263
Алматы қара түтін будақтататын автобустардан арылады
Алматы қара түтін будақтататын автобустардан арылады
Алматы қалалық көлік басқармасының басшысы Мақсұт Исахов қаладағы зиянды түтін шығаратын автобустардың қашан жойылатындығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мақсұт Исаховтың мәлімдеуінше, тасымалдаушы компания жаңа автобус сатып алып жатыр. «Жыл соңына дейін жаңа автобустар жеткізіледі. Әкімдік коммуналды автопарктерге 300 автобус сатып алып жатыр. «Газель» мен «Лиаз» маркасының автобустары қаланың орталығы мен шеткі аудандарын байланыстыратын маршруттарда жұмыс жасап келеді. Ресейлік Лиаз зауыты апта сайын бізге 15 автобус жіберіп тұрады. Жекеменшік автобус парктері 254 автобус сатып алуға келісімшарттарын көрсетті. Оның ішінде 100 автобусты «Авто алма транс» сатып алады. Бұл кәсіпорын №65 маршрутқа қызмет ететін. Естеріңізде болса, көбіне осы маршруттың автобустары қаланың орталығында қою түтін будақтатып жүреді. Қазанның ортасында оларға алғашқы 28 автобус жетуі тиіс. Бұл көліктерді 65 маршрутқа қоюды талап ететін боламыз. Егер басқаша болса, бұл маршрутты автопарктен алып, қаланың коммуналды меншігіне ауыстырып, жаңа Лиаз автобустарын қоятын боламыз. Оған уәде берем», - деді Исахов.
«Мадина», «БаТу Трэвел» кәсіпорындары да жаңа автобус сатып алып жатыр. Басқарма басшысы биыл жыл соңына дейін жаңа авобустардың үлесі 53%-дан 70%-ға жететіндігін баса айтты. «Сараланған тариф енгізілгенге дейін тасымалдаушылар шығын көп деп наразылық білдіретін еді. Енді олардың табысы 2 есеге артты. Жекеменшік тасымалдаушылардың жаңа автобус сатып ала бастауы «Оңай» жүйесінің тиімділігін көрсетсе керек», - деді ол. Лауазымды тұлға жанармай бағасы көтерілсе де жол ақысы қымбаттамайтынын айтып сендірді.