Бішкектегі сайлау учаскелері халықаралық бақылаушылардың көңілінен шыққан жоқ

Бішкектегі сайлау учаскелері халықаралық бақылаушылардың көңілінен шыққан жоқ

Бішкектегі сайлау учаскелері халықаралық бақылаушылардың көңілінен шыққан жоқ
ашық дереккөзі
Кеше көршілес Қырғыз елінде президенттік сайлауы өтті. Жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де барлық дауыс беру учаскелері жабылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, әзірге Социал-демократиялық партияның өкілі Сооронбай Жээнбеков сайлаушылардың 47 пайызға жуық дауысын жинап алда келеді. Ал, одан кейін оппозиция өкілі Омурбек Бабанов тұр. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, ел басшысын таңдауға 40 пайыздан астам сайлаушылар қатысқан. Бұл елдегі ең басты саяси шараға 1 миллион 200 мыңнан астам адам қатысты деген сөз. Ал жалпы елде 3 миллион 25 мың азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бірақ заң бойынша шараға қанша адамның қатысып, дауыс бергеніне қарамастан сайлау өтті деп саналады. Додада сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысын жинаған кандидат жеңімпаз атанады. Еске сала кетейік, ел билігінің биігінен үміткер 11 кандидат өзара бақ сынасты. Сарапшылардың айтуынша, олардың үшеуінің жеңіп шығуға мүмкіндігі мол. Тартыс та осы 3 үміткер арасында өрбіген. Сайлау кезінде тек техникалық сипаттағы заңбұзушылықтар тіркелген. – Тек тілек ретінде айтарым, дауыс беру учаскелерін кең ғимаратта өткізу керек. Бішкекте ондай ғимарат жоқ дегенге сенбеймін. Ал жалпы сайлаудың өту барысы маған ұнады. Қызметкерлер, барлық жұмысшы органдар өте жақсы дайындалған. Өз басым ешқандай заңбұзушылықты байқаған жоқпын, - дейді ТМД парламентаралық ассамблеясы бақылау миссиясының мүшесі.