Мылтықсыз майдан

Мылтықсыз майдан

Мылтықсыз майдан
ашық дереккөзі
447
Қазір бір мемлекетке соғыс ашу үшін қару асыну керек  емес.. Құпия мәліметтер мен құжаттарын алу үшін тыңшы жіберудің де қажеті шамалы. Цифрлы технология дамыған заманда ақпаратты компьютер арқылы ұрлауға, жүктеуге, таратуға болады. «Қырғиқабақ соғыстың» аяғы жетілген технология текетіресіне ұласқандай. Осындай қым-қуыт заманда мемлекеттер керілген шекарасына емес, киберқауіпсіздігіне алаң. Кибер шабуылдар өршіп барады Банктерді үрейге буған «Петя» вирусы туралы қауесет көп. Бұл – өзін Петя деп таныстыратын вирус. Компьютер мониторында қызыл бассүйек көрінеді де, ақша талап етеді. Сұралған сома берілмейінше, экрандағы бассүйектен құтыла алмайсыз, ешбір операцияны орындау мүмкін емес. Ол қорғаныс бағдарламасы ескірген компаниялардың компьютерлеріне енеді. «Петяның» талабы – 300 доллар. Жалпы, басқа вирустарға қарағанда бұл әккі хакерлердің жұмысы. Өйткені оның шабуылына тап болған ұлыбританиялық ауруханалар мен ресейлік фирмалар тырп ете алмай қалды. «Петя» Голландия, Франция, Данияға дейін барған. Осы оқиғадан кейін көптеген елдер қауіпсіздіктерін, соның ішінде киберқауіпсіздігін қатаң бақылауға алуда. Әлеуметтік желі – адам өмірінің айнымас бөлшегіндей. Көптеген кісілер ішкен-жегені, көрген-білгенін түгел ғаламторға жүктейді. Әр адамның парақшасында өзі туралы мәліметтің бәрі бар: тұратын жері, аты-жөні, байланыс нөмірлері. Шынайы өмірде түсірілген суреттер мен ойларын ғаламторға орналастырып, виртуалды әлем жасақтайды. Мұның  қаупі қандай? «Вконтакте» желісіндегі вирус қолданушылардың келісімінсіз-ақ оларды ақылы қызметке жазып қояды. «Касперский зертханасы» өкілдері вирус хакерлер тарапынан шабуылға ұшыраған ойындарды жүктеу арқылы жұғады дейді. Ол ойындар «Вконтакте» топтарында жарияланып тұрады. Әлеуметтік парақшаға орнатылған ойынның әкімшісі белгілі бір құқықтарға келісім сұрайды. Содан кейін кез келген мәтінде смс жіберуді талап етеді. Келісімін алған соң вирусты өшіру мүмкін болмайды. Вирус қолданушыны ақылы қызметтерге қосып, есепшоттағы қаражатты жұмсай береді. Бұл келісімге жауап бермесе есепшотқа қол сала алмайды. Алайда парақшада үнемі шығып тұратын болады. Бұл вирус осы күнге дейін Ресейде 4 мың, Қазақстанда 300-ден астам құрылғыларға таралып үлгерді. Қаржы бопсалаудың тағы бір түрі – андроид ұялы телефондары арқылы жүзеге асырылады. Ұлттық банктің вирустық шабуылдарға қатысты жасаған мәлімдемесінде кейбір мемлекеттерде мұндай оқиғалар жиі тіркелетіні айтылған. Нақтырақ айтқанда, смс хабарлама ретінде телефонға сурет немесе видео сілтемемен келеді. Телефоннан жаңағы суретті ашқан кезде телефон жадына еніп, жүйені бұғаттай қояды да, ұялы банкинг арқылы есепшотындағы бар қаражатын сыпырып әкетеді. Ал Facebook қолданушыларын бопсалайтын вирустың жұмыс тәсілі бұдан сәл өзгешелеу. Мұнда вирус пайдаланушының парақшасын, телефонын бұғаттамайды. Тек ол туралы барлық мәліметті көшіріп алады да, оның телефоны мен компьютеріндегі бар құжатты көпшілікке таратпауы үшін 50 доллар шамасында қаражат сұрайды. Қаржыны терминал арқылы салу керек. Тек осыдан кейін ғана вирус парақшадан жоғалады. Мамандар Google бағдарламасынан осындай екі вирусты