Аңызға  толы Ақбауыр

Аңызға  толы Ақбауыр

Аңызға  толы Ақбауыр
ашық дереккөзі
Даламыздағы тарихи ескерткіштер сәулет өнері тұрғысынан келгенде қаншама әрқилы болса, жеріміздегі киелі, қасиетті орындар да саяси, мәдени, тіптен діни тұрғыдан да әрқилы мазмұнға ие екенін білеміз. Жеріміздегі осындай тарихи ескерткіштеріміздің бірі Шығыс Қазақстан облысындағы «Ақбауыр» комплексі. Ғалымдардың зерттеуі бойынша өз бастауын б.д.д. IV-VI ғасырдан алатын жәдігер төңірегінде дау-дамай басылмай тұр. Археология ғылымы біздің дәуіріміздің орта ғасырларынан арыға бара алмай жүргенде, алты мыңжылдықты артқа тастаған «Ақбауыр» оқырман қызығушылығын тудырады деп сенеміз.

Жол басы

 Алдымен Сібе көлдерін, артынша Аблаикит-Қалмаққорғанды артқа тастап, жатаған төбелердің арасымен мың бұратылған қостабан қара жолдың сорабын қуалай Қалба тауларынан ұзай бердік. Өскемен-Ленинка тас жолының айрығына жетіп тоқтаған соң, көз ұшында қарауытқан Алтай шыңдарының сұлбасына қызыға қарап тұрып қалыппын. Жол бойы мені қағытудан қолы тимей келе жатқан Борис-дос: – Куда?.. Куда смотришь, жих-хан-кез?.. Ғажайыпты алыстан, Өр Алтайдан іздегің келеді, ә?.. – деді қулана күліп. – Не керекті Төр Алтайдан тауып берсем ырзасың ба?.. – Қайдағы Өр Алтай?.. Өскеменнің қасында жүр емеспіз бе?.. – Оның рас енді... Сен осы шын жих-хан-кез болсаң ары-берісі атшаптырым Қалбатаудың ішіндегі ескеркіштерге ғалымдардың тісі неге батпай жүргенін айтшы? Ойланып қалдым. Бір қарағанда білетін де секілдімін. Бірақ өзім секілді көп жазушының бірі емес, бүкіл ғұмырын Алтай табиғатын зерттеуге арнаған кәсіби ғалымның алдында тілімді тістеймін ғой баяғы. Өйткені жақыны мен жанашыры жетіп артылар Алтай жоқшыларының ішінде Борис Васильевич Щербаковтың жөні бөлек. Әр өлкенің табиғатына тартып туған біртуар перзенттері болады. Әдетте туған өлке біртуар перзенттерінің бағын ашса, күндердің күнінде сол туған жерінің жоғын жоқтап, бары мен нарын түгендейтін де солар. Алдымыз асу. Асу болғанда Алтай таулары мен Қалбатауды екіге бөліп тұрған тау асуы. Осы жерде Алтай мен Қалбатауды бөліп айтар жөніміз де бар. Қаймана қазақ Алтай тауларының бір сілемі санайтын Қалбатаудың жолы да, жөні де бөлек. Түптеп келгенде қожыр-қожыр қара тастарының тұла бойы шыт-шыт жарылып кеткен мына Қалбатау Алтайдың арғы атасы. Арғы атасы емес-ау, арғы бабасы. Алтай таулары әлі күнге өсуін тоқтатпаса, бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқтығын дәлелдегісі келгендей Қалбатаудың қырат-қырқасы жыл санап шөгіп, шөнжіп барады. Иә, білетін секілдімін. Өйткені өзім де қарт Қаратаудың соңы, мүжіле-мүжіле қырат, қырқаға айналып кететін Қарамұрында дүниеге келгенмін. Таулардың кәрісі мен жасы болатыны секілді тарихтың да кәрісі мен жасы болатынын білем. Кәсіби ғалым болмасам да бүгінгі ғылым кәрі тарихтың тереңіне бойлай алмай жүргенін сезем. Адамзат өркениетінің тарихын бес-алты мың жылдан асыра алмай, одан арғыны аңыз-әңгімелерден суыртпақтап жүрген ғалымдарға жаным ашиды. Қазір де бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тоғыз жолдың торабы, облыс орталығы Өскеменнен отыз, қырық шақырым жердегі тарихи ескерткіштерге ғалымдардың тісі батпай жүргенін ойлаймын ғой баяғы. Бірақ дәл қазір мені қинайтыны басқа, тіптен басқа мәселе еді. – Қалбатау мен Шілікті жайлы деректі кино түсіргенімді білесің... Ешкімге керегі жоқ... Киноны айтпаймын, Аблаикит пен Ақбауырды, ана Алтын адам табылған Бәйгетөбені айтам... Аспан астындағы мұражай болмағанмен, туристік маршрут ашуға болады ғой... Жер түбіндегі Берел емес, тиіп тұрған жер, тоқсан жолдың торабы... – «Лучше поздно, чем никогда» дейтін біздің орыстар... Зейнолла Самашевтің арқасында Берелдің тарихын төрт мың жылдан асырдық... Ал Қалбатаудың тарихы ең берісі алты мың жылдан асып жығылады. Сенбей тұрсың-ау, ә, жих-хан-кез... Бұл ғылыми жағынан дәлелденген шындық. Оны Ақбауырға барған соң өз көзіңмен көресің... Бұрын болып па едің онда?.. – Болғанмын... Қонып та шыққанмын... Менің «қонып шыққанмын» деген сөзімнен кейін Борис-достың алдында беделі түскірдің бір саты көтеріліп қалғанына сенімді едім. Енді тау асуын бетке алып, мың бұратылған күре жолдың табанын қуалай биікке тартып келеміз. Ақбауырға апарар жолда әңгімеміз Қалбатау мен Тарбағатай тауларының жас мөлшерінен ұзамай қойды. «...