Микронесиені қалай алуға болады?
Электронды пошталарға микронесие ұйымдарынан күн сайын хат келеді. Әрқайсысы лезде ақша рәсімдеп, тіпті төлем картаға салып беруге дайын. Ал кейбіреулеріне барудың да қажеті жоқ. Ғаламтор арқылы өтініш толтыру жеткілікті. Микроқаржы ұйымдары ұсынатын несиенің сан түрі бар: микронесие, микроқарыз, жалақыға дейінгі несие, 18 жастан кейінгі несие, қысқамерзімді, ұзақмерзімді, банктегі несие, тарихы нашар клиенттерге берілетін несие, қолма қол несие, құжатсыз несие, қолхатпен берілетін несие, табыс туралы анықтамасыз берілетін несие. Осының барлығы микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімделеді. Мәселен, «Займер» онлайн несие роботы тәулік бойы несие рәсімдейді. Несиеге берілетін ең көп сома – 200 мың теңге. Үш аптаның ішінде ақшаны қайтарса, үстіне 3500 теңге ғана қосылады. Егер осы аралықта қарыз қайтарылмаса, үстемесі ретінде 40 мың теңге қосылады. Ал күні кеше поштаға «Smartzaim» микронесие ұйымынан хат келді. Мұның басқалардан ерекшелігі – несиені 5 минутта қарайды, келіп түскен өтініштердің 86 пайызын мақұлдайды. Пайыздық мөлшерлемесі – 21 пайыз. Банктегі несиелерден айырмашылығы бұлар сақтандыру мен кепілдікке қосымша қаражат сұрамайды. Есесіне, ақша қайтарылмаса, қарыз да ұлғая береді. «Moneyman» компаниясының түсіндіруінше, несие уақытылы төленбесе, 5000 теңге мөлшерінде бір реттік айыппұл есептеледі, мерзімі өткен әрбір күн үшін несие сомасы бойынша күніне 0,1 мөлшерде пайыз есептеледі, сондай ақ, негізгі қарыз сомасынан күніне 2,74 пайыздан 3,24 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша айыппұл пайыздары есептеледі. Осының барлығын қосқанда, қарыздың екі-үш еселенгенін байқау қиын емес. Қарыз алып көрген пайдаланушылардың бірі мынадай пікір қалдырыпты. «Егер тұрақты жалақың болса, қарыз береді. Өзім солай алып көргем. 14 күнге дейін рәсімдейді, күн сайын 400-600 теңге аралығында комиссиясы қосылып тұрады», – дейді. Енді бірі жылдам ақша беретін ұйымдардан аулақ жүруге кеңес береді. «Жылдам ақша» – микрокредиттік ұйым. Сондықтан да ондағы несиені өтеу мерзімі де қысқа, яғни 2 апта. «Жылдам ақша» ешқандай анықтама қағаздарынсыз тұрақты табысы бар 21 мен 60 жас аралығындағы адамдарға беріледі. Уақытында несиені өтемеген жағдайда үстемақы қосылады. Аталмыш ұйымнан несие алып көрген көптеген адамдар жоғары үстемақы мен несиені уақытылы төлей алмаған жағдайда ұйым қызметкерлерінің дөрекілік танытқандарына шағым жасаған. Тіпті, «Жылдам ақша» ұйымымен соттасқандар көп. Ғаламтор беттерін ақтарып отырып, бұл қызмет түріне ризалығын білдіргендерден гөрі шағымданушылардың көптігін ескеріп, шамаңыз келіп жатса, несие алмауға тырысқан жөн», – деп жазады Қарлығаш есімді пайдаланушы.Қаржы ұйымдары тығырықтан құтқара ма?
Микронесиелік ұйымдар – банк емес. Бірақ қаржы институттары есебінде операциялар орындайды. Қазіргі таңда Ұлттық банкте 100-ге жуық микроқаржылық ұйым тіркелген. Негізінде, микроқаржылық ұйымдар туралы заң 2003 жылы қабылданған. 2012 жылы «Микроқаржылық ұйымдар» туралы жаңа заң қабылданғанда, елімізде 1756 ұйым болған. Қазақстан микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы Статистика агенттігіне мәлімет бермеген. 2015 жылы микроқаржылық компаниялар Ұлттық банкте ұйым ретінде тіркелді. Бұрын кез келген қаржылық ұйымның несие беруге рұқсаты болса, 2015 жылдан кейін микроқаржылық ұйымдардың қаржысы – 30 миллион теңге болғанда ғана несие бере алады. «Кредит 24» компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижесіне сенсек, микронесиеге жүгінетіндердің басым көпшілігі әйелдер – 63 пайызды құрайды. Ерлердің үлесі – 37 пайыз. Бұл статистика әйел адамдардың ерлерге қарағанда несиені көп алатынын көрсетеді. Ең қызығы, ең көп алынатын сома – 15-30 мың теңге. Статистикалық деректерге қарағанда, Алматы қаласында микронесиеге жүгінетіндер қатары қалың. Олардың басым бөлігі – жастар. 18-24 жас аралығындағылар 39 пайызды, 25-30 жас аралығындағылар – 26 пайызды, 31-40 жас аралығындағылар 19 пайызды, 50 жастан жоғарылар 7 пайызды құрап отыр. Көбінесе несиені айлыққа дейін алады немесе басқа да қарыздарына есеп айрысу үшін пайдаланады. Жалпы, Қазақстанда берілген несиенің 67 пайызы оңтүстік астананың еншісінде. Ал микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін шағын несиенің 55 пайызын алматылықтар алады екен. Жеңіл ақша іздегендер микронесиелік ұйымдардың саудасын қыздырып тұр. Негізі Австрия, Австралия, АҚШ-тың 14 штатында, микронесиелік ұйымдарға тыйым салынған. Өйткені банкте рәсімделген несиені төлей алмаған жағдайда несиелік демалыс, қайта құрылымдау сияқты жеңілдік алуға болады. Ал микроқаржылық ұйымда оның бірі де жоқ. Бірақ банктер сияқты олар да несиені коллекторлық компанияларға сата алады. Сөйтіп, қарызын кешіктіргендердің ісімен коллекторлық компания айналыса бастайды. Мұндай жағдайда несиенің бірнеше еселенетіні айтпаса да түсінікті.