954
Құттыкент – Сарайшықтың ақша сарайы
Құттыкент – Сарайшықтың ақша сарайы
Жақында «Ақтөбе-лаэти» қорғанынан алтын тиындар мен зергерлік бұйымдар табылды. Археологтар көне қаладан табылған заттарға қарап, көне қалада Сарайшық қаласының ақша сарайы болғанын айтуда.
Ақтөбе-лаэти қалашығы Атырау қаласының шетіндегі Томарлы поселкесінен шығысқа қарай Ақтөбе шатқалында орналасқан. «Лаэти» атауы алғаш рет итальяндық жиһанкездердің жазбаларынан табылған. Кейінгі кездері ғалымдар монетадағы жазулардан «Құттыкент», «Құмкент» атауын оқыған. Қаланың аумағы – 4 гектар. Шамамен мыңға жуық тұрғыны болғанға ұқсайды. «Қала хан ордасы – Сарайшыққа келген керуеншілердің қажетін өтеу мақсатында салынған», – дейді мамандар. «Бізде көшпенділік мәдениет қана болған деген ой қалыптасқан. Қалаға қарап, бізде отырықшы мәдениет болғанын, өндіріс дамығанын көруге болады», – дейді археолог Марат Хусейнов.
Қаланың кейбір жерлері Каспий қайраңында қалып қойғандықтан осы күнге дейін жақсы сақталған. Енді бір ерекшелігі, мұнда қолөнершілердің өз махаллалары болған. Мысалы, бір көшеден сүйектен жасалған бұйымдар ғана табылса, енді бір орамнан алтын монеталар мен ұсталардың жұмыс орны табылған. Өткен ғасырдың 70-жылдары экспедиция ұйымдастырылып, археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары тоқтап қалды. 2012 жылы Халел Досмұхамедұлы атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын қайта жандандырды. Десе де, осы күнге дейін қала аумағы әлі толығымен зерттеліп біткен жоқ.
Ең өкініштісі, алғашқы жәдігерлер сонау кеңес заманында табылып, жүзден астам құнды бұйымдар Мәскеуге жөнелтілген. Бірақ қазір табылған бұйымдардың өзі де өте құнды жәдігер. Мамандардың болжамынша, қаладан табылған алтын, күміс теңгелер, зергерлік бұйымдар шамамен XIII-XV ғасырларға тән. Хан ордалы Сарайшықта 7 хан билік құрған, демек, олардың әрқайсысы өз ақшаларын шығарғаны анық. Ақша сарайы дәп осы қалада болуы ғажап емес. Облыстық өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова бұған дәлел көп дейді. «Бұл жерде алтын жалатылған күміс теңгелердің табылуы ақша шығаратын орындардың болғандығын дәлелдесе керек. Қазба жұмыстарын жүргізу арқылы барлық орындарды ашуға тырысып жатырмыз», – дейді ол.
Өкінішке қарай, кезінде көңіл бөлінбегендіктен көне қаланың біраз бөлігінің үстіне үйлер салынып кеткен. 4 ғасыр өмір сүрген қаланың орнында үйілген топырақ қана жатыр. Қазір көне қаланың орны қоршалып, күзет қойылды. Зерттеу жұмыстары аяқталысымен, Ақтөбе қорғаны толық қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы музей болмақ.