Әлемдегі ең үлкен, ең алып құрлық Азияның кіндігінде, өзінің қырат-қанаттарын; оң жақта – Саян мен Байкөл арқылы Тынық және Мұзды мұхиттардың қосылысына; сол жақта – Ерен қабырға мен Памир арқылы – Гималайға, Каспий мен Қара теңіздердің қосылысына дейін жайып жатыр ғой... Оңтүстік-Шығыста оның қанаттары – Моңғолия мен Қытайға, Тибет пен Индияға, ал Солтүстік Батыста – бүкіл Сібір, Мұзды мұхит пен Оралға жетіп жығылады... Мұзға оранып тоғыз биік жатады; санар болсақ – Катун мен Чуй, Чулышман мен Сайлюген, сосын... Нарым, Коргон, Иван, Холзун және Абакан... Алтайда басын мәңгі қар жапқан биіктердің ұзын саны жиырма бір, жоғарыда айтқан тоғыз биіктен басқа – Анын, Салайыр, Бұқтарма, Ану, Шергі, Басшелек, Тігірек және Қарлыхан...» Менің «Бұлардың ішінде Қалбатау мен Тарбағатай жоқ. Өйткені олар Алтайдың сілемдері емес, өз тарихы, өз тағдыры бар дара таулар» деген пікіріме Борис те қосылды. Иә, адамзат өркениетіне келсек, адамдардың биік шыңдарды емес, жатаған тауларды мекендегені шындық қой. Ал «ашық аспан астындағы мұражай» мәселесіне келсек... – «Аспан астындағы мұражай» – ауқымы кең ұғым... Ана Айыртау мен «Монастыриді» қосқанда, ары-берісі мың шаршы шақырым жер. Мұражай болмағанмен, заказник ашуға болады ғой, – деді Борис күрсініп қойып. Иә, солай. Ары-берісі мың шаршы шақырымдық мұражай. Көптеу емес пе?..

Асудан ары – асу бар

 Алтайда не көп – асу көп. Сосын... Сол асулар жайлы аңыз көп. «Асудан ары – асу барын» білген атаның ұрпағы емеспін бе, соңғы он бес жылда Алтайдың талай асуынан асыппын. Бір өкініштісі, бұған дейін Қалбатаудың Алтайға ұласар асуының кіре беріс аузындағы бүгін өзіміз арнайы іздеп келе жатқан Ақбауырға екі рет қана ат басын бұрған екенмін. «Қолда бардың қадірі жоқ». Ақбауырға алыстан ғана көзайым болып жүрген жалғыз мен бе екем деп жұбатам ғой өзімді... ...Біз Бестерек биігіне көтерілгенде мана ғана Алтай тауларының төбесіне ілініп тұрған күн табағы қызара байып, батыс көкжиекке қарай құлап бара жатты. Ал біз қарсы алдымызда үңірейіп жатқан алып шұңқырға үңіле қарап тұрдық. Көз ұшындағы үшкір пирамида – кәдімгі Қоржымбай тауы, әрине. Батыс бетте қылаңытқан гранит тау – Қызылтас. Кәдімгі осыдан жүз жыл бұрын Төр Алтайға сапарлап келген жазушы Георгий Гребенщиковтің назарына ілінген – жер төресі Қызылтас. «...Жалаңаш жатаған таулардан ерекшеленіп, Қызылтас көк мұнара сияқты мұнарадай тік шаншылып, асқақтап тұрады. Орыстар оны Колокольня, қазақтар Қызылтас деп атайды. Қызылтастың ұшар басын жүздеген шақырым айналаны көретін тақта отырған мәңгілік дала патшасы дерсің. Және оған бәрі бағынады: ол көсілген кеңістікке билік етеді. Әуелі бұлттар да даланың қай қиырын кезсе де аймаласын дегендей баяу қалқып Қызылтасқа соқпай кетпейді. Қызылтастың қабырғасында сансыз мыңдаған жылдардың таңбасы бар, ал жел мен жаңбыр өз өрнегін қалдырған. Қызылтастың шыңына дала аңшыларының сүйіктісі қыран бүркіттен басқа ешкім шығып көрмеген. Қызылтас шыңының биігіндегі гранит қалқаға баяғыда, мүмкін мыңдаған жыл бұрын шығар, қырандар ұя салған, сол бүркіттер шаң мен тас жаудырған мазасыз боранмен жағаласып өсіп, өнуде. Әр күздің басында жас бүркіттер зеңгір аспанда самғап, шаңқылдап даланы кеңінен айналып жүреді...» Сол Қызылтастың етегіне жантайып, жалпайып жатқан – Сорокин қырқасы. Сонау төменде қыз бұрымындай мың бұратылып