198
Бензин сатылымына қойылған шектеу қашан алынатыны белгілі болды
Бензин сатылымына қойылған шектеу қашан алынатыны белгілі болды
Елімізде бензин сатылымына қойылған шектеу бейсенбі күні алынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.
«Кеше біздің жұмысшылар жанар-жағармай құю стансаларын аралап, бағаға мониторинг жасап шықты. Бағаларға тоқталсам, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның жанармай құю бекеттерінде бензин 152 теңгеден сатылуда. Бірақ «ҚазМұнайГаз» АҚ-ында бензинге лимит қойылды. Яғни бензин 20 литрден артық берілмейді. Осы айдың бейсенбі күніне дейін жанар-жағармайдың жаңа қоры келуі керек. Содан кейін бензинге деген шектеу алынады. Содан бастап, тұтынушылар қанша алғысы келсе, сонша алсын», - деді вице-министр. Кейін вице-министр басқа жанар-жағармай құю бекеттерінде бензиннің қанша теңгеге сатылып жатқанын да атап өтті.
«Бензин Helios-та - 150 теңге, Nomad-та - 153 теңге, Sinooil -да - 152- теңгеден, ГазПромНефть-де - 156 теңгеден сатылуда. Астанада кеше ешқандай кезек болған жоқ. Бензин кезексіз саталып жатыр», - деді Әсет Мағауов. Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, брифинг барысында ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстан Ресейден импортталатын бензин көлемін арттыратындығын және мұндай қадам бензин тапшылығына жол бермеу үшін жасалып отырғандығын айтқан еді. «Шамамен 20 мың тоннаны Газпромнефт импорттауы тиіс. ҚазМұнайзГаз 10 мың тоннаға келісімшарт жасасты, 20 мың тоннаға арналған қосымша келісімшарт қол қою кезеңінде тұр. Меніңше, бүгін-ертең оған қол қойылады. Бұған қоса, Гелиос, Синойл компаниялары Уфа тобына кіретін зауыттардан 20 мың тонна жеткізу жайын талқылауда», - деген еді вице-министр.