474
Нұрсұлтан Назарбаев: Аграрлық сектор – экономикамыздың қозғаушы күші
Нұрсұлтан Назарбаев: Аграрлық сектор – экономикамыздың қозғаушы күші
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Министр Мемлекет басшысына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелері жөнінде есеп беріп, оны одан әрі іске асыру жөніндегі жоспарларды баяндады.
Президент еліміздің барлық диқандарын астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады. «Жаз айларының басындағы күрделі жағдайға қарамастан, ауыл еңбеккерлері айтарлықтай көлемде астық жинады. Ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға және өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Жалпы, барлық мәліметтер оң қарқынды көрсетіп отыр», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңызды рөліне тоқталып, осы салаға бөлінген қаржыны пайдаланудың тиімділігінің төмендігін сынға алды.
«Аграрлық сектор экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Оған мемлекет көп қаржы құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ, өкінішке қарай, олай болмай отыр», ‒ деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті биылғы астық жинау науқаны жоғары қарқынмен жүргізілгенін айтты. «Биыл 21,7 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерден болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Белгіленген жоспарға сәйкес, біз тұтынушылық кооперацияны дамытумен, тұқымдық қорды жақсартумен және мал шаруашылығының өнімділігін арттырумен айналыстық», ‒ деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімділігінің көлемін еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып арттыру қажеттігіне назар аударды. Вице-премьер Мемлекет басшысына агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының 12 басым бағытын одан әрі дамытудың арнайы карталарын әзірлеу барысы жөнінде баяндады. Кездесу соңында Елбасы Асқар Мырзахметовке жоспарлардың жүйелі орындалуын қадағалауды тапсырды.