Қазақстан - өркениеттер арасындағы достық дәнекері

Қазақстан - өркениеттер арасындағы достық дәнекері

Қазақстан - өркениеттер арасындағы достық дәнекері
ашық дереккөзі
213
  Мемлекеттің қуаттылығы қандай факторлармен анықталады десе, біріміз қорғаныс қабілетін атасақ, енді біріміз экономикалық әлеуетін, халықаралық аренадағы саяси салмағын басты орынға қоямыз. Алайда оның бәрі түптеп келгенде елдің ғылым мен білім, технология саласындағы жетістіктеріне тәуелді. Өйткені ғылым ілгерілемей өндіріс өрістемейді, өндірістің ісі өнбесе, экономиканың еңсесі көтерілмейді. Астананың төрінде, Тәуелсіздік сарайында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде бас қосқандардың ойы  осы.   Саммитті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы бұл жиын ислам тарихында ерекше із қалдыратынына сенім білдіре келе, қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартатынын атап өтті. – Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы мұсылман жұрты бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерге тоқталды. – Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл түйткілді БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды. Мемлекет басшысы үшінші мәселе ретінде 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлеміндегі ауызбіршіліктің болмай отырғанын атап өтті. – Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалуда. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін күш біріктіруіміз қажет екенін атап өтіп, ортақ Ғылыми-инновациялық қор құруды ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында «ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін сыйлық тағайындау» туралы шешім қабылданғанын айтты. Қазақстан Президенті ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттырудың маңыздылығына да айрықша назар аударды. – Біз EXPO-2017 көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. – Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет, – деді Қазақстан Президенті. Алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен ғылым және технологияларды дамыту мәселелері бойынша байланыстар орнату мәселесі де Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Өз сөзін түйіндей келе Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста және ислам әлемі елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды. – Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығы мен болашағына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы. Саммиттің пленарлық отырысында Түркия президенті Р.Ердоған, Пәкістан Ислам Республикасының президенті М.Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев, Гвинея президенті А.Конде, Иран Ислам Республикасының президенті Х.Рухани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин сөз сөйледі. Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин әлемде өршіп келе жатқан исламофобияға қарсы ғылым және технологиялар көмегімен күресуге шақырды. «Қазіргі заманда мұсылман әлемі алдынан сын-қатерлер туындауда. Терроризмнің және экстремизмнің қанат жаюымен бірге исламофобия да ушығуда. Бұған елдеріміздегі жұмыссыздық, білімсіздік, кедейшілік үстемеленіп отыр. Біз мұнымен күресуге және бұл жолда ғылым мен технологияны пайдалануға тиіспіз. Біз өз қоғамымызға қажетті білімді ұсынуға тиіспіз», – деді ұйымның бас хатшысы. Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «көптеген мұсылман елдерінің ғылым мен технология салаларында дамыған елдерден айтарлықтай қалып қойғанын» айтты. «Мәселен, әлемдегі 500 үздік университет рейтингіне біздің ұйымға мүше елдердің тек 11 жоғарғы оқу орны кіреді. 2015 жылы ИЫҰ елдерінің әлемдегі өнертабыстар бойынша патенттер алу өтінімдеріндегі үлесі небары 1,9 пайызды құрады. 2016 жылы ИЫҰ елдерінде барлық ғылыми жарияланымдардың шамамен 80 пайызы тек 7 мемлекетке ғана тиесілі болды. Өкінішке қарай, бай табиғи ресурстарға және қомақты қаржылық әлеуетке қарамастан, мұсылман елдерінің көпшілігі инновациялық идеялар мен технологияларды экономикаға ендіруде белсенділік танытып отырған жоқ», – деді өзбек басшысы. Ол сондай-ақ «жасыл энергетика» саласындағы ғылымды дамыту қажеттігін атап көрсетті: «Біздің барлығымыз үшін баламалы қуат көздерін пайдалану айрықша мән-маңызға ие. Осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға дайындығымызды білдіреміз. Оларға бірлесе инвестиция салуға даярмыз». Астанадағы саммитті «прогресс пен өркендеу жолындағы ислам әлемі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған нағыз тарихи қадам» деп бағалаған Өзбекстан Президенті ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін үш жылда бір рет шақырып тұруды және келесі құрылтайды 2020 жылы Өзбекстанда өткізуді ұсынды. Бірінші жұмыс сессиясының соңында саммиттің қорытынды құжаты – Астана декларациясына қол қойылды. «Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі арнаулы сыйлығын» тапсыру рәсімінде Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың Қазақстан туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, ғылым мен технологияларды дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті екенін атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысымен бірге ислам елдерінің аса көрнекті ғалымдарына ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықты табыстады.

Серіктес жаңалықтары