Ұранхай өзені ағады. – Көрдің бе, жих-хан-кез?.. – деді Борис-дос. – Көрдің бе?.. – Көрдім, әрине. Қоржымбай таудың етегінде қанқызыл түске боянып жатыр екен, жарықтық. Ақбауыр ғой, Ақбауыр. Кешкі күннің шапағына шағылысқан гранит тастары қып-қызыл-ау, қып-қызыл. Біз тұрған тұстан қарағанда, жаңа сойылған малдың қан-жынымен аралас шұңқыр ішіне лақтырып тастаған мал бауырына ұқсайтын секілді ме, қалай? Ақ бауыр емес, қаны сыртына шыққан қызыл бауыр ғой мынау... Ғылыми тілде осы Ақбауырды әркім әрқалай атайтыны ойыма оралды. Қарауытқан Алтай тауларының баурайында ағараңдап жатқан Қоржымбай тауына қаратып айтса, Ақбауыр десе, Ақбауыр. Осыдан он шақты жыл бұрын келгенімде, ақын досым Женя Курдаков тау атауын «младший брат» деп түсіндіргені есімде. Төбесінен бұлт ұшпайтын Алтай шыңдарымен салыстырғанда, көз ұшында бұлаңытқан Қызылтас пен Қоржымбайдың «кіші бауырға» келетіні де рас. «Ақ» сөзінің түпкі мағынасы түркі тілінде «қасиетті» деген ұғымды білдіретіні де рас. Рас. Өз басым ғайыптан тайып гранит таулардың денесінен бөліп алып шұңқырға лақтырып тастаған мына ғажайыпты адамның, иә, кәдімгі ақ ниетті адамның бауырына ұқсатқым келсе қайтейін... Көп ұзамай Ұранхайдың батыс жағалауында қаптай жайылған ірі қара мен ұсақ малдың ара-арасымен Ақбауырдың үңгіріне жақындай бердік. Үңгірдің кіре берісіндегі саты тастардың үстінде ойнақтап жүрген бірнеше ешкі машина даусынан үркіп, жерге секіріп түсті де, үңгіртасты айналып жоғалды. Кебенек келгір Шекшек ата тұқымынан тартып алған тас орындықтың үстінде шоқиып отырмыз. Алдымызда үш аяқты тас стол. – Мұны альтар тас деп атайды, – деді Борис стол тасты сипалап қойып. – Кәдімгі құрбандық беретін, талай қой мен жылқының қанын мойнына жүктеген тәу ету орны... Үштағанын орнатып үлгерген оператор камераны Бориске қарай бұра берген. – Не айтуым керек?.. Серік айтсын... Мал мен құрбандық жайын менен гөрі жақсы біледі ғой... – деп қулана күлген Бористің даусы құлағыма жағып-ақ кеткені. Қалтамдағы конспектіге жүгінемін ғой баяғы. Мынау – Николай Рерихтің Алтай экспедициясы кезіндегі жазбалары... «Мына өзендер, шатқалдар мен көне қалашықтардың аты да әсем әуен, үйлесімді дабысқа сұранып-ақ тұр. Қанша халық, қаншама ел өз әуенін, өз арманын сол дабысқа сыйдырды десеңші. Мұнда келген-кеткен көшпенді тайпалардың ізі сайрап жатыр...» Мынау тарихшы-философ Лариса Шапошникованың жазбалары... «Халықтар көші қажеттіліктен туған деседі. Оларды жаңа кеңістіктер мен құйқалы жайылымдықтар қызықтырды. Бұл қозғалысқа жолы болғыш көршілердің береке-байлығы да әсер еткен шығар. Бірақ тек осы ғана ма?.. Отырған орнын оп-оңай тастап, алыс қиырларға жол тартуға себеп болған қандай күш?.. Ішкі еркіндік, жаңа жерлерді, алыс та түсініксіз қиырларды, беймәлім тылсым дүниені көруге деген құштарлық, құпия көкжиектің шекарасын аттасам деген балалық аңқау талпыныс... Егер табиғи қажеттілік оның тұла бойын билесе, құштарлық пен талпыныс олардың жан дүниесін билеп алғаны анық...» Иә, табиғи қажеттілік... Бұдан арғысы оңай. Микрафонды кеудеге қадап жіберіп, сайрайын келіп, сайрайын. «Алтайда не көп асу көп. Ішінде отыз-қырық шақырымға созылатындары да бар. Сол асу-шатқалдар – әсіресе малға қауіп. Ауа-райы кенеттен бұзылып, жаңбыр жауса, асудың табанымен келе жатқан малды су шайып кетуі мүмкін. Сондықтан малшылар асудың кіреберіс етегінде аялдап, ауа-райының аңысын аңдитын болған. Мал мен жанның амандығы үшін құрбандық шалған... Меніңше, Алтай асуының етегіндегі Ақбауыр осындай орын. Бір деп қойыңыз... Екіншіден, келе-келе сол құрбандық шалатын орынға төбесі тесік бақсы-балгерлерін отырғызып, жыл мезгілдеріндегі ауа-райын зерттеуге мүмкіндік жасаған... Сол орындар келе-келе, бүгінгі тілмен айтқанда, кәдімгі ғылыми орталықтарға айналған. Ал тәу ету орындарына айналып кеткені кейіннен ғой... Енді тәу