Уақыт қысқа, күңкіл көп

Уақыт қысқа, күңкіл көп

Уақыт қысқа, күңкіл көп
ашық дереккөзі
1521
Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман вице-премьер Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, өрімдей ұл-қыз өсіріп отырған барлық отбасылардың ортақ тілегін жеткізді. Ата-аналар жұмыстан 18.00-де босайтындықтан балаларын балабақшадан дер кезінде алып кете алмай қиындық көріп жүргенін айтқан халық қалаулысы еліміздегі мемлекеттік балабақшалардың жұмыс уақытын бір сағатқа ұзартуды сұрады.  «Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпорындар мен мекемелерде, жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда сәбилері мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдарға баратын жүздеген мың ата-ана еңбек етіп жүр. Олар үшін қазір өз бүлдіршіндерін балабақшадан уақытында алып кету – елеулі мәселеге айналып отыр. Себебі біріншіден, еліміздегі мектеп жасына дейінгі мемлекеттік балалар мекемелері негізінен таңғы сағат 7.30-дан кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ата-аналардың көпшілігінің жұмыс уақыты да 18.00-ге дейін болғандықтан, олар балабақшаға белгіленген мерзімде барып үлгере алмай, қиындық көріп жүр», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында. Екіншіден, оның айтуынша, кей жерлерде сағат 18.00-ден кейін балабақша ғимаратының ішінде қалуға рұқсат етілмегендіктен, балалар мен тәрбиешілер ата-аналарды ауа райының қандай жағдайында болсын, сыртта, балабақша  ауласында күтуге мәжбүр. Алдағы қысқы мезгілде бұғанасы бекімеген сәбилердің өз ата-анасын балабақша ауласында суық ауада күтіп қалуы олардың денсаулығына да зардап тигізері анық. «Үшіншіден, тәрбиешілерге бекітілген жұмыс уақытынан тыс қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы төлеу қарастырылмағандықтан, олар балаларын уақытында алып кетпеген ата-аналарға реніш білдіріп, өзара кикілжің туындауда. Төртіншіден, кейбір ата-аналар балабақшаға тезірек жету үшін асығып, жеке көліктерінің жылдамдығын асыратындықтан, олар ірі елді мекендерде, әсіресе, үлкен қалалардың көшелерінде түрлі апаттық жағдай туғызып жүргендігі де жасырын емес. Сондай-ақ, жуырда Астана қаласындағы балабақшалардан шығып, ата-аналарын күтіп тұрған сәбилерді бөтен, сенімсіз кісілердің тәрбиешілерді алдап, сұрап алып кетуге әрекеттенген фактілер орын алғандығы да алаңдайтпай қоймайды», –  дейді Кәрібай Мұсырман. Осыған орай, сайлаушылармен кездесулер барысында ата-аналар депутаттарға шағымданып, елдегі мемлекеттік балабақшалардың жұмыс уақытын кешкі 19.00-ге дейін дейін ұзартуға немесе кезекші топтар ұйымдастыруға жәрдемдесуді өтінген. «Сонымен қатар қазіргі кезде мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдар тәрбиешілерінің кешкі сағат 18.00-ден кейін ата-аналардың балаларын алып кеткенше жұмыс істеген уақыты үшін қосымша еңбек­ақы төленбей отырғаны қолданыстағы еңбек заңнамасын бұзушылық болып табылады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, аталған өзекті мәселені республика көлемінде жан-жақты қарастырып, оны оңынан шешу қажет», – деп түйді сөзін депутат.

«Жұмыс пен балабақша ортасында алаөкпе боп жүрміз»