анықтаған. BBC ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Ресей мен Тайвань аймағындағы серверлерге зияны тиген «Wannacry» вирусы талай жерді шарпыған. Англия, Испания, Италия, Германия, Португалия, Түркия, Украина, Қазақстан, Индонезия, Жапония мен Въетнам елдерінің компью­­терлік жүйесіне дәл осындай шабуыл жасалған. Мысалы, елімізде Қашаған кенішінің компьютерлік жүйесіне шабуыл жасалды. Ол жүйені бұғаттап, бірқатар мәліметтер алмақ болған. Бірақ хакерлік шабуыл өндіру жұмыстарына әсер еткен жоқ. Қашағанның баспасөз қызметі Теңіздің жасанды аралдарындағы өндіріс пен құрлықтағы «Болашақ» кешенді өңдеу зауытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатқанын мәлімдеді. Дәл осы вирустан бір мезетте әлемнің 74 мемлекеті зардап шекті. Мамыр айында хакерлер мыңдаған мекемелер мен компаниялар, арнаулы қызмет органдарының компьютерлік жүйесіне шабуыл жасады. Касперский компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, бұл жолғы шабуылдан Ресейдің Ішкі істер министрлігінің қиырдағы бөлімшелерінің серверлері бұзылған. Кибер қылмыспен айналысатын хакерлер Испанияның телекоммуникациялық компаниясына зиянын тигізген. Сонымен қатар Румынияның ақпарат тарату  қызметінің сервері де істен шыққан. Хакерлер істен шыққан бүкіл компьютерлік жүйе бағдарламасын қайтадан қалпына келтіру үшін арнайы сатып алу бағасын 600 доллар деп бекіткен. Қазір әлем елдері бұл вирустан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Понемон институты жасақтаған статистика бойынша кибер қылмыстан ең көп ақша жоғалтқан – Америка Құрама Штаттарының жетекші кәсіпорындары. Олар кибер қылмыс шабуылынан 15,42 миллион доллар жоғалтқан. Арада аз уақыт салып Германияның жетекші кәсіпорындары кибер шабуылдан 7,5 миллион доллардан айырылды. Сонымен қатар Жапония, Ұлыбритания және Бразилия сияқты елдердің кәсіпорындары кибер шабуылдан 6,81 миллион, 6,32 миллион және 3,8 миллион АҚШ долларын жоғалтқан екен. Елбасы кибер шабуылдан абай болуды тапсырды Цифрлық технологиялардың пайдасы зор, қауіп-қатері де аз емес. Отандық сайттардың 90 пайызы вирустан қорғалмаған. Қазақстан кибер шабуылға жиі ұшырайтын елдер тізімінде 16-орында. Жыл сайын отандық сайттарға 100 мыңға таяу хакерлік шабуыл жасалады. Былтыр Астанада өткен IT мамандарының басқосуында хакерлер ақша бопсалау мен ақпарат ұрлауды былай қойып, вирусты мемлекеттердің экономикасын күйретуге пайдаланады деген еді. Кибершабуылдарды зерттеу орталығының мәлімдеуінше, былтыр Сыртқы істер министрлігінің сайтына шабуыл жасалған. Үш күн бойы министрліктің интернет ресурсына кірген қолданушылардың компьютері де зардап шеккен. Сонымен қатар электронды үкімет – egov порталына жасалған шабуылды мамандар дер кезінде тоқтатып үлгерді. Ал Түркиядағы электронды үкімет сайтына жіберілген вирустан жоғары лауазымды мемлекет қызметкерлерінің мекенжайы мен құжаттары жария болды. Сауд Арабиясы кибершабуылдың кесірінен 16 күн бойы мұнайды тегін таратқан. Хакерлер үкіметтің мұнай сату бойынша төлемдер мен қарыздар туралы есептерін жойып жіберген. Осы орайда Германия киберқауіпсіздік бойынша министрлік ашпақшы, ал Қытай арнайы заң қабылдады. «Соңғы уақытта байқап отырғанымыздай, ақпараттық желілер