333
Депутаттар елімізде әлемдік деңгейдегі бәйге ұйымдастыруды ұсынды
Депутаттар елімізде әлемдік деңгейдегі бәйге ұйымдастыруды ұсынды
Мәжілістегі "Ақ жол" партиясының депутаттары қазақи жылқы әлемдік брендтердің қатарынан лайықты орын алу үшін дәстүрлі түрде "Алаш аламаны" немесе "Құлагер кубогы" бәйгесін ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бабаларымыздың елін, жерін қорғап, ата жаумен алысқанда қанды көйлек серігі, болдырмас көлігі болған, жеті қазынаның біріне баланған қазақтың қазанат жылқысы біздің ұлттық қазынамыз емес пе?! Жылқы қазақтың сана-сезімі, рухы, болмысы, тұрмыс-салты, әдеп-ғұрпы, мәдениеті мен өнерінің тұтас бір бөлігіне айналған. "Қазақ — жылқы мінезді" деген сөз де бекер айталмаса керек", — дейді депутат Берік Дүйсенбинов.
Оның айтуынша, өркениетті мемлекеттер өзінің өткенін ұмытпай, ұлттың әлеуетін, құдіретін ашатын осындай асыл қазыналарын, спорт түрлерін ұлттық брендке айналдырып, әлемдік деңгейге көтеріп отыр.
"Мысалы, кеше түйе қоңында көшіп-қонып жүрген Араб әмірлігі бүгінде түйе жарысын мыңдаған турист тамашалайтын жарысқа, ұлттық мейрамға айналдырған. Ал Моңғолияда "Шыңғыс ханның ізімен" деген мың шақырымдық, он күндік дерби ұйымдастырылған. Биыл оған әлемнің он бес елінен 400-ге жуық шабандоз қатысқан. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал көрші Түрікменстан атақты ахал текесін насихаттау мақсатында арнайы министрлік те құрып тастаған. Ал бізде ше?", — деп таңғалады депутат.
Айтуынша, бүгінде үлкен топ жарған жарыстарда бәйге алып жүрген тұлпарлардың түгелге жуығы ағылшынның асыл тұқымды немесе басқа да шетелдің жылқысы екені жасырын емес. Сонда ұзаққа шабуға шыдамды, күндік жерден алқынбай жететін қазақтың асыл тұқымды тұлпарлары қайда кетті? "Шынтуайтқа келгенде, қазақи жылқы біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс емес пе?! Сонда өз жылқымыздың абыройын асқақтатуға, тұқымын сақтап қалуға не кедергі? Әлде қазақтың қасиетті жылқысы қара қазанда қайнататын қазы мен қарта үшін ғана қажет пе?!", — деді ол. Осы ретте өзіміздің қазақи жылқының әлемдік брендтердің қатарынан лайықты орын алуы үшін не істеу керек деген сауал туындайды. Депутаттың Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынысы дайын. "Біздіңше, бүгін әлемдік деңгейге көтерілген қазақша күрес, қазақ барысы жобасы секілді тұлпарларымыздың артықшылығы мен ерекшелігін, шыдамдылығын әлемге танытатын күндік бәйге ұйымдастырылу керек. Ол ұзақ қашықтыққа, тек қазақи жылқы ғана шыдас беретін 100-150 шақырымға дейінгі шабыс болуы керек. Бұл жарысты "Қазақстан аламаны", "Алаш аламаны", "Құлагер кубогы" деп те атауға болады. Мысалы, кешегі Құлагердің құлаған жері Ерейментаудан Астанаға дейінгі қашықтық дәл осы 150 шақырымды құрайды. Қазақ тұлпарының символы болған құлагердің атын қайта жаңғыртып, Ерейменнен шыққан бәйгелер елордаға ат басын тіресе, керемет емес пе?! Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылса, ұлы дала аламанына алыс-жақын шетелдік шабандоздардың өздері ниет білдірер еді", — деп түйді сөзін депутат.