Жамбыл облысында түпнұсқа құжаты жоқ 250 шетел азаматының Қазақстаннан шығарылуы жайындағы мәселе қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайһды.
Жуырда 2015 жылы Қытайдан көшіп келген қандастарымыздың жалған ыхтиярхатпен жүргендерін анықтаған болатынбыз. Заңға сәйкес, олар елден депортацияланулары керек. Бірақ, олар Қытайға қайтқан жағдайда, сол елдің заңына сәйкес өздерінің сотталатындарын айтып жатыр. Ал Жамбыл көші-қон полициясы оларға ешқандай да жалған құжат бермегендерін мәлімдеген.
“2015 жылы ҚХР азаматтары Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға ықтиярхат беру туралы өтініш жазған. Өтініштер 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрықтың талаптарына сәйкес қабылданған, тіркелген және қаралған. Қажетті материалдардың барлығы жиналған. Бірақ ұлттық қауіпсіздік органдарының тексеруінен кейін тұрақты тұруға тіркеу және рұқсат беруге негіз ретінде ұсынылған құжаттар жалған екені анықталған. Яғни, шетел азаматтарына жалған құжаттың берілуіне біздің қызметкерлердің ешқандай қатысы жоқ», – деп мәлімдеді облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасындағылар.
Егер азаматтар Қазақстаннан өз еріктерімен шығудан бас тартса, олар мәжбүрлі түрде шығарылады. “Қазіргі кезде 250 шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығару жөніндегі мәселе қаралуда”, – дейді облыстық ІІД КПБ-дағылар.