Көрмеде көрсетілген жаңа технологиялар

Көрмеде көрсетілген жаңа технологиялар

Көрмеде көрсетілген жаңа технологиялар
ашық дереккөзі
311
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 8 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шықты. Сондай-ақ, көші-қон саясатының бес жылдық тұжырымдамасы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы қаралды. Мұның сыртында отырыста EXPO – 2017 көрмесінде көрсетілген жаңа технологияларды елімізде енгізу жайы талқыға салынды. Үкімет отырысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасымен таныстырды. Министр 33 жылға алдын-ала болжам жасап, 2050 жылы Қазақстанды мекендейтін адамдардың саны 24,5 миллионға жететіні жайлы мәлімет таратты. Осыдан бірер күн бұрын таратылған Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінде биылғы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан халқының саны 18 034,3 мың адамға жеткені, оның ішінде қала тұрғындары 10 339,4 мың (57,3 пайыз), ауыл тұрғындары – 7 694,9 мың адамды құрағаны (42,7 пайыз) баяндалды. «Көші-қон саясатының жаңа концепциясының жобасы – Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа жоба халықаралық тәжірибеге, бірінші кезекте болашақта Қазақстан құрамына кіруді жоспарлап отырған экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, көші-қон үдерісін ырықтандыру тәсілдеріне ендіруді көздейді. Дәлірек айтсақ, ішкі, сыртқы және этникалық көші-қонды бір-біріне өзара тәуелді ете отырып, көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ету бағыттарын белгіледі», – деді ол. Бұдан соң министр көші-қон саясатының негізгі бағыттарына тоқталды. «Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – этникалық көші-қон. Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблема өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты. Атап айтсақ, этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесін қоныстану аймағына қарамастан бір жыл мерзімге беру, олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қысқартылды. Оларды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп», – деді Тамара Дүйсенова. Сонымен қатар министр аталған тұжырымдама Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалғанын атап өтті. Оның пікірінше, концепциядағы мақсат – шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту. «Бүгінгі тұжырымдама жобасында Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын қарастырдық. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыстың қарқынын күшейту көзделуде. Бұл үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасап, олардың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас ұйымдастыратын болады», – деді ол. Сонымен қатар Тамара Дүйсенова тұжырымдама аясында шетелдегі білікті кадрлардың мүмкіндігін пайдалану мақсатында жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отырғанын айтты. «Шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, оның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды тарту жұмысын мақсатты сипатта жүргізу үшін жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отыр. Жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі қарастырылды», – деді министр. Сөз соңында ведомство басшысы көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын шетелдегі қандастарға сол мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылып отырғанын айтты. Айта кету керек, таяуда Қазақстанның бірнеше аймағында қанатқақты жоба ретінде жаңа технология арқылы халық санағы жүргізіледі. Бұл 2020 жылы жүргізілетін жалпыұлттық санаққа дайындық болады. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, қанатқақты жоба Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында жүзеге асырылмақшы. Биылдан бастап министрлік тарапынан, шетелдік жұмыс берушілер жағына жергілікті және шетелдік мамандардың арасалмағын қамтамасыз ету, еңбекақыны тең төлеу қағидаттары күшейтілген. Бұған қоса рұқсат беру кезінде жергілікті атқарушы органдар белгілейтін сан алуан ерекше жағдайлардың орнына салық алымы енгізілген. «Шетелдік мамандардың Қазақстанда жұмыс істеуіне рұқсаттың 3 түрін беру ұсынылып отыр. Бірінші, біліктілігі төмен жұмысшылардың уақытша жұмыс істеуіне 1 жылға дейін ғана рұқсат беріледі, сәйкесінше олардың ағыны шектеледі. Рұқсаттың бұл түрі жеке тұлғалар жалдайтын маусымдық шетелдік жұмысшылар мен еңбек мигранттарына беріледі. Олардың жасы 18-ден кем болмауы тиіс және алым төлемі сақталады. Рұқсаттың екінші түрі жоғары білікті шетелдік мамандарға еліміз үшін маңызды жобаларға қатысуға 3 жылға дейін беріледі. Яғни рұқсат жобаның мазмұнына байланысты бірден 3 жылға берілуі мүмкін. Ал қазір ол 1 жылға қарастырылып, кейін ұзартылып отырады.  Үшінші рұқсат түрі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын  білікті шетелдік мамандарға арналған. Бұл биылғы жылы енгізілген анықтамалар жүйесі, тұжырымдама аясында бұл анықтамалардың жарамдылық мерзімін 3 айдан 3 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Яғни қызметкердің білімі мен біліктілігінің бекітілген талаптарға жауап беретіні жөніндегі анықтаманың  3 жылға дейін күші болады. Ол 3 жыл ішінде Қазақстанда жұмысқа тұра алады», – деді Тамара Дүйсенова. Үкімет отырысында Ұлт жоспарының 74 және 75-қадамдарын орындау үшін әзірленген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің жобасы мақұлданды. Оны таныстырған Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың айтуынша, қазір өндіру қарқыны минералды-шикізат қорының орнын толтыру қарқынынан озып кетті. Құжатта өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің аустралиялық үлгісіне өту ұсынылады, яғни өндіру үшін кен орындары енді инвесторға 25 жылға берілмек. Үкімет отырысында Қазақстанда EXPO – 2017 көрмесінің жаңа технологияларын енгізу бойынша жол картасы әзірленетіні мәлім болды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БҒМ жанынан EXPO – 2017 көрмесінің қорытындысы бойынша жаңа «жасыл технологияларды» енгізу бойынша жұмыс тобы құрылғанын баяндады. Ол топ халықаралық павильондардағы жаңа технологияларға мониторинг жүргізген.«Қазірдің өзінде қазақстандық және шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнату туралы тоғыз меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Латвия, Венгрия, Франция, Польша, ҚХР, Ұлыбритания, Испания және басқа елдердің жоғары оқу орындары өзара ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді», – деді министр. Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының ескертулеріне сәйкес, жауапты органдарға «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.    

Серіктес жаңалықтары