мен ресурстарға хакерлік шабуылдардың жаңа жаһандық қатерге айналып келе жатқанын байқап отырмыз. Қазіргі уақытта біз өмірімізді цифрландыратын «Ақпараттық Қазақстан» бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. Цифрландырумен бірге қабаттасып киберқауіпсіздік те келеді. Біз бұл мәселені талқыладық. Мемлекет болуы үшін қажетті қаржыны құю керек», – деп атап өтті таяуда Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының атап өтуінше, бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақ және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында да көтерілуде. «Мұндай қауіптерді жою үшін Қазақстанның сенімді кибер қалқанын құру қажет. Бұл процесте маңызды рөл қуатты кадрлық әрі зияткерлік әлеует шоғырландырылған ұлттық қауіпсіздік органына беріледі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кибершабуылдар өрши бере ме? Кибершабуылдардың көпшілігі Обаманың есімімен қатар аталатыны үйреншікті жайт сияқты. Обама Иранға қатысты кибершабуылдарын ешқашан жасырған емес. Иранның ядролық қару бағдарламасын бұзу үшін шабуылдарды үдетуге пәрмен бергені де есте. New York times басылымы Обаманың кибер қауіпсіздік туралы пікірін жариялап, онда хакерлер мен вирустар – Қытай, Иран және Ресейден келеді деп мәлімдеген. Соңғы кездері Ресей мен АҚШ арасындағы кибершабуылдарға байланысты кикілжіңнің туындағаны белгілі. Бұрынғы  әкімшіліктің  айтуынша, АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің шабуылдары ықпал еткен. Нақтырақ айтсақ, Трамптың президент орынтағына келуіне Кремль көмектескен. Сөйтіп сайлау дауыстары компьютерлік вирус арқылы түзетіліпті-мыс. Бірақ Трамп: «Егер бұрынғы әкімшілік сайлау процесіне өзгелердің қол сұққанын көрген болса, неге тоқтатпады» деп жазды твиттердегі парақшасына. Бұл айыптауларға қатысты пікірін Владимир Путин америкалық режиссер Оливер Стоуннің  фильміне берген сұхбатында түсіндіріп берді. «Біз ешқандай хакерлік шабуылмен айналысқан жоқпыз» деп ашып айтты. Оның топшылауынша, бұл ішкі саяси күрестің бір құралы ғана. Жалпы, кибершабуылдан кез келген мемлекет зардап шегуі мүмкін. Жақында Microsoft компаниясы барлық операциялық жүйелерді жаңартып, жаңа вирустан қорғай алатын тетікті бекітті. Алайда хакерлердің бұл қорғанысты да айналып өтетін жолды ойлап таппасына кім кепіл? Ең сорақысы, вирустар мемлекеттер арасына от салып, соғыс өртін тұтатуы мүмкін. Сондықтан Елбасы жақында киберқауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлуді тапсырды. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен терроризмнің алдын алу жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан Президенті қазіргі кезде цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл ретте кибер қауіп-қатерге және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру қажеттігін атап өтті. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам өмірі мен мемлекеттің барлық саласында кездеседі. Сондықтан мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда цифрлық технологияларды дамыту мақсатын қойдым. Оның пайдасы зор, бірақ оны енгізумен бірге кибершабуылдар жасау қаупі де туындайды. Сол себептен Қазақстан оған дайын болуға тиіс», – деді Елбасы.    

Серіктес жаңалықтары