226
Қазақтың ақсақалы дзюдодан әлем чемпионы атанды
Қазақтың ақсақалы дзюдодан әлем чемпионы атанды
Италияның Ольбия қаласында дзюдодан ардагерлер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық ардагер дзюдошы Аманбай Қыздарбаев қарсыластарын шақ келтірмей, чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М4 категориясы бойынша 90 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз алғашқы қарсыласы Италия спортшысы Лорис Жиннароны, екінші айналымда Иким Мблидогу Удока Сандэйді (Испания) иппонмен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда словакиялық спортшыны Маруна Роберттен айласын асырған ардагер дзюдошымыз, шешуші финалда татами иесі, Италия дзюдошысы Нинфо Джузеппені уақытынан бұрын иппонмен жеңіп, Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.
Сондай-ақ, М5 категориясы бойынша 100 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық ардагер дзюдошы Игорь Заднепрянный қола медаль үшін күресте ұлыбританиялық спортшы Дирек Хопкинсті иппонмен ұтып, Қазақстан қоржынына төртінші қола медальді салды.
Естеріңізге сала кетсек, Ольбияда ардагерлер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында осыған дейін Қазақстан құрамасы 1 күміс және 3 қола медаль иеленген болатын.