Халық қалаулысы келтірген уәждің қай-қайсысы да орынды. Бұған балаларын таңсәріде балабақшаға апарып, жұмыстан шыға сала алып қайтуға асығатын ата-аналармен тілдескеннен кейін көзіміз жетті. Балабақшаның жұмыс  уақытын бір сағатқа ұзарту туралы депутат ұсынысын қуана қуаттағандардың бірі – Гүлжан Аманжолқызы. 2 жастан асқан ұлын биылдан бастап Алматыдағы мемлекеттік балабақшалардың біріне берген келіншек кешке баласын 18.00-ден кешікпей алып кету үшін жұмыстан ерте сұранып шығуға мәжбүр. «Балам екі айдан бері үйдің маңындағы балабақшаға барып жүр. Кезекті ұзақ күтіп, қолымыз әрең жеткен соң, балабақша тәртібін бұзбай, уақтылы апарып, уақтылы алып кетуге тырысамыз. Алайда басшылықтан «баламды алып кетуім керек еді» деп қашанғы сұрана бересің? «Балаң болса, жұмысты қойып, үйде отыр» дейді ғой бір күні. Жұбайым вахталық қызметте, 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалады. Ол демалыста болғанда, ұлымызды балабақшадан өзі алып кетеді. Ал қалған 15 күнде менің әбден берекем кетеді, жұмыс пен балабақша ортасында алаөкпе болып жүремін. Сағатқа бір қарап, бастықтың есігіне бір қарап, жұмыстан ертерек шығып кететін оңтайлы сәтті күтумен боласың. Шыға салып, балабақшаға қарай құстай ұшам. Балаңмен жұмысқа қайта бара алмасың белгілі, «бастық іздеп қалған жоқ па екен?» деген дүдәмал оймен үйге қайтасың. Бұл әлі басы ғана ғой, әрі қарай осылай жалғаса берсе, көп ұзамай жұмыссыз қаламын ба деп қорқамын»,– дейді Гүлжан. Жас келіншек баласын бір-екі мәрте кеш алғаны үшін тәрбиешілерден сөз естіпті. «Бір күні балабақшаға қарай асығып келе жатып қапталымда келе жатқан көлікті cоғып кеттім. Көлік тізгініндегі әйел ит терімді басыма қаптады. Әрине, қымбат көлігін соқсаң, кім басыңнан сипайды? «Полиция шақырмай-ақ қойыңызшы, соғылған жерін жөндеп беремін. Барлық шығындарды өзім төлеймін» деп жалынып-жалбарынып, әрең көндірдім. Жол бойында біраз тұрып қаппыз, сағат 7-ден асып кетіпті. Көлігіме міне сала, балама қарай асықтым. Келсем, тәрбиеші ұлымды киіндіріп, балабақша қақпасының жанында күтіп тұр екен.  «Осы уақытқа дейін қайда жүрсіз? Біз де ерігіп жүрген жоқпыз ғой, үйде күтіп отырған бала-шағамыз бар. Жұмыс уақытымның біткеніне 1,5 сағат болды. Сіздерді қас қарайғанша күтуге міндетті емеспін. Енді кешіксеңіз, балаңызды күзетшімен бірге қалдырамын да, кете беремін. Ренжімеңіз!» деді ашулы тәрбиеші. Өзімнің кінәмді біліп тұрғаннан кейін қарсы ештеңе дей алмадым. Кешірім сұрап ақша ұсынып едім, алмады. Басшылық ата-аналардан ақша алуға тыйым салған екен. Егер өзге балабақшалардағыдай кезекші топ қызметі қарастырылса, қосымша ақы төлеуден қашпас едік. Немесе кешіксеңіз, сағатына осынша теңге төлейсіз деп тәрбиешілерге ақы төлеуді заңдастырып қойса, ата-аналардың бәрі қуанар еді», – дейді ана. Гүлжанның айтуынша, қосымша ақы алмағаннан кейін тәрбиешілер ата-анасы кешіккен балаларға жауапкершілікпен қарамайды. Аулаға қараусыз шығарып жібере салатын жағдайлар да болған екен. Үлкеннің қарауынсыз жүрген баланың жолға шығып, адасып кетпесіне, жүйткіген көліктердің астына түспесіне кім кепіл? Мәселен,  биылғы жылдың мамыр айында Ақтауда «Толқын-2» шағын ауданында орналасқан жекеменшік балабақшада оқыс оқиға болды. Балабақшадан қыздарын алып кетуге келген ата-ана 2 жасар Ясминді ауладағы балалардың арасынан таба алмайды. «Біз сағат 18:20 шамасында келдік. Аулада балалар ойнап жүрді. Бірақ, арасында біздің қызымыз болмады. Тәрбиеші  кімге келгенімізді сұрады. Қызымыздың атын айтып едік, оны әлдеқашан алып кеткенін айтты. Дүрбелеңге салындық. Күйеуім екеуміз қызымызды іздеуге кірістік. Артынша жолдың арғы бетінде тағы да бір балабақша тұрғанын көрдім. «Бәлкім сол жаққа кеткен шығар?» деген ой келді», – дейді Руфия ханым. Ясмин расымен де, жолдың қарама-қарсы бетінде тұрған балабақшаға кетіп қалған екен. Кішкентай қыз сол жақтағы ойын алаңындағы ойыншықтарға қызыққан болуы керек, қақпадан шығып, жолдың арғы бетіне өтіп кеткен. Ясминнің аулада жоқ екенін ешкімнің байқамағаны Руфия ханымды қатты ашуландырған. «Тәрбиеші артынша кешірім сұрап, өзінің қателігін мойындады. 17:50 шамасында оның бас киімін кигізгенін айтады. Артынша оны көрмегендіктен ата-анасы алып кеткен болар деп ойлаған. Яғни қыз жарты сағат бойы бейтаныс жерде жүрген. Бастысы, қызымыздың дін аман екеніне қуандық. Көлік қағып кетсе немесе басы ауған жаққа кетіп қалса, не болар еді?! Ал қарама-қарсы беттегі балабақша әріптестерінің қандай әрекет жасайтынын күтіп отырған екен», – дейді Ясминнің анасы.

«Тәрбиешілер жаппай жұмыстан кетуі мүмкін»

18.00-ден кейін тәрбиешілер босаңсып, балаларды қараусыз қалдырмас үшін балабақшалардың жұмыс уақытын 19.00-ге дейін ұзартуды ата-аналардың барлығы дерлік құптайды. Алайда бұған балабақша қызметкерлері қарсы. Алматыдағы «Құлагер» ықшамауданында орналасқан №162 балабақшаның меңгерушісі Жанар Өмірбайқызының айтуынша, балабақшалардың жұмыс уақыты ұзарар болса, тәрбиешілер басқа жұмыс іздеп кетуі мүмкін. – Ата-ана ретінде де, балабақша меңгерушісі ретінде де, мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс уақытын 19.00-ге дейін ұзартуға қарсымын. Депутаттың бұл ұсынысы Еңбек кодексіне қайшы. Егер жұмыс уақытымыз бір сағатқа ұзарар болса, балабақшалардың бәрі тәрбиешісіз қала ма деп қорқамын. Өйткені дәл қазіргі жалақымен жүктемені арттырар болса, олар басқа жұмыс іздейтіні анық. Несін жасырайық, тәрбиешілердің жалақысы өте төмен. Еңбек өтілі, тәжірибесі көп мамандардың өзі 63-65 мың теңгені місе тұтады. Ал еңбек жолын енді ғана бастаған тәрбиешілердің жалақысы 40 мың теңгеден аспайды. Мұндай жалақыға жан бағу оңай ма? Қазірдің өзінде маман қат. Жүктеме артар болса, жағдайымыз тіпті қиындайтын сияқты. Қазір тәрбиешілердің қызметі бала тәрбиелеумен шектелмейді, толтыратын қағаз, өткізетін есеп көп. Біздің балабақшада еңбек өтілі 20 жылдан асатын жалғыз тәжірибелі тәрбиеші болған еді. Сол кісі аттестаттаудан өтіп, жоғары деңгейлі маман атанса, балабақшамыздың да мәртебесі көтеріледі деп жүргенбіз. Өкінішке қарай, ол балабақшадағы жұмыстан бас тартты. Қазір бір ауқатты отбасында бала күтушісі болып қызмет етіп жүр. Айтуынша, айлығы балабақшадағы жалақыдан 3 есе көп. Ал жұмысы керісінше, мұндағыдан жеңілдеу. Мұнда 20 балаға бас-көз болса, онда жалғыз балаға жауапты. Өзге балабақшадағы әріптестерім де қарамағындағы тәрбиешілердің жеке отбасыларға жалдануы жиілегенін айтады. Сондықтан егер үкімет балабақша уақытын ұзартуға бекінсе, әуелі тәрбиешілердің жалақысын көтеру мәселесін шешсе дейміз, – дейді балабақша басшысы. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы аз екенін министрліктегілер де мойындайды.  Мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің айлығын көтеру мәселесін сәуір айында Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева көтерген болатын. «Мектепке дейінгі ұйымдарда 84 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Жыл сайын осы мамандыққа мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып келеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда кадр тапшылығының басты себебі –  жалақыларының аз болуында. Тәрбиешілер 35-55 мың теңге, ал тәрбиешінің көмекшісі 25-30 мың теңге жалақы алады. Бұл өте аз», – деді вице-министр.       Оның айтуынша, педагогтардың жұмысына сай жалақы төлеу тиімді шешім болады. «Сол себепті біз тағы да жұмысшы тобын қолдауға шақырамыз. Мектеп мұғалімдерінің жұмыс көлемін азайтқандай, осы мәселеде де бізді қолдауды сұраймыз», – деді Суханбердиева. