Сыр елінің зор сыйы

Сыр елінің зор сыйы

Сыр елінің зор сыйы
ашық дереккөзі
417
Қызылорда қаласынан 60 шақырым жердегі «Қараөзек» компрессорлық стансасының ашылу рәсімі өтті. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясының басшылығы мен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев стансаны салтанатты түрде пайдалануға берді. «Қараөзек» компрессорлық стансасы еліміздің оңтүстігі мен солтүстік өңірлерін қажетті газбен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қуатты агрегаттармен жабдықталған станса Қытайға табиғи отын экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік бермек. Мамандардың бағалуынша, қуатты әрі заманауи нысанның салынуы теңдессіз оқиға. Аталған нысан транзиттік әлеуетті арттырудан бөлек, Астананы табиғи газбен, сондай-ақ, елдің орталық және солтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етпек. Компрессорлық стансаның ашылу салтанатында Қызылорда облысының басшысы Қырымбек Көшербаев: «Болашақта елорданы газдандыру жұмысы қасиетті Сыр елінің жерінен бастау алады. Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбыры бізге зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Стансаның іске қосылуы – газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған зор сыйы», – деп атап өтті. «ҚазТрансГаз» компаниясы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың газдандыру көлемін арттыру, энергия ресурстарын тасымалдауды әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жоспарлы түрде орындап келеді. Тіпті, компания атқарған жұмыстардың нәтижесін қарапайым халық көріп отыр. «ҚазТрансГаз» компаниясының нәтижелі еңбегінің бір көрінісі – Ақтөбе облысындағы «Бозой» және Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық стансалары. Қазіргі уақытта ТМД елдерінің аумағында «Бозой» мен «Қараөзек» компрессорлық стансаларымен тең келетін инфрақұрылымдық нысан табу қиындау. Бұл – Мемлекет басшысының 2018 жылға дейін қазақстандық нарықтың қажеттілігін толықтай отандық газбен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесін шешудегі маңызды қадамдардың бірі. Айта кетейік, «Қараөзек» компрессорлық стансасы жоспарланған мерзімінен жарты жыл бұрын іске қосылды. Ал құрылыстың мерзімінен бұрын аяқталуына «Қараөзек» компрессорлық стансасын салу кезінде ішкі резервтегі газ айдау қондырғыларын оңтайлы пайдалану оң әсерін тигізген. Өз кезегінде бұл 10 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Аталған стансаның ашылу салтанатында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев «Бозой» мен «Қараөзек» стансаларынсыз қазақстандық газды Қытайға тасымалдау және елдің оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қиын болатындығын атап өтті. «Мемлекет басшысы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдік газ құбырын салуды тапсырды. Уақыт көрсеткеніндей, бұл дер кезіндегі шешім болды. Таяу арада ғана біз Қытаймен жылына 5 млрд текше метр отандық газ экспорты туралы меморандумға қол қойдық», – деді өз сөзінде Қайрат Шәріпбаев. Жалпы, еліміз газ өндіруден және оның барланған қоры жөнінен әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарында. Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жылына 45 миллиард текше метр шамасында газ өндіріледі екен. Оның Қазақстандағы барланған дәлелді қоры 1,84 миллиард тоннаны құрайды. Бұл көлем ТМД елдері аумағында дәлелденген қордың 3,3 пайызын, әлем елдері арасында 1,2 пайызды құрайды. Ал бүгінгідей жұмыс қарқынымен бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта бермек. Негізінен, табиғи көгілдір отын еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-батыс аумақтарында өндірілуде. Әрине, өндіріліп жатқан газ Қазақстанның барлық аймақтарын газдандыруға және экспорттауға жетеді. Бірақ ел аумағы үлкен болғандықтан, барлығын бірдей газбен қамтамасыз ету қиындық тудырады. Мұның бір себебі газды алыс өңірлерге жеткізудің қымбаттығына байланысты. Осы уақытқа дейін Қазақстанның бас қаласы – Астананы газбен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болған еді. Енді сәтті іске қосылған «Қараөзек» компрессорлық стансасының арқасында көптен бері астаналықтарды мазалап жүрген бұл мәселе де шешімін таппақ. «Қараөзек» компрессорлық стансасының іске қосылуы біздің республиканың ғана емес, бүкіл еуразиялық континенттің транзиттік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Мамандардың түсіндіруінше, «Қараөзек» стансасының негізгі элементі – «Solar Turbines» америкалық компаниясының жоғары технологиялары негізінде әзірленген газтурбиналық қондырғылар. Бұл қондырғылар жұмыстың ең күрделі режиміне арналған. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде компрессорлық стансаның өнімділігі тәулігіне 43,5 миллион текше метрге жетеді.   Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары