Мариано Рахой түсінбеген «тәуелсіздік»

Мариано Рахой түсінбеген «тәуелсіздік»

Мариано Рахой түсінбеген «тәуелсіздік»
ашық дереккөзі
Кәрі құрлықтағы либералды демократия тығырыққа тірелді. Әуелі Еуропадағы мигранттар дағдарысы тұсында сыр берсе, Ұлыбританиядағы Брексит референдумы мен АҚШ-тағы президент сайлауынан соң-ақ шынымен «Демократия дағдарысқа ұшырауға жақын ба?» деген сұрақ туды. Қазір Брюссель мен Мадридтің басын ауыртқан Каталониядағы жағдай ауыр түйіткілді мейлінше ашып көрсетті. Бір жағынан, халықтың ерік-жігері, көпшіліктің таңдауы жүзеге асуы тиіс, екінші жағынан, ұлтшылдық ұрандардың екпінімен Еуропа пышақ үстінен  үлестірілгелі тұр.

Каталония – Испанияның  басты өлкесі

Каталонияның тәуелсіздікке құлшынысы орасан. Мұны 1 қазанда өткен бүкілхалықтық референдум анық білдірді. Бірақ бұл референдумның қорытындысын Еуропа одағы да, Испания да мойындамауының себебі бар: сайлаушылардың нақты тізімі жасалған жоқ, бюллетеньдерді әркім өзі қолдан жасап, үйдегі компьютерден шығарып, аяғы жеткен жердегі жәшіктерге салды. Тіпті, алаңдарда өткен шерулер кезінде бюллетеньдерді көшеде үлестірген деген дерек бар. Сонда кімнің қанша бюллетень салғаны, қанша рет дауыс бергені, дауыс беруге кімдердің қатысып, кімдердің қатыспағаны белгісіз деген сөз, яғни, референдум жабайы түрде өткен. Әйтсе де, Каталония үкіметі «Дауыс беруге азаматтардың 43 пайызы қатысты, оның 90 пайызы тәуелсіздікті қолдады» деп жариялады. Бірақ референдум аяқталмай тұрып-ақ тәуелсіздік туралы декларацияның мәтіні жазылып, алдын ала дайындалып қойғаны да мәлім болды. Сырт қарағанда, Каталониядағы тәуелсіздікке қатысты референдум 2014 жылғы Қырымдағы жағдайға ұқсайды. Бірақ Испания – Украина емес, ал Каталония – Қырым емес. Америкалық «Bloomberg» сайтында Леонид Бершидский «Каталония неліктен Қырымның істегенін істей алмайды?» деген сұрақ қойып, өзі былай деп жауап береді: «Ukraine wants Crimea back – and the world recognizes its right to get it back. Spain won’t let Catalonia go peacefully for the same reason, and, for all the moaning about Rajoy’s strong-arm tactics (which haven’t yet included a real crackdown, though), there’s no international support for secession on the strength of the “referendum” – «Украина Қырымды өзіне қайтарып алғысы келеді – халық­аралық қауымдастық оның қайтарып алу құқығын мойындайды. Дәл осы себептен де Испания Каталонияны бейбіт түрде жібере салмайды. Рахойдың күш қолдану әдісіне жүгінгені қаншалықты ұнамсыз болса да (расында, шын мәнісіндегі қатал шаралар мен қысым көрсету әлі байқалған жоқ), өткен «референдумның» нәтижесінде Каталонияның тәуелсіздігі халықаралық тұрғыда мойындалады деуге еш негіз жоқ» дейді де, оның себебін былай түсіндіреді: «The main difference between Spain-2017 and Ukraine-2014, of course, is that the Ukrainian government simply wasn’t strong enough to impose its laws in Crimea. Subsequent events in the country’s east, when Kiev actually tried to hold secessionist regions by force, confirmed that it would have failed to prevent the secession» – «2017 жылғы Испанияның 2014 жылғы Украинадан басты айырмашылығы сол, украин басшылығы Қырымда өз заңдарының сақталуын