жылдың соңында ОПЕК құрамына кіретін елдер және оған кірмейтін мемлекеттер мұнайдың көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келген болатын. Келісімге сай міндеттерді еліміз көктемде-ақ орындап тастады.  Қазақстан 2017 жылы мұнай өндіру туралы алғашқы жоспарын 81 миллион тоннадан асыруы ықтимал. Алғашқы жартыжылдықта 42 миллион тоннаға жуық мұнай өндіріп үлгергендіктен, жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш жоспардан асып түсуі мүмкін. Министрдің болжамына сенсек, 2017 жылдың қорытындысында Brent  маркасының жылдық орташа бағасы барреліне 50 долларды құрайтын болады.