Жекешелендіру үдерісі жандана түсті

Жекешелендіру үдерісі жандана түсті

Жекешелендіру үдерісі жандана түсті
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік және коммуникациялық меншіктегі кәсіпорындар мен ірі компанияларды өткізу жоспары туралы баяндады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ нысандарын жекешелендіру бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде. Мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатуды жылдамдату бойынша қолданылған шаралардың аралық нәтижелері және бекітілген кестелер аясындағы алдағы міндеттер жарияланды. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 221 нысан өткізілді, 189 нысан қайта құру немесе жою кезеңінде. «Қолданылған шаралар жекешелендіру үдерісін жандандыруға мүмкіндік берді және Кешенді жоспар нысандарының негізгі бөлігі (80 пайыздан астамы) ағымдағы жылы өткізіледі. Жалпы, жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру бойынша іс-шараларды уақтылы және табысты орындау үшін барлық алғышарттар жасалған», – деді Қаржы министрі. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Н. Мәлелов жекешелендіру барысы туралы кеңінен әңгімеледі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен холдинг басшыларына нысандарды сату кестесін сақтауды және оларды белгіленген мерзімдерде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Елбасының мемлекеттік меншікте қалатын нысандар тізімін дайындау туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет. Ұлттық экономика, қаржы және әділет министрліктеріне аталған тізімді бекіту мәселесін пысықтау жүктелді. Аталған тапсырмаларды орындауды бақылау ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді. «Самұрық-Қазына» қорының ірі активтерін өткізу мерзімдері нысандарды барынша тартымды бағамен сату үшін түзетілді. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов хабарлады. Баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Б.Шолпанқұлов жаңа терминал тұрғызылған Астананың халықаралық әуежайын мысалға келтірді. «Құрылыс аяқталғаннан кейін әуежай құны ұлғайтылды. Оны сол кезде сатқан дұрыс болар ма еді, әлде бағаның өскенін күту керек пе? Бәрі де түсінікті деп ойлаймын», – деді спикер. Дәл осындай жағдай «Қазатомөнеркәсіпте» орын алды. «Компания өндіретін өнім құны өседі деп болжануда, сәйкесінше, компания бағасы да ұлғаяды. Осыны ескере отырып, біз нарықтағы ең жоғарғы бағаны күтеміз», – деді вице-министр. Қазіргі таңда ірі компанияларды өткізу үшін сату алдындағы дайындық жұмыстары, бағалау, әлеуетті инвесторларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаржылық аудит үшін тәуелсіз консультанттар тартылды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 17 ірі компаниясын өткізу жұмыстары жоспарға сәйкес 2019-2020 жылдары жүзеге асырылады. Сонымен қатар Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қазақстандық заңнаманы шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкестендіру мен жетілдіру мәселелері қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын жетілдіру мақсатымен 2016 жылғы сәуірде заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс нормаларында қарастырылмаған, «Бизнес», «Элит», «Эконом» санаттарында тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің сыныптамасына жарнама жасауға, сонымен қоса, биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасын орналастыруға тыйым салынған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі жекелеген тауар нарықтарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен электронды сауда қатысушыларының қызметтерінде тұтынушылардың құқықтарын сақтау кепілдіктерін айқындау арқылы реттеу жұмыстарын күшейтуді жоспарлауда. Жарнама жариялау, соның ішінде, оны орналастыру уақыты, анықтығы мен тауарлардың тұтынушылық қасиеттері бойынша талаптарды күшейту көзделген. Ұлттық заңнама тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкес келтіріледі. Кәсіпкерлік субъектілерінің сапа стандарттары мен тауарлардың қауіпсіздігін қадағалау бойынша жауапкершіліктері күшейтіледі. ҚР ҰЭМ-нің жүргізіп отырған жұмыстарында тұтынушылық сауаттылық, сондай-ақ, тұтынушылардың азаматтық белсенділігінің деңгейін арттыруға және олардың тауарлар, құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттануына ерекше көңіл бөлінеді. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың институционалдық негізін жетілдіру тұтынушылардың құқықтарын бұзудың алдын алуға, нарықтарды сапалы тауарлармен толықтыруға және де Қазақстандағы тұтынушылардың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп сөзін түйіндеді Т. Сүлейменов. Үкімет отырысының мәселелерін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді шаралар қолданып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушылардың құқықтары туралы кеңінен ақпарат таратуды тапсырды.