талап етуге күш-қуаты жетпеді. Одан кейінгі елдің шығысындағы оқиғалар, яғни Киев сепаратистік аймақтарды күшпен ұстап қалуға тырысқан кезде, түбектің өз құрамынан бөлініп кетуіне қарсы тұра алмайтыны түсінікті болды». (Мақаланың сілтемесі: https://www.bloomberg.com/view/articles/2017-10-04/why-catalonia-will-fail-where-crimea-succeeded). Рас, Каталонияны өзіне қосып алуға мүдделі, желкеден төніп тұрған үшінші жақ жоқ. Испанияның ішкі мәселесіне араласатын бір саяси күш болса, ол Еуропа одағы болар еді. Бірақ ресми Брюссель бұл мәселені шешуді Мадридтің өзіне қалдырып, бойын аулақ ұстауға бейіл. Мысалы, 10 қазанда Еуропалық кеңестің президенті Дональд Туск Пучдемонды тәуелсіздікті жариялаудан бас тартуға шақырды. Осыған қарап-ақ Каталонияның тәуелсіз мемлекет болуға талпынысы оң шешімін табады деу қиын. Испанияның королі Фелипе VI халыққа үндеу жасап, бірлікке шақырды, Каталонияның тәуелсіздік алу референдумын ұйымдастырушыларды сынға алды. Жалпы, Каталонияға тәуелсіздік не үшін керек деген сұраққа жауап беріп көрелік. Ең әуелі, экономикалық мүдде. Бұл аймақ – Испанияның ең бай, әлеуеті зор өңірлерінің бірі. Испания экономика министрлігінің дерегіне жүгінсек, Испаниядан экспортқа шығарылатын тауарлардың 25,6 пайызы Каталонияның үлесінде екен. Ал испан ЖІӨ-дегі бұл өңірдің үлесі – 19 пайыз. Бұған қоса, Испания халқының 16 пайызы Каталонияда тұрады. Ал Испанияға сырттан келетін инвестициялардың 20,7 пайызы Каталонияға құйылады. Сондықтан Каталония Мадридтің қазанға ортақ болуын қаламайды, яғни экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады. Егер Каталония егемендік алып, өз алдына мемлекет құрса, Испания ең әуелі 7,5 миллион халықтан және ұлттық экономикаға құйылатын салық түсімдерінен айырылады. Бұған қоса, Мадрид аса маңызды стратегиялық нысандардан көз жазып қалады. Олардың ішінде Барселона порты, Эль-Прат, Жирона, Реус, Сабадель әуежайларының экономикадағы орны ерек. Бірақ экономикалық тұрғыда каталондықтардың да жоғалтары бар: олар шетелдік бизнес серіктестерінен алшақтап, сырттан келетін инвестициялардан қағылуы мүмкін. Қазірдің өзінде көптеген фирмалар, кәсіпорындар мен банктер Каталонияға «бойкот» жариялауға дайын екендіктерін ашық мәлімдеп үлгерді. Еуропалық Орталық банктің жаңадан құрылған Каталония мемлекетіне қаржылық қолдау көрсетуі екіталай. Сондықтан Banco Sabadell және CaixaBank сияқты банктер штаб-пәтерлерін Испанияның басқа аймақтарына көшіре бастады. Жалпы, Каталонияда жұмыс істейтін кәсіпорындар мен фирмалардың 80 пайызы халықаралық мәртебеге ие, яғни бұл аймақ Еуропалық одақтың құрамынан шыққан жағдайда, шетелдік фирмалар басқа жаққа көшуге мәжбүр болады. Каталониядан шығатын азық-түліктің 80 пайызы Испания мен Еуропа одағына жөнелтіледі екен. Ал мұнда шығатын тауарларға қажетті шикізатты каталондықтар Испанияның басқа өңірлерінен сатып алады. Каталонияға келетін туристердің 15 пайызы – испандықтар. Сонда Италияның бойкоты да Каталония үшін экономикалық қиындықтар тудыратыны айдан анық. Рас, Каталония Испания ұлттық экономикасының бестен бірін ұстап отыр. Бірақ оның Мадридке берешегі бар көрінеді: аттай 52 миллиард доллар.

Каталония тәуелсіздік алса...

