Тіл – ұлт пен ұлысты біріктіруші күш

Тіл – ұлт пен ұлысты біріктіруші күш

Тіл – ұлт пен ұлысты біріктіруші күш
ашық дереккөзі
388
Бүгінде елімізде кең талқыға түскен тақырып – мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңызы туралы ерекше атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты республиканың түкпір-түкпірінде Президент бастамасының тиімділігі туралы талқылаулар жүріп жатыр. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, латын әліпбиіне көшу  елдің рухани өміріне ғана емес, экономикалық һәм саяси тыныс-тіршілігіне де оң өзгерістер әкелмек. Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты: –  Отанын сүйіп, тәу етер Тәуелсіздігіміздің игілігін қастерлей білетін әрбір азамат Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған ана тіліміздің қадір-қасиетіне бейжай қарамаса керек-ті. Ал мына реформа Мәңгілік ел болуды асыл мұрат санаған Қазақ елінің ең басты қасиеті – ана тіліміздің ұзақмерзімді тағдырына жауап беруге мүдделі. Әлемнің дамыған елдерінің ақпараттық технология мен инновациялық өнеркәсіп саласында тек қана осы латын әліпбиін қолданып отырғандығын ескерсек, Елбасы бастамасымен қолға алынып отырған бұл реформа – тарихи маңызы бар стратегиялық қадам. Тіл – қашаннан ұлт пен ұлысты біріктіруші ұлы күш. Сондай-ақ, түбіміз бір тұтас түркі әлемінің тілдік нормаларындағы сәйкестіктің негізін біз осы латын графикасы арқылы айқындай аламыз. Дидар Рахымберлина, Астана қаласы әкімдігінің «№34 орта мектеп» КММ-нің директоры: – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Қазіргі заманғы технологияның, коммуникацияның, сондай-ақ 21-ғасырдағы білім беру үрдісінің дамуына байланысты латын әліпбиіне көшу – заман талабы деп ойлаймын. Қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің көпшілігі латын әліпбиіне көшкен. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жол салады. Тағы бір маңызы – түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейту керек. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Мырзахан Қадыров, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры: – Латынға көшу арқылы еліміздің әлемдік мәдени кеңістікке кіруіне және жаңа технологияларды еркін меңгеруіне жол ашылады. Қазіргі таңда үш тілді еркін меңгерген жас ұрпағымызға латын әліпбиін меңгеру еш қиындық келтірмейді. Және тез үйреніп, қалыптасып кететініне сеніміміз мол. Өйткені өткен жылдан бастап еліміздің мектептерінде ағылшын тілі сабақтары 1 сыныптан бастап оқытылуда. Ерікті еліміздің жас ұрпағы білімді игеруде жаһандық өзгеріске бейімделе отырып, қалыптасуы керек. Латын әліпбиіне көшуге қадам жасалғаны өте қуантарлық шешім деп білеміз.    

Серіктес жаңалықтары