697
"Қазақ хандығы" сериалының жалғасы түсірілуде
"Қазақ хандығы" сериалының жалғасы түсірілуде
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Centaurus Rustem Abdrashev production» компаниясымен бірлесе отырып «Қазақ хандығы. Алтын тақ» (шартты атауы) атты тарихи сериалының екінші маусымын түсіруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тарихи сериал ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілуде. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу екенін атап өткен болатын. Елбасымыздың осы жолдауы фильмнің идеясына негіз болды.
Енді міне, аздаған демалыстан кейін, жасаған жұмысыңа режиссер ретінде емес, қарапайым көрермен ретінде баға беріп, атқарған жұмыстың бәрі де бекер болмағанын түсіндім. Ауқымды сериалдың екінші маусымын қолға алып отырмыз. Түсіру тобына сәттілік тілеймін», - деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.
Он бөлімнен тұратын жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ. Бұл туындыда қазақ хандарының Сығанақ қаласы үшін көрші мемлекеттермен күресі суреттеледі. «Тарихи туындының бірінші маусымы Керейдің хан тағына отыруымен аяқталса, екінші маусымда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, Жәнібектің таққа отыруы суреттеледі», - дейді режиссер.
«Қазақ хандығы. Алтын тақ» сериалы жаз айынан бастап дайындық кезеңде болған. Осы уақыт аралығында режиссерлік сценарий жазылып, қосалқы рөлдерге кастинг өткізілді. Режиссер хикаяның актерлер құрамы өзгермегенін, алайда, жаңа маусымда жаңа кейіпкерлердің пайда болатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи телехикаясының бірінші маусымы үстіміздегі жылы наурыз айында тұсауы кесілген болатын. Сонымен қатар жылдың басында сериалдың кинонұсқасы - толықметражды «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлттық прокатқа шығып, көшбасшы кинотуындылардың қатарынан көрінді.