Тарихқа көз жүгіртсек, Каталония Испаниядан 1871 жылдан бері бөлініп шығуға талпынумен әуре. Бірақ әр жолы Испан корольдігімен келіссөздер жүргізіп, тәуелсіздіктен бас тартып келген. Тәуелсіз ел болуға талпыныстардың елеулісі 1930 жылдары тағы қайталанды. Сол жылы аймақтық парламент тәуелсіздік жариялауға ұмтылды, бірақ сәтсіздікке ұшырап, ұйымдастырушылар түгел «сепаратистер» деп танылып, тұтқынға алынды. Каталондықтарды тәуелсіздік алуға итермелеген тағы бір себеп – каталон тілі мен ұлттық мәдениетінің қысымға ұшырауы еді. Көп жылғы тартыстардан соң Испания 1979 жылы Каталонияны автономия деп танып, каталон тіліне ресми мәртебе берді. Сол кезден бері Каталонияны жергілікті үкімет – женералитет басқарады. Оның құрамына 135 депутаты бар аймақтық парламент пен атқарушы кеңес кіреді. Женералитеттің қазіргі төрағасы Карлес Пучдемон осы лауазымға былтыр төрт жылға сайланған. 2009 жылдан бері Каталонияда тәуелсіздікке қатысты бірнеше бейресми референдумдар ұйымдастырылды. Ал 2013 жылы 23 қаңтарда аймақтық парламент Каталония егемендігі туралы декларация жариялаған болатын. Бірақ Каталонияның дербес мемлекет болу ісі тағы аяқсыз қалатын сияқты. Ең әуелі, Каталония тәуелсіздік жарияланған жағдайда оның егемендігін мойындап, тең әріптестік орнатуға халықаралық қауымдастық дайын емес. Қазірдің өзінде Брюссель де, Еуропаның басқа мемлекеттері де Каталонияның тәуелсіздік алуына салқын қабақ танытып отыр. Еуропалық мемлекеттер мұның бәрін Испанияның ішкі ісіне балап, сырттай аңысын аңдып отырғанын-ақ байқауға болады. Себебі Каталонияның бөлінуі Еуропаның басқа елдерінде толқыныс туғызуы мүмкін. Екіншіден, Каталония Испания құрамынан шықса, Еуропа одағымен де бар қарым-қатынасы үзіледі, тіпті Шенген аймағынан тыс қалады. Соңғы отыз жылда Еуропа аумағында еркін жүріп-тұруға үйренген, ең бастысы, Еуропаның басқа елдерімен іскерлік байланысы бар каталондықтар үшін түрлі кедергілер пайда болады. Еркін тауар мен қызмет айналымын жаңғырту үшін Каталония Еуропа одағына мүше болуға өтініш беруге қақылы, бірақ жаңа мемлекетті қабылдау үшін Одақтың 27 мүшесі түгел қолдап дауыс беруі тиіс. Ал Испания Одақ мүшесі ретінде Каталонияға вето жариялайды деген жорамал қисынсыз емес. Үшіншіден, Каталонияның ресми басшылығының солқылдақтығы көзге анық ұрады. Тәуелсіздіктің туын көтерген топтың шынайы мақсаты түсініксіз. 10 қазан күні Үкімет басшысы, яғни Каталония женералитетінің президенті Карлес Пучдемон тәуелсіздік туралы декларацияға қол қойып тұрып, тәуелсіздікті жариялау сәтін бірнеше аптаға шегере тұруды ұсынды. Декларацияға вице-премьер Уриол Жункерас, аймақтық парламент сипкері Карме Форкадель және осы парламенттің 135 депутатының 72-сі қол қойған. Пучдемон парламентте сөйлеген сөзінде «Каталонияның тәуелсіздігі ресми Мадридпен келіссөздер жүргізілгеннен кейін, бірнеше аптадан соң жарияланатынын» мәлімдеді. Бірақ Испаниямен қандай келіссөздер жүргізетіні, не мақсатты көздейтінін ашып айтпады. Барселонадағы парламент сарайындағы көтеріңкі көңіл-күйді, көшедегі ұрандатқан халықтың желпінісін Пучдемонның әлгі ұсынысы су сепкендей басты. Оның мәлімдемесінің мазмұны күңгірт, мәні түсініксіз болғаны сонша, Испания премьер-министрі Мариано Рахой «Каталония тәуелсіздік жариялады ма, жоқ па – соны ашып айтсын» деп, женералитетке 16 қазанға дейін мұрсат берген болатын. Бірақ кесімді мерзім өтсе де, Пучдемон мардымды ештеңе айтпады. «The Guardian» газеті хабарлағанындай, «In the letter, Puigdemont said his government was proposing a two-month window for talks before pressing ahead with independence, but he called on the Spanish authorities to put an end to what he called “the repression of the Catalan people and government» – «Пучдемон өз хатында (16 қазанда жолдаған – Г.