283
Қазақстан Қырғызстандағы сайлауды бақылаудан бас тартты
Қазақстан Қырғызстандағы сайлауды бақылаудан бас тартты
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанды сайлау процесіне араласып жатыр деп айыптағаннан кейін осындай шешім қабылдаған.Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы 15 қазанда өтетін Қырғызстан президент сайлауын бақылаудан бас тартты, деп хабарлайды Sputnik.
ҚР ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия президент Алмазбек Атамбаевтың жуырдағы мәлімдемесінен кейін Қырғызстандағы президент сайлауының барысын бақылаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
“ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылы 9 тамызда Қырғыз Республикасының сайлау және референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссиясы мен ҚР ОСК арасында қол қойылған өзара түсіністік бойынша 2017 жылғы 15 қазанда өтетін Қырғыз Республикасының президентін сайлауды бақылауға қатысудан бас тарту туралы қаулы етеді”, — деді отырыста ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімін қырғыз елінің сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жеткізеді.
Дегенмен, ҚР орталық сайлау комиссиясы халықаралық міндеттерін орындау үшін Қазақстанның өкілдерін халықаралық миссиялардың құрамында Қырғызстанға жібереді. 46 қазақстандық бақылаушы сайлау барысын бақылайтын болады.
Отырыста ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев пікір білдірді.
“7 қазанда Қырғызстанның президенті сөз сөйлеп, Қазақстанды Қырғызстанның ісіне, оның ішінде президент сайлауы процесіне өрескел араласып жатыр деп айыптады. Мен сайлау комиссиясының мүшесі ретінде, көптеген елде сайлау барысын бақылау бойынша тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстанның қырғыз елінің ісіне өрескел араласуы жөніндегі сөздерді ойдан шығарыоған деп есептеймін”, — деді Сәрсембаев.
“Қазақстанды айыптауға сылтау болатын қандай да бір әрекетке” жол бермеу үшін Сәрсембаев Қырғызстанға президент сайлауының барысын бақылауға барудан бас тартты. Ол әріптестерінен оның мәлімдемесін қолдауды өтінді. Отырысқа қатысушылар қаулыны қабылдауға дауыс берді.