ету мәселесіне келсек, бұл да өзіміздің көшпенділерге тән киелі ұғымдармен астасып жатыр. Алдымен – аспан, сосын – жер, екеуінің арасын алып ағаш – бәйтерек жалғайды. Ал бүгінгі жағдайда мына саты тастар арқылы жоғарыға көтерілсең, аспан мен жердің ортасындағы үңгір екі тылсым дүниенің арасын жалғап тұрған киелі орын. Ақбауыр – мифологиялық ұғымнан туған модель. Модель болғанда кішірейтілген модель, әрине...» – Болды ма?.. – Болды... – Әй, жрецтер мен шамандар жайлы айтпадың ғой... – Қазақшаға келгенде төбесі тесік Борис-дос жымың-жымың етті. – Қазақтың бақсы, балгері жрецің мен шаманыңа сабақ үйреткенін білемісің?.. Сөз кезегі Бористе. Жетпістен асса да түр-түсін бермеген қария-жігіт күмістей жылтылдаған ұзын шаштарын ретке келтіріп, көйлегінің жағасын түзеп, түймелерін түгендеп шыққан соң... «Ақбауырға қатысты ғалымдардың миға қонатын дәлелдерін құрметтей отырып, өз басым бірнеше мәселеге күдікпен қараймын. Осыдан алты мың жыл бұрын, жаратылысты тануда материалдық мәдениеті қалыптаса қоймаған адамдар астрономия мен Зодиак таңбаларын қайдан ғана білген десеңші. Жартылай жабайы тайпаларға бұл не үшін қажет болды деген сұрақ тағы бар. Олай болса жанбағудан аса алмай жүрген біздің замандастарымызды осы сұрақ неге толғандырмайды?.. Одан қалды кейінгі замандарда мәдени дамудың біршама жоғары сатысына көтерілген көшпенділер осы бағытты неге алға апармады?.. Қазба жұмыстары кезінде олардан қалған ескерткіштердің ішінен алты мың жыл бұрын дүниеге келген осындай таңбаларды неге кездестірмейміз деген сұрақ тағы бар... Басқа басқа, астрономия саласында олардың данышпан болғаны анық. Ақбауырдың Зодиагы көне заман тұрғындарының астрономия саласындағы терең білімдерін көрсететін әлемдегі санаулы орындардың бірі деп айта аламыз...» Иә, осылай, дәл осылай деді. Бұл сөздер видеотаспаға жазылып, теледидардан көрсетілгендіктен, әр сөздің ақиқат екендігін айтып миыңызды ашытып жатпаймын. Жаратылыстану ғылымынан кандидаттық қорғаған Борис-дос мен үшін ең алдымен жазушы. Натуралист жазушы. Бір-бірімізді қырық жылдан бері білеміз. Сырмінезбіз. Екеуміз де Максим Дмитриевич Зверевтің шәкіртіміз. Натуралистік әдебиет тұрғысынан келгенде бәлкім, мен дана қарияның шәкірті болсам, ал Борис-досты әріптесі десе де болар. Сырмінезбін дедім ғой, мен оны қашан да қабағынан түсінетін секілді едім, дәл осы жолы түсіне алмаған секілдімін бе, қалай? Ақбауыр он сегізінші ғасырдан бері зерттеліп келеді. Қоржымбай таудың етегінде қона-түстеніп жатып жұмыс істеген Владимир Иконников пен Леонид Марсадолов, Зейнолла Самашев пен Евгений Курдаков Ақбауыр феноменін адамзат дамуының неолоит, қола дәуірлерінен іздеп жүргенде менің жазушы досымның сонау тас дәуірінен барып бір-ақ шыққанын көрмейсің бе? Жазушының аты жазушы, әрине. Жазушы болғасын оның деректеуі мен дәйектеуі болатыны белгілі. Бәлкім... Артынша қайталап сұрадым. «Қазба жұмыстарына тікелей қатыспасақ та, көріп-біліп жүрміз ғой. Жер астының мәдени қабатынан көне өркениет ескерткіштері күн сайын табылып жатыр. Ішінде адам қолымен жасалған бүгінгі өркениет нысандарынан асып түсетіндері де бар... Ал сол ескерткіштердің ішінде астрономиялық қажеттілікке пайдаланылған жазба жәдігерлер немесе құрал-жабдықтар неге жоқ? Ұлықбек обсерваториясының салынғаны күні кеше. Ақбауыр секілді астроархеологиялық ескерткіш жер бетінде санаулы ғана...» деген. Иә, солай, санаулы ғана деген. Жер бетінде жалғыз ғана десе қайтер едім. Өркениетті адамзат баласының аузынан түспей келе жатқан Англияның «Аспалы тас» – Стоунхеджінің атақ-даңқынан қаймыққан шығар. Туысқан қырғыздардың Ақшұңқыр үңгіріндегі тастағы суреттер мен өзіміздің Жасыбай көліндегі құпия үңгірдің жай-күйін білгендіктен айтқан шығар. Менің де білмейтінім жоқ. Ош қаласындағы Сүлеймен таудағы үңгірде бірнеше рет болғанмын. Қырғыз ағайындар