Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Жылыту маусымына дайындық пысықталды
ашық дереккөзі
588
Әдеттегідей күз мезгілі жиын-терін жұмысы аяқталып, қыс маусымына дайындықтың қызатын шағы. Алайда «Қыс қамын жаз ойла» дегенді ескере бермейтін мекемелер тықыр таянған кезде қыбырлайтыны бар. Арқаны кеңге салғаны соншалық, кейбір компаниялар жылумен жабдықтайтын коммуналдық қызметтерге 13 миллиард теңгеден астам қарызын әлі өтемеген. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында  алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралып, басты екпін «энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселелері» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында білім беру нысандары құрылысының барысына  түсірілді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күз-қыс кезеңіне дайындық жұмыстары аяқталуға жақындап қалған. «Биыл 10 энергия блогына, 61 энергетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 21 турбинада осы жұмыстар аяқталудың әртүрлі сатысында. Тұтастай алғанда, жұмыстар кестеге сай жүргізілуде», – деді Қ.Бозымбаев. Сондай-ақ, оның мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6300 подстансаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Қазір 17 мың шақырым желіге жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71 пайызын құрайды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 миллион тонна көлемінде көмір қоры қалыптастырылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 24 пайызға артық. Бұған қоса, 82 мың тонна мазут бар. Осы орайда Үкімет басшысы мазут қорына қатысты мәселеге байланысты пікірін білдірді. «Жылыту маусымының басталуына көп уақыт қалған жоқ. Әсіресе, солтүстік өңірлерде бір айдан соң суық түсуі мүмкін. Сол себепті, осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстауларыңызды сұраймын. Менің атыма хаттар түсуде, оның иелері мазут сатып алу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлуді сұрайды. Кімге мазут қажет, келесі отырысқа қарай қайсысына резервтен қанша қаржы бөлінетінін, қайсысына мүлдем берілмейтінін айтыңыздар», – деп тапсырды Премьер министр. Отырыста Энергетика министрі еліміздің газ-тасымалдау инфрақұрылымының нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, оларға техникалық қызмет көрсету кестелер мен жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне алдағы жылыту маусымында «Қазақстан – Қытай», «БГР-ТБА», «Бейнеу – Шымкент» газ құбырлары арқылы газ жеткізу және Амангелді кен орнының газы есебінен де қамтамасыз ету көзделуде. Жерасты қоймаларында газдың қажетті қоры жинақталуда, қазірдің өзінде оларға 3,4 миллиард текше метр газ немесе жоспардағы көлемнің 96 пайызы жүктелген. Қ.Бозымбаев отандық жылу-электр орталықтарынан газ үшін «Қазтрансгазаймақ» алдындағы қарыздарын өтеуді сұрады. «Оңтүстік Қазақстан облысында шамамен 2,3 миллиард теңге қарыздың қордалануына байланысты 27 наурызда «3-Энергоорталық» АҚ-тың Шымкент ЖЭО-сына газ жеткізу тоқтатылды. Сондай-ақ, шілде-тамыз аралығында осы АҚ-тың есептік шоты тұтқындалды. Кейін үшжақты келісім бекіту арқасында 805 миллион теңге төлем жасалды және АҚ-тың есептік шотынан бұғаттау алып тасталды. Қалған 1,5 миллиард теңге қарызды жылыту маусымы басталғанша өтеу жоспарлануда» деген Қанат Алдабергенұлы осыған орай облыс басшылығынан бұл мәселені бақылауға алуды сұрады. Себебі Шымкент ЖЭО-сы жарты жылдан бері тоқтап тұрған көрінеді. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша ЖЭО-лар «Қазтрансгазаймаққа» 3,8 миллиард теңге қарыз болып қалған. Оның ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке» – 1,4 млрд теңге, «Алматытеплокоммунэнергоға» – 473 млн теңге, «Ақтөбе ЖЭО-ға» – 354 млн теңге, Орал қаласының «Жайықтеплоэнерго» кәсіпорнына 101 млн теңге борыш тиесілі. Сондықтан Энергетика министрі облыс әкімдерінен бұл мәселеде қажетті шараларды қабылдауын өтінді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те 2017 жылғы тамыз айындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 13 миллиард 580 миллион теңгені құрайтынын хабарлады. «Ең көп берешек мынадай өңірлерде сақталып отыр: Алматы қаласында – 3 миллиард 3 млн теңге, ОҚО-да – 3 миллиард 702 млн теңге, Маңғыстау облысында – 1 миллиард 894 млн теңге, Павлодар облысында – 858 млн теңге. Жалпы, жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр және тұрақты бақылауда болады», – деді Ж.Қасымбек. Үкімет отырысында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрлерінің, сондай-ақ, өңір әкімдерінің әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы туралы есептері тыңдалды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына даярлығына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді. «Облыстар және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің ақпараты бойынша жылыту маусымына 2 617 мемлекеттік балабақша, 7 094 мемлекеттік мектеп, 473 колледж және 130 жоғары оқу орны дайын. Білім беру нысандары жылыту маусымына әзірлік бойынша қорытындыларды алды», – деді ол. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 109 мектептің құрылысына 71,7 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 76 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға беріледі. Қалған 33 мектеп 2018 жылы іске қосылмақ. Осы тұрғыда Премьер-министр Б.Сағынтаев мектептердің құрылысына қатысты тендерлер өткізу жүйесін қайта қарауды тапсырды. Себебі кейбір өңірлерде ендігі іске қосылуға тиіс мектептердің құрылысы бойынша әлі тендерлер өткізіліп жатқаны мәлім болды. Осыған байланысты, Үкімет басшысы тендерлер рәсімдерін өзгерту шараларын қабылдауды және бюджеттен бөлінген қаражатты игеруді жылдамдатуды тапсырды. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дерегінше, барлық өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын жөндеу және даярлау, отын сатып алу және жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. «Республикада денсаулық сақтаудың 5 774 нысаны жұмыс істейді, олардың 822-сі орталықтан жылытылады, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады», – деді. Талқылауды қорытқан Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Аталған жұмысқа жауапкершілік бірінші вице-премьер Асқар Маминге жүктелді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазір Мемлекеттік энергетикалық реестрге (МЭР) 5 мыңнан астам ұйым енгізілгенін хабарлады. 2015-2016 жылдары бұл субъектілер энергия үнемдеу шараларына 178 млрд теңгеден астам инвестиция салыпты. 2020 жылдың соңына дейін шамамен 200 млрд теңге инвестицияланады деп жоспарлануда. Елімізде жалпы ішкі өнімді өндіру үшін кететін энергия шығыны 2008-2015 жылдар аралығында 28,2 пайызға төмендеген. «Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында ЖІӨ-нің осы энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кемінде тағы 25 пайызға және 2050 жылға қарай кемінде екі есе төмендету міндеті қойылып отыр. Үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев энергия тиімділігі саласындағы мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін Инвестициялар және даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу  мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, әрбір жекелеген кәсіпорын үшін энергия шығынын жыл сайын төмендетіп отыру мәселесіне көңіл бөлу керектігі айтылды.

Серіктес жаңалықтары