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазақстандық мұғалімдердің жалақыны көтеру талабына оқу жүктемесін азайту жобасын ұсынған болатын. Көп ұзамай «Мұғалімнің орташа жалақысы – 86 мың теңге, жоғары білімі бар жас мұғалімнің жалақысы – 49 мың теңге, орта білімі бар мұғалімдер 39 мың теңге алады. Бес күндік оқу аптасына өткеннен кейін, бастауыш сыныптардың оқу жүктемесі 13 сағатқа дейін қысқарды, бұл олардың жалақысына әсер етті», – деген еді Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы Гүлнар Иксанова. Бір мәселені індетсең, екіншісіне кезігесің. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-аналардың алаң көңілін жайландыру үшін балабақшаның түйіні тарқатылмаған түйткілдерін реттеу керек. Сонда арба да сынбайды, өгіз де өлмейді.   Айман Асқарбекқызы, ата-ана: –  3 жасар қызымның балабақшаға барып жүргеніне 1 жылдан асты. Осы уақыт аралығында оны алып кетуге уақтылы барған кезім жоқ. Өйткені балабақша мен жұмыстың аралығы – 1 сағаттық жол. Кептеліске тап болсаң, одан да ұзақ. Біз келгенше балаларымызға жауапкершілікпен қарасын деп, ата-аналар кезекші топқа қосымша ақы төлейміз. Барлығы заңды түрде, банк арқылы айына 1500 теңге төлеп, түбіртегін өткіземіз. Кезекші топтың ашылғанына көп болған жоқ. Оған дейін жұмыстан күнде сұранып, басшылықтың алдында абыройсыз болып жүрдік. Қазір тынысымыз кеңіп қалды. 19.30-ға дейін алаңсыз жүруге болады. Одан кешіксек, тәрбиешілерге алғыс ретінде 300-500 теңге ұстатамыз. Ол да адам ғой, үйінде күтіп отырғаны отбасы бар. Ренжімей, баламызға дұрыс қараса екен дейміз. Депутаттар балабақша уақытын бір сағатқа ұзартуды ұсыныпты деп естіп жатырмыз. Олай болса, тіпті жақсы болар еді.   Қарлығаш Балабекова, балабақша тәрбиешісі: – Балабақшада қызмет етіп жүргеніме 7 жылдың жүзі болды. Талай ата-анамен жұмыс істесіп, талай баланы тәрбиеледік. Балаларды жақсы көргендіктен болар, айлықтың аздығына қарамай, басқа жұмысқа ауысқым келмейді. Сәбилердің ортасында жүрсең, уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін байқамай қаласың. Былдырлаған тілдері де, өздері де тәтті. Алайда жұмысымыз асқан жауапкершілікті, темірдей төзімділікті талап етеді. Басқа сала қызметкерлеріндей сағат тұп-тура 18.00-де жұмыс уақытым аяқталды деп, жұмыстан кетіп қалу жоқ. Балалардың бәрін ата-аналары алып кеткенше күтіп отырасың. Ата-ананың да түр-түрі бар. Өздері уақтылы келмегенімен қоймай, реніш білдірсең, аузына түскенін айтып кетеді. Бір жолы кіші балам астан уланып, қатты ауырып қалды. Одан сәл ересектеу қызым қайта-қайта телефон соғып, «Мама, тез келші. Арнұр демала алмай жатыр» деп жылайды. Зәре-құтым қалмады. Қас қарайып кеткен. Жұмыстан кетіп қалайын десем, үш-төрт баланың ата-анасы әлі келмеген. Күтіп отырмыз. Бір кезде шыдай алмай, балаларды күзетшіге табыстадым да, үйге қарай ұштым. Жедел жәрдем шақырып, баламның бетін бері қараттық. Ертеңіне жұмысқа келсем, бастық түсініктеме жаз дейді. Ата-аналардың бірі балам қараусыз жүрді деп үстімнен шағымданыпты. Бірінші жолы қатаң сөгіс алдым, екінші рет қайталанса жұмыстан шығатынымды ескертті. Содан кейін соңғы баланы алып кеткенше жұмыстан кеткен емеспін.

Серіктес жаңалықтары