осы үңгірді адамзат алғаш рет мекен еткен орын ретінде әспеттеуден жазбай келе жатқанына таң қалғанмын. Әр елдің өз ғажайыбы өзіне, әрине... Осындайда «алғашқы адам қазақ тілінде сөйледі» деген секілді «алғашқы адамзат баласы қазақ жерін мекендеді» деп айтып жібере жаздап аузың қышып тұрады екен. Аузымды ашып қалыппын. Алыс-жақыннан келіп зерттеген ғалым атаулы Ақбауырдың тарихын төрт мың жылдан асыра алмай жүргенде алты мың жыл дегені қай сасқаны... Мен білетін Борис-дос қарабайыр көп білгіштің бірі емес, нақты ғылымның, нақты ғылыми дәлелдердің адамы секілді еді. Оның үстіне бүгінгі сөз саптасы «өте ерте замандарда болған... адамзат қарекетінен тыс... сырттан келген өркениет» деген ұғымды ашық меңзеп тұрғандай ма, қалай?.. Қалай дегенде де Борис-досқа ішім жылиды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас. Бүкіл салт-дәстүрі, мәдени таным-түйсігі, ауыз әдебиеті ішкі, сыртқы ғажайыптарға сенуден тұратын қазақ ата баласының ортасында өсіп-жетілген елдің баласы ғой... Өзімнің ұшқалақ екенімді білем. Бірақ менің ұшқалақтығым Бористің жанында жіп есе алмайды. Алғашқы сұхбатты бітірер-бітірместен тайып тұрсын. Жәй кетпей жанына операторды ерте кетсін. Қарақшы тас орналасқан алаңның жанында тұрып, батып бара жатқан күннің соңғы жұқанасын түсіруі керек. Мен болсам «жоғарғы ғарыш әлеміне апарар» қатпар-қатпар гранит саты-баспалдақтарды құлдап тас үңгірдің үңірейіп жатқан аузына қарай көтеріле бердім.

Аталардан қалған үңгір

Тас төбеден құйылып түскен болымсыз ақшыл сәуле болмаса, үңгір іші тастай қараңғы еді. Аздап көзім үйренген соң сипаланып жүріп қарсы беттегі тас сәкіге барып отырдым. Кәдімгі тас сәкі. Мұздай суық тас сәкінің беті жып-жылтыр да, аяғымның асты теп-тегіс. Қараймын келіп, қараймын ғой баяғы. Бұрыш-бұрышта қаракөлеңке үймелейді. Сол қараңғылықтың ішінен әлдекім сығалай қарап тұрған секілденеді. Үңгірдің ішіне жарық екі жақтан құйылып жатқанын байқаймын. Батар күннің қызғылт шапағы үңгірдің үңірейген аузы арқылы мен отырған төрге түссе, төбедегі дөңгелек тесіктен түскен жарық қарсы алдымды жарықтандырып тұр. Аумағы сегіз қанат киіз үйдің аумағындай үңгірдің ішкі көрінісі де киіз үйге келеді. Киіз үйге ұқсататын мен, әрине. Ақбауырды Ібір-Сібір беттен келіп зерттеген ағайынның (ішінде кәсіби ғалымдары да бар) сібірліктер тұрағына ұқсатып жүргендері де аз емес. Түп тамыры Сібір жұртынан тарайтын Анисимов Ақбауырды туваның чумына ұқсатса, бала күнінде осы үңгірдің ішінде ойнап өскен, кейіннен қазақ археологиясының алыптарының біріне айналған Зейнолла Самашев: «... Ертеде өмір сүрген адамды төбесінде шаңырақ іспеттес тесігі бар, киіз үй тектес тұрақтың киіз үй секілді (конус фигурасына жақын) ішкі қалпы қызықтырған болуы керек. Жартастағы табиғи қуыс – киіз үй тектес (шалаш, чум) тұрақты адам қолынан шыққан кеңістікке балап, сол арқылы «әлем моделі», макро-микрокосм ретінде қабылдаған. Тұрақты (немесе ыңғайлы) адам тұрағы іспеттес, оның үстіне кеңістікке қай жағынан да ғарыш тәртібіне сай орналасқан «қасиетті орын» айналасын тіршілік қоршаған жер кіндігі десек, кәдімгі киелі орын болады да шығады...» деп жазған болатын. Кәдімгі киіз үйде шыр етіп дүниеге келген, аяғын тәй-тәй басқаннан қозы, лақпен ойнаған, шежіре көкірек атасының әңгімесін құлағына құйып өскен қазақ ата баласының түсінік-түйсігі ғой бұл. Жеме-жемге келгенде денесі тоңғанда күншуақты сағалап, қарны ашқанда өзен-суды жағалап тірлік кешкен терімшілік дәуірден соң бойында санасы бар адам ата баласы келе-келе от жағуды үйренсе, күндердің күні болғанда сол оттан шыққан түтіннің үңгір төбесі арқылы жоғарыға көтерілетінін көрмеді дейсің бе? Одан ары киіз үй мен от-ошақ, ошақтан шыққан түтінді жоғарыға қарай айдайтын шаңырақ мәселесі де шешіліп қалады. Аспанға қарап алағзыған адамның тас төбеде қатып тұрған