Астананың қорғаны – қалың орман

Астананың қорғаны – қалың орман

Астананың қорғаны – қалың орман
ашық дереккөзі
226
Он тоғыз жыл бұрын ел астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіріп, Қазақстанның жаңа елордасы – Астананы жаһан жұртына таныстыру қаншалықты сарабдал қадам болса, шаң басқан, азынаған желдің өтінде орналасқан қаланың айналасына орман егу де соншалықты көреген шешім болды. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас пен құмға орман өспейді» деп табанды қарсылық көрсеткендердің қателескенін дәлелдеу үшін аса көп уақыт қажет бола қойған жоқ. Бүгінде елорда айналасындағы жасыл белдеудің аумағы 80 мың гектарға жетті. «Орманы бардың қорғаны бар» дейді қазақ. Шаһар ауасының тазалығын қамтып, ыстықтан сая, желден ықтасын болып тұрған орман Астананың қорғаны емей немене?! Жыл сайын Астананың орманын аралап, аумағы ұлғайып келе жатқанына көз жеткізуді әдетке айналдырған Елбасы өткен жылы елорданың жасыл аймағына кезекті рет ат басын бұрғанда Астананың айналасын орманға айналдыру бастамасының болашағына сенгендерден гөрі күмәнмен қарағандар көп болғанын айтты. Сол дүдамал шақты еске алған Мемлекет басшысы: «Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. 18 жыл деген кәмелетке толған, азамат болған кез деп санауға болады. Бірақ, жасөспірім, жаңадан өсіп келе жатқан жаспен бірдей. Он сегіз жыл бұрын қаланың төңірегіне орман егуді тапсырған едім. Алматыдан жаңа көшіп келген кезде, қаланы шаң басып кететін. Құбыла соққан жел адамды құлата жаздайтын. Сондықтан орман егуді бастадық. Алайда біздің жоспарымызға күмәнмен қарағандар көп болды. Десе де, біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызды», ̶ деген еді. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, Нұрсұлтан Назарбаев биыл да Астананың жасыл белдеуін құрайтын орман алқабын аралап, орманға қырғауылдар мен еліктерді жіберді. «Жыл сайын Астана күні қарсаңында қаланың төңірегіндегі жасыл-желекті аралайтынымды білесіздер. Өткен жылдарда елорданың батыс бөлігіндегі орманды алқаптарды дамыту қарқынын қарайтынбыз, ал биыл шығыс жағына келіп отырмыз. Бұл жерлердегі орманның ортасына қарағай мен қайыңды отырғызамыз деп жоспарлаған едік, енді бүгінде осы ағаштардың барлығы жайқалып өсіп тұр», – деді Мемлекет басшысы. Астананың маңын жасыл-желекпен толықтыру үшін 1998 жылдан бері орманның аумағын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, бұл жерде ағаш отырғызу оңай болмаса да, орманшылар ерен еңбек атқарғанын айтқан Президент оларға алғыс білдірді. «Елорданың төңірегінде 80 мың гектар орманды алқап бар. Алға қойылған мақсат аясында 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізіледі. Сондықтан орманшылар мен ғалымдарға ризашылығымды білдіргім келеді. Олар осыны жасау үшін қыруар жұмыс істеді. Енді тұрғындар бұл орманның ішінде серуендеп, демалатын болады. Түрлі аңдар мен құстарды жіберіп жатырмыз, жеміс-жидек өсімдіктері отырғызылуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Он тоғыз жыл ішінде жасыл белдеудің көлемі табиғи орманы самсаған Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңесті. Астана қаласының жасыл аймағын құру елорда төңірегінде жабайы жануарлардың көбеюіне де айтарлықтай ықпал етті. Бүгінгі күні жасыл аймақ екпелерінде марал (марал қоршауында), бұлан (2 дарағы белгіленген), елік, суыр, дала қарсақтары, ондатр, қоян және кішкентай тышқандар мекен етеді. Ал құстардан балқарағай торғайы, сұр шіл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы (московка) және қырғауыл бар. 2010-2011 жылдары 125 бас құс сатып алынып жіберілген. Қырғауылдар тез көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 2 333 құс өсіп шыққан. ЭКСПО халықаралық көрмесін көру үшін Астанаға ағылған қонақтарға, әсіресе, Еуропадан келген меймандарға «Астананың маңайы бұрын топырағы шыққан тақыр жер еді. Ал айналамызда қоршаған орманды алқапты осыдан 19 жыл бұрын ғана отырғызылған ағаштар құрап отыр» десек, олардың бұл сөзімізге сене қоюы екіталай. Өйткені Еуропада 80 мың гектар алқапты алып жатқан жасанды орман деген ұғым жоқ. Кәрі құрлық жерінің құнарлылығы мен ылғалдылығы сондай, шыбық шаншысаңыз болды, өзінен-өзі қаулап өсе береді. Оның үстіне, Еуропада 80 мың гектар түгілі 8 гектарға ағаш отырғызатын бос жатқан жер жоқ. Еуропалықтар сенбесе де, біз үшін бұл айнадай ақиқат мәселе. Өйткені Астананың жасыл белдеуі – жылдар бойғы қажырлы еңбектің жемісі. Елорда айналасын ну орманға айналдыру үшін қанша тер төгілгенін астаналықтар өз көзімен көрді. Астана маңайын орманға бөлеуге арналған «Жасыл белдеу» жобасы Елбасының тапсырмасы бойынша 1998 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау. 1998 жылдан отырғызылып келе жатқан ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 2013 жылға дейін 70 мың гектарды құрап үлгерді. Олардың шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында орналасқан. Соның ішінде «Астана – Бурабай» автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілген. Орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі қазір 15-20 метрге жетті. Жасыл белдеу ішінде сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Олардың қолдан отырғызылғандығын кәсіби орманшы болмаса, былайғы көз ажырата алмайтындай. Жасанды орман алқабында жоғарыда аталған ағаштардан басқа неше түрлі жидектер де өсуде. Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 миллион дана ағаш пен бұталар жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарақат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қаужапырақты шегіршін және басқалар бар. 2014 жылы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 мың 434 дана сеппе көшет отырғызылды. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршін және басқалар. 2016 жылы Астананың жасыл белдеуінің аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің екінші кезегінің жобасы» бойынша ауданы 291,1 гектар жерге тамыры жабық жүйемен 353 мың 560 көшет егілді. Оның 135 мың 238-ін қылқан жапырақты ағаштар, 218 мың 322-ін орман ағаштары құрайды. Бүгінгі таңда Астананың жасыл белдеуі аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің үшінші кезегінің» жобасы әзірленіп, қолға алынды. Биылғы жылдың 5 айының өзінде қалада 18 мың көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 35 мың тал егу жоспарланған. Астананы жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жұмыстар қала ішінде де жаппай жүргізіліп жатқандығын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде соңғы жылдардың өзінде бірнеше бақтар мен скверлер пайда болды. Астананы гүлмен көмкеру ісі де қызу қолға алынуда. Мәселен, былтыр қала ішінде 7 миллион дана гүл отырғызылса, биыл 16 гектар аумаққа гүл егілмек. Кейбір деректерге сүйенсек, Астана гүлзарлары қаланың әрбір шаршы метріне шаққанда еліміздегі ең жасыл қала Алматыдағы көрсеткіштен да асып түскен. Астана орманының аумағын ұлғайтып, елорданы жасыл желекпен көмкеру ісі мұнымен тоқтап қалмайды. 2020 жылға қарай қаланың жасыл аймағын 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылып отыр. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген ұстанымнан таймасақ, бұл меженің де ауылы алыс емес.

Серіктес жаңалықтары