О.) өз үкіметінің тәуелсіздікті жариялау ісінде нақты қадамға бару үшін екі ай мұрсат беруін сұрағанын айтты, бірақ ол Испан билігін «Каталон халқы мен үкіметіне қысым жасауды» тоқтатуға шақырды». (Мақаланың сілтемесі: https://www.theguardian.com/world/2017/oct/16/catalan-president-carles-puigdemont-ignores-madrids-ultimatum). Яғни, Пучдемон Каталонияның тәуелсіздік алған-алмағанын ашып айтудан бас тартты деген сөз. Референдум кезінде Мадрид Каталонияға 4 мыңдай полиция қызметкерін жіберген болатын. Олардың кейбір сайлау учаскелеріне халықты жібермей, тіпті сайлаушыларды соққыға жығуы жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Полициямен болған қақтығыста 893 адам жарақат алған. Испан баспасөзінің мәліметіне қарағанда, полиция қызметкерлері әлі біраз уақыт Каталонияда қалады, алайда күш қолдану әрекеттері Мадридке деген наразылықты күшейте түсетіні анық. Пучдемонның аяқ астынан шегініс жасауының мәні бар. Америкалық «Bloomberg» сайты хабарлағандай, егер женералитет президенті тәуелсіздік жарияласа, сол күні-ақ испан элиталық полициясы оны тұтқынға алуға дайын тұрған. Жалпы, Испания мен Еуропа одағы Каталонияның тәуелсіздік алуына барынша қарсы тұруының ішкі себептері де бар. Ең әуелі, Каталония тәуелсіздік алса, Испанияның тағы бір дәукес аймағы – басктер бас көтеруі әбден ықтимал. Басктер басшысы Иньиго Уркулью Рентерия Каталониядағы референдумнан соң: «Басктар мен каталондықтар өз болашағы туралы шешімді өздері қабылдауы тиіс» деген сыңайдағы мәлімдеме жасаған. Ал бұл аймақ тұрғындары каталондықтарға қарағанда әлдеқайда қауіпті екенін түсіну үшін өткен ғасырдың 60-жылдары Еуропаны тітіреткен ЭТА террористік тобын еске түсіру жеткілікті. Әлбетте, Ұлыбританияның Шотландия аймағы да каталондықтарды қолдайды. Себебі өздері Біріккен корольдік құрамынан шығуға асық және тәуелсіздік туралы екінші референдум өткізу идеясынан әлі бас тартқан жоқ. Егер Брекситке қатысты келіссөздер сәтсіз болса, онда Шотландия өзінің экономикалық мүддесін қорғау үшін тәуелсіздікке қарай қадам жасауға тастүйін дайын отыр. Альбион аралының теріскей тұсындағы Солтүстік Ирландия да ара-тұра тәуелсіздік туралы әңгімені қозғап қояды. Ал Еуропаның өз ішінде «сепаратистік» көңіл-күйге алаң екі мемлекет бар: олар Франция және Бельгия. Соңғы кезде Бельгияның бай өңірі Фландрияда ұлттық мазмұндағы ұрандар күшейе бастады. Егер Каталония Испаниядан бөлінетін болса, онда іле-шала Фландрия Бельгиядан «бөлек шығуға» кірісетіні сөзсіз. Бірнеше жыл бұрын Италияның ішіндегі Венето аймағында тәуелсіздік алу туралы бейресми референдум өткен. Жалпы, Италияның бай аймақтары да өз алдына ел болудан дәмелі екендіктерін жасырмайды. Жалпы, еуропалық мемлекеттердің ішкі мәселелеріне қарап отырып, мұнда тәуелсіздік тақырыбы саяси келіссөздердің құралына айналғанын аңғару қиын емес. Белгілі бір жағдайда, ықпал ету тетігі деуге де болар. Әйтпесе, Германия, Францияның өз ішіндегі кейбір ұлтшылдық сарындағы мәлімдемелердің бәрі аймақтардың бөлініп шығу идеясына ұласпайтыны түсінікті. Бірақ қазіргі таңда Еуропада тәуелсіз мемлекет болу ықтималдығы ең жоғары аймақ – Каталония саналады. Қанша дегенмен, бір жарым ғасырдан бері осы мәселені қаузап келеді. Бірақ ендігі шешім саяси басшылардың қолында. Пучдемон не дейді, Рахой не істейді дегенге тіреледі. Иә, мемлекет – халықтыкі, бірақ мемлекеттің тағдыры әркез оның көшбасшыларының қолында.  

Гүлбиғаш ОМАР

 

Ұлыбритания