Темірқазықты, шөміш басы сол Темірқазықты шыр айналған Жеті қарақшыны, таң біліне жарқырап туған Шолпан жұлдызды көрмеуі, байқамауы мүмкін бе? Малы-жанын, дүние-мүлік, қазан-ошағын, тіптен тұратын тұрағын да өзі қолға үйреткен Ойсылқара баласына тиеп алып, Темірқазықты бетке алған сол адам жолшыбай «Сәуір болмай – тәуір болмайтынын», жаздың бел ортаға келгенінен хабар беретін Үркер амалынан соң Сартамыз туып, шөп басының сарғаятынын да сезіп, білген ғой. Қандай оп-оңай десеңші. Иә, кәдімгі табиғаттың төл перзенттеріне тән сезімталдық пен байқағыштық қана. Иә, иә, әркімнің өз Зодиагі өзіне... Сосын... Сосын шекара дегеннің не екенін білмейтін көшпенділердің өзі секілді жыл құстары тағы бар. Иә, жұлдыздары жамыраған көк жүзімен жылдың бір мезгілінде ұшып өтетін жыл құстары... Жыл құстары кешігіп жатса, көктемнің кешігіп келетінін байқау қиын болып па?.. Қанша дегенмен, кәсіби құс маманы орнитолог қой, осыны Ақбауырдан адам санасынан тыс күштердің ізін іздейтін Борис-досқа айтсам деймін... Үңгір ішіндегі қараңғылық қоюланып, бұрыш-бұрыштағы көлеңке басы ұзара түскендей ме, қалай? Жападан-жалғыз елегізіп отырғанымда сырттан дабырлай сөйлескен дауыстар естілді. Аздан соң қалта шамның жарығы бетіме түсіп, түк көрсетпей жіберген. – Шам жақпай отырғаның қалай, жих-хан-кез?.. – Қайдағы шам?.. – деппін сасқанымнан. Сол сол-ақ екен, үңгір іші жарқырап сала берді. Машина фарының жарығы төбедегі тесіктен түскен ай сәулесімен шағылысып, үңгір ішін жап-жарық етіп жіберді. Жаныма жақындай берген Борис «орныңнан тұр» деп ым жасаған. Енді манадан бері өзім арқа сүйеп отырған қабырғадағы быжынаған суреттерге көзім түсті. – Манадан бері ай қарап отырсың ба, жих-кан-кез?.. Ай қарап отырғаным рас еді. Атам заманда осы үңгірді паналаған аталардан қалған үлгімен тас төбедегі тесік арқылы аспан әлемінің кішкентай ғана пұшпағынан ай қабағын бағып отырғам. Кешқұрымнан бері тау басына үймелеген түтін бұлттар ай туа шуда-шуда болып, батысқа қарай жөңкіліп жатқан. Анда-санда бұлт арасынан жылт ете қалған толық айдың күміс сәулесі кірер ауыздағы бояуы өше бастаған суретке түсіп тұрған. Күндіз қарағанда қарақоңыр болып көрінен суреттің ай жарығында қызыл бояумен салынғаны айқын білініп еді-ау. Үңгірдің тас төбесіне шалқалай қарап мойны талған жалғыз біз емес шығармыз. Айқұш-ұйқыш суреттер. Мына бірі Төр Алтайдың Сарыөлеңінде өзім суретке түсірген тауешкі. Ана бір жолы келгенде тау ешкі екенін әрең танығам. Сөйтсем, теріс қаратып салынған екен. Мына бірі кәдімгі қазақы арба. Сосын адамдар... Адамдар... Қазақ үйге, әлде шалашқа келетін адам тұрақтары. Қаптаған крестер. Мына бір крест төртбұрыштың ішіне орналасыпты. Суреттерді санап жатпаймын. Өйткені бұл суреттерді ғалымдар да, біз секілді келімсектер де санаудан жалыққан. Жалпы саны сексеншақты деседі. Деседі дейтін себебім суреттердің кейбіреулері өше бастаған. Ішінде біз секілді келімсектердің қолынан салынған жаңа «туындылар» де кездеседі. Архелогтар үшін көне туындылар мен жаңа «туындыларды» ажырату қиын емес, әрине. Дегенмен сол архелогтардың өзі көне туындылардың салынған уақытын дөп басып айта алмай келеді. Алтай мен Қаратаудың, Жетісудың жартастарынан табылған петроглифтер әдетте тау бөктерлерінің күншығыс бетіне қашап немесе егеп салынған болса, мына суреттер кәдімгі бояулардан тұрады Осы суреттердің бояуы жайлы да ғалымдар арасындағы пікір әртүрлі. Көпшілігі охрамен салынған десе, Марсадолов ертедегі адам саусағын қызыл бояуға батырып алып салған дегенді айтады. Рас та шығар. Суреттердегі сызықтар негізінен адам саусақтарының жуандығына келеді. Уақыт өте сол қарапайым бояумен сурет салынған тастың бетін жартас қағы басып қалған. Қақпен араласып кеткен бояудың жас мөлшерін анықтау мүмкін еместігі содан деседі. Бәлкім мына суреттерді мыңдаған жылдар сақтап келе жатқан да