Қоныс аудару қиын емес

Қоныс аудару қиын емес

Қоныс аудару қиын емес
ашық дереккөзі
694
Қазіргі таңда оңтүстік облыстардан 2 мың 388 отбасы солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға ниетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қоныс аударуға ниетті отбасыларға жер телімдері еш кедергісіз беріледі. Еліміз бойынша жұмыс күші тапшы өңір ретінде Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары ұсынылды. Ал адам саны көп өңір ретінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстары айқындалды. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында солтүстік өңірлік жұмыс берушілерінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері өткізілді. Нәтижесінде, 2 мың 388 отбасы солтүстік өңірлерде ұсынылған жұмысқа орналаса отырып, ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген. «Бүгінге бағдарлама шеңберінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 172 отбасы ерікті түрде қоныс аударды және 1 мың 279 отбасы қоныс аударуға дайын. Әрине, әзірге бұл өте аз көлем. Сондықтан біз бұл мәселені жеке қарап, талдау жасадық», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов. Қоныс аударуға ниет білдіргендердің бір легі – Маңғыстау облысында. Маңғыстау – мұнайлы өңір, бірақ тұрғындардың барлығы бірдей мұнай секторында жұмыс істей алмайтыны анық. Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұл бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізіп келеді. «Биылғы жылдың мамыр айында алғаш рет Ақтауда ерікті қоныс аударушылар форумы өтті. Екі күнге созылған форум Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында ұйымдастырылды. 600 адам қатысқан форум аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, оған 400-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ, оралман қандастарымыз көп шоғырланған Мұнайлы ауданында халықпен кездесу өтіп, ерікті қоныс аударудың мән-маңызы түсіндірілді», – дейді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлжихан Аманжан. Аталған басқарма дерегі бойынша, Шығыс Қазақстан облысында білім беру, денсаулық сақтау салаларына, мемлекеттік қызметке, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық салаларға 219 адамға жұмыс орны бар деп көрсетілген. Ал Павлодар облысында 500-ден астам, Қостанай облысында 30-ға тарта газ, электрмен дәнекерлеуші, мұғалім, механизатор, жүргізуші, арнайы техника жүргізушісі, ветеринар, дәрігер, фельдшер мамандар қажет екен. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысындағы 790 бос жұмыс орны мұғалім, дәрігер, бюджет саласы мамандарын, ауыл шаруашылығына қызмет ететін еңбеккерлерді шақыруда. Биыл Маңғыстау облысынан Қостанай облысына көшуге 200-ге жуық отбасы даяр. Бірақ олардыың барлығына дайын жұмыс орны жоқ болғандықтан, бағдарламаның екінші бағыты бойынша жұмыс басталған. Атап айтқанда, егер солтүстік облыстарда өздері бизнес ашса немесе кәсібін жалғастырса, солтүстік облыстардың әкімдері жер телімдерін беруге дайын. «Егер солтүстік облыстарына қажетті бизнес идеямен келетін болса, грант беру мәселесі қаралуда. Сол сияқты «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жатқан 12 мың баланы осы бағдарлама аясында облыстарға жіберу қарастырылып отыр», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. 2017 жылы қоныс аударушы 288 отбасына квота бекітілді. Демек, квотаға енген  қатысушы отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде (79 415 теңге) бір реттік субсидия және тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге бір жыл ішінде 180-360 АЕК мөлшерінде субсидиялар (408 420-816 840 теңге) беріледі. Осы орайда қоныс аударушыларға көші-қон шығындарын өтеуге және тұрғын үй жалдауға субсидияны сақтау, қоныс аударушылардың барлық орналасу мәселелерін шешу мен жұмыс берушілерге субсидия беру қарастырылған. Сонымен қатар «Тұрғын-құрылыс үй жинақ банкі» арқылы қоныс аударушыларға тұрғын үйлік несие мен субсидияларды берудің жеңілдетілген жүйесі, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін өтеусіз пайдалану құқығында конкурссыз жер телімдерін беру де қарастырылып отыр. Ал жаңа бизнес идеялары бар «Бастау» бизнес жобасы бойынша білім алған және кәсіпкер палатасының оң қорытындысына ие болған қоныс аударушыларға гранттар беріледі. Сондай-ақ, «Серпін-2050» жобасына қатысушы түлектерді олардың шыққан өңірлеріне қарамастан бағдарлама қатысушылары құрамына енгізу тетіктері ескеріліп отыр. «Осылайша, жобалық басқару аясында біз 2018-2022 жылдары ерікті түрде қоныс аударуға жоспарлаған 59 мың отбасы бойынша бағдарламаға қыркүйек айында, сондай-ақ, кейбір заңнамалық актілерге жыл соңына дейін өзгерістер енгіземіз. Бұл шараларға қажетті қосымша қаражат оның ішінде 2018 жылға 7,3 миллиард теңге толықтай есептеліп, бүгінде Қаржы министрлігімен бірге пысықталуда», – деді Нұрымбетов мырза. Дәл қазір бағдарлама бойынша қоныс аударуға ниетті отбасылар көптеп тіркелуде. Ең бастысы, квота санын арттыру арқылы оңтүстіктің солтүстікке көшін жылдамдатса болғаны...

Серіктес жаңалықтары