399
Еліміздегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімі жарияланды
Еліміздегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімі жарияланды
Еліміздегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімі жарияланды. Forbes Kazakhstan басылымы жариялаған рейтингте соңғы бес жылда танымал бизнесмендер көшін бастап тұрған Болат Өтемұратов екінші орынға түсті.
Сонымен Қазақстанның ең ықпалды бизнесмені Тимур Құлыбаев болды. Ол өзінің бизнестегі әріптесі, бес жыл бойы рейтингте бірінші орында келген Болат Өтемұратовты ығыстырды.
Тимур Құлыбаев бірінші орында алғаш рет болып отырған жоқ. Ол Forbes Kazakhstan-ның 2011 жылғы рейтингінде ең алдыңғы орында болған.
Forbes Kazakhstan-ның биылғы тізіміне жаңадан бес адам қосылды. Олар: Сингапурда тіркелген Kusto Group трансұлттық компаниясының иесі 41 жастағы Еркін Тәтішев (№35), «Вираж сервис Қарағанды» ЖШС иесі, «ҚазэнергоМаш Корпорациясы» негізін қалаушы 55 жастағы Ерлан Нығматулин (№39), Seimar Investment Group иесі және «Asadel Group» венчурлық қорының қатысушысы 50 жастағы Марғұлан Сейсенбеав (№45) және «Аркада» деволопер тобының жетекшісі 51 жастағы Алексей Нефедов (№46) пен «Алагеум» машина жасау тобының негізін қалаушы 58 жастағы Сайдулла Қожабаев (№50) .
Бұдан бөлек, бұрын тізімнен шығып қалған үш бизнесмен рейтингке қайта ілінген. Олар: Zhersu инвестиция-өндірістік коорпорациясының негізін қалаушы, 49 жастағы Бауыржан Оспанов (№31), ЦАТЕК компаниясы және «Circle Maritime Invest» кеме қатынасы компаниясы иелерінің бірі, 49 жастағы Сергей Кан (№38), сондай-ақ, Tenge Oil&Gas иесі, «Tengri Bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 53 жастағы Тимур Қуанышев (№42).
Ал былтырғы жылы рейтингте болған 8 адам - Нұржан Субханбердин, Эдуард Огай, Орифджон Шадиев, Нұрлан Тілеубаев, Андрей Лаврентьев, Василий Розинов, Алмас Мыңбаев және Яков Цхай биылғы тізімге кірген жоқ. Рейтингке кірген бизнесмендердің 46%-ы өздерінің позициясын жақсартса, 34%-ның позициясы төмендеген, 8%-ы сақтап қалды, ал 10%-ы тізімге жаңа қосылғандар.