осы жартасқа жұққан қақтың өзі шығар... Бояу. Кәдімгі бояу. Оңбайтын, тозбайтын не деген бояу. Құрамын анықтау мүмкін емес. Тастың бетін бояп болған соң бетін табиғи қақпен қаптап қойған петроглифтер... Кинокамера қабырғадағы суреттерді адақтап шыққан соң, батыс жақтағы бұрыштағы үштағанның төбесіне қонжиды. Борис шашын тарады. Мен қалтамдағы конспектілерді алып, ақтара бастадым. Ендігі әңгімеміз «Ақбауырдағы астрономиялық орынның семантикасы» жайлы болмақ. Сонымен... мен: «... Осыдан бірер жыл бұрын, 1997-1998 жылдары Мемлекеттік Эрмитаждан келіп Ақбауырда зерттеу жұмыстарын жүргізген экспедиция материалдарымен танысып шыққан едім. Олар Ақбауырда астрономиялық бақылау жұмыстарын жүргізетін тұрақты бақылау орны болды деген қорытынды жасаған. Қасиетті орын ретінде киелі маңызы бар күндері, әсіресе көктемгі және күзгі күн мен түннің теңесуі, жазғы және қысқы күнтұрағы кезінде Күннің, Ай мен жұлдыздардың аспан төсінде орналасуының астрономиялық реті көне адамдар үшін аса маңызды болды... Мына төбеміздегі тесіктің шығыс жақ шетіндегі адам қолымен қиып жасалған қиық-мушканы көріп тұрсыздар ма? Осы қиық- мушка арқылы адамдар күн батқаннан кейін ай мен негізгі жұлдыздар шоғырының қозғалысын бақылап, жыл мезгілдеріне сай орналасу ретін белгілеп отырған...» Сөз кезегі Бориске тиген. «... Ақбауыр жайлы әңгіме көп. Осы сұрақтардың кез келгеніне жауап беретін бір қызық жәйт бар. Ол – жер кіндігінің ауысып, жер полюстарының орын алмасуы. Ақбауырдағы бағыт сілтеуші таңбалар осы алмасудың анық дәлелі. Менің айтып тұрғаным біршама батыл тұжырым да шығар, бірақ ол өмір сүруге құқылы тұжырым, оның үстіне ғылым тарихында мұндай гипотезалар көптеп ұшырасады...» Міне, солай. Солай емес-ау, біздің Борис осындай. «Жер кіндігі ауысты» деген сөздерді еміс-еміс болса да естіп жүрміз ғой. Ал Борис-дос соның дәлелін алыстан емес, өзіміздің Ақбауырдан іздеп жүрген болды. Несі бар, алдынан жарылқасын дейміз де... Ғажайып іздеген адамға сол ғажайыптың ерте ме, кеш пе ұшырасатынына өз басым анық сенемін. Адамзат баласы ғарыш әлемін былай қойғанда, жер бетіндегі табиғат құпияларының үш пайызын ғана игерді деседі. Оның үстіне сол ғажайыптар болмаса, мына өмір несімен қызық?.. Сосын... Жазық даланы мекендейтін әр адамның өз төбесі болатыны секілді, таулы жерді тұрақ еткен әр адамның өз үңгірі болады. Ғажайып іздеген әлгі адамды сол үңгірдің табиғи морфологиялық әсерден пайда болғанын айтып сендіре аларсыз ба? Мен де Ақбауырдың уақыттың табиғи морфологиялық әсерінен пайда болғанын біле тұра адам қолымен дүниеге келген мекен, яғни санасының туындысы дегенге сенгім келеді.   *** Қайтып келеміз. Манағы жұлым-жұлым түтін бұлттар қап-қара қоюланып, тұтаса түнеріп алыпты. Көп ұзамай машина терезесін баданадай жаңбыр тамшылары тырсылдап тама бастады. Өскемен трассасына келіп шықтық. Машиналар ағылып жатқан асфальт жолды бұланның құлжасы кесіп өтті. Мүйізі қарағайдай-ау, қарағайдай. Шу ете түскен серіктерім мына көріністі жақсылыққа жорыған. Жол бойы Қоржымбай таудың шұңқырындағы Ақбауыр үңгірін, сосын анда-мында шашылып жатқан қатпар-қатпар жақпар тастарды, сол жақпар тастардың қабырғасындағы шимай-шатпақ жартас суреттері мен ойық шұңқырлар жайлы ойлаумен болдым. Соңғы оншақты жыл бойы көкейден кетпей жүрген сұрақтардың жауабын осы ойық шұңқырлардан табатын секілдімін... Қарап отырсаң, бәрі оп-оңай секілді. ... Биік таулардан құлап аққан өзеннің суы да мол, өзен бойындағы шұбардың шөбі де шүйгін заман еді ол. Өр Алтайдың ызғар ескен сай-шатқалдарын артқа тастап жатаған таулардың шұңқырындағы ықтасынға көшіп келіп қонғалы Ол малын таңалакеуімнен өргізетін болған. Өйткені «жаңа шыққан күн ыстық», асқақ шыңдардың арасынан тұра келген Күн сәулесі арқаны қыздырған сәтте мал атаулы өзен бойындағы шұбардың арасына кіріп, жайылмай жата-жата кететін. Сол күні де таңғы салқында мал өргізген ОЛ шыт-шыт жарылып кеткен жақпар тастардың арасында бытырай жайылған малын қарап, дірдек қағып отырған. Кенет күн сәулесінің қарсы алдындағы ашық алаңқайға құйыла түсіп тұрғанын байқағаны. Орын ауыстырып отырғаны сол еді, өн бойына шым-шым жылымық тарай бастағанын сезді. Денесі жылынған соң жан-жағына назар салып қарап еді; қарсы беттегі үшкір таудың етек жағындағы ойық тесікке қып-қызыл шар ілініп қалыпты. Өзі отырған алаңқайға түсіп тұрған сол қызыл шардың сәулесі екенін көріп үлгергенше, қызыл шар үшкір таудың тасасына тығылып та үлгерген. Мына көрініске таң-тамаша қалған ОЛ өзі отырған күншуақ жерді ұмытып қалмау үшін анадай жерде дөңкиіп жатқан қой тасты итеріп әкеліп, жартасқа сүйеп қойған. Бұл жерде не көп – жартастар мен қой тастар көп екені есіне түсіп, таяғының ұшымен аяғының астындағы манағы сәуле түскен жерден дөңгелек шұңқыр қазып қоюды да ұмытқан жоқ. Сол сол-ақ екен дөңгелек шұңқыры бар ашық алаңқай оның күн сайын келетін сүйікті орнына айналған. Бірнеше күн өткен соң қараса, өткендегі сәуле бұл отырған жерден алыстау жерге түсіп тұр. Жалма-жан күншуаққа орын ауыстырған. Кетерінде өзі орын ауыстырған жерге шұңқыр қазып қоюды да ұмытқан жоқ. Осылайша күн өткен сайын ашық алаңқайдағы шұңқыр саны көбейе берген, көбейе берген. Күн ыстығы күшейе келе тау қуысындағы ойық тесіктен құйылатын шуақ сәуле ашық алаңқайға түспейтін болған соң, күншуақ қуалаған бейбақ күн аралатып орын ауыстыратын болған. Орын ауыстырған сайын шұңқырлардың да саны, шұңқырдағы малта тастардың да саны көбейе берген. Бұл енді адам санасында төңкеріс жасаған Жыл санау деп аталар астрономия ғылымының түп бастауындағы әңгіме болғандықтан әңгімемізді осы жерден доғаруға мәжбүрмін. Өскеменге келген соң осы ойларымды Борис-досқа айтқанымда алдымен ішек-сілесі қатып күлгені. – Неге бұртиясың, жих-кан-кез?.. Дөңгелек шұңқырларды бұрын көріп пе едің?.. – Әрине, көргенмін... Осында келіп түнеген күні Женя Курдаков талай әңгіменің басын шалып, сауатымды да ашқан... – Женя айтса, бірдеңе біледі ғой... Жалпы алғанда сенікі де дұрыс... Бірақ сенің аталарың алдымен Күннің емес, Айдың қозғалысын бақылаған. Нақтысын айтқанда, алдымен Айдың қозғалыс траекториясын тапқан. Өйткені үш жүз алпыс күнді санаудан айдың отыз күнін санау оңайлау ғой... Кеше менің неге жоғалып кеткенімді білесің бе?.. Сорокин тауына қараған беттегі бақылау пунктінің жанында сен айтқан дөңгелек шұңқырлар бар. Сол шұңқырларды көптен бақылап жүрмін. Бүгін айдың жаңа толысқан күні емес пе?.. – Бірдең таптың ба өзі? – Тапқаны несі?.. Мана кешкілік бұлт қалыңдамай тұрып ай сәулесі тастың қуысындағы ойықтан дөңгелек шұңқырға түсіп тұрды. Міне, солай. Ақбауыр жайлы әңгіменің бір парасы ғана бұл. Үлкен әңгіме кәсіби ғалымдардың еншісінде, әрине. Дегенмен... Көп ұзамай Алтайдан табылған кезекті шұңқыр мен сол шүңқырдағы малта тастар жайлы естідік. Малта тастардың саны тұп-тура үш жүз алпыс екен. Соңғы кездері адам қолымен жасалған ойық шұңқырлар Алтайдың ғана емес, жер шарының әр-әр жерінен табылып жатқаны жайлы естиміз. Ал Ақбауыр үңгірінің төбесіндегі ойық тесік пен үңгірдің төбесіндегі теріс қаратып салынған ешкі мен арба бейнесіне келсек, соңғы кездері құлаққа жетіп жатқан әңгімелер жер кіндігінің ауысып, жер осьінің алмасып кеткеніне сендіре бастағандай ма, қалай?.. Өйткені өзіміз маңдайға басқан Жалғыз Күніміздің соңғы кездері бұрынғы орнынан шықпайтынын байқап жүрген жалғыз Борис емес. Соңғы жылдары ауа-райының күрт өзгеріп бара жатқаны да адамдарды осындай ойларға жетелеуі әбден мүмкін ғой... дегенмен, «адам өзі сенгісі келетінге сенеді» деген қағидаға сенсек, «әр кәлләда бір қиял» болады да шығады... Білім мен танымның түбіне жетіп болмайтынын біле тұра, қиялдап, қи-ял-да-п жүргенге не жетсін!..

Серік Байхонов