338
Қамықпаңдаршы, қарттарым!
Қамықпаңдаршы, қарттарым!
Қазақ қариясын «қазынам» деп қастерлейтін халық. Төрінде отырған ақсақалы мен ақ кимешекті кейуанасын шаңырақтың шырағы деп құрмет тұтады. Алдын кеспейді, көмек сұраса, қолғабыс етуге асығады. Немере-шөбересінің ортасына отырғызып, ақ батасын алады. Алайда елімізде отбасы қамқорлығына зәру болып отырған жалғызілікті қариялар да аз емес. Бейнетінің зейнетін көрер шақта қиындыққа тап болған қарттарды нұротандықтар «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қамқорлыққа алған.
Астана тұрғыны Рабиға Мамедбақова –ұзақ жылдар сауда және жабдықтау саласында жұмыс істеген жан. Қоғам мен мемлекетке пайдасын тигізді. Тіпті үздіксіз еңбегі үшін 1973 жылы Қазақ ССР Тамақ өнеркәсібі министрлігінің «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен де марапатталды. Осының өзі Рабиға апайдың қаншалықты белсенді болғанын, жұмыстың бел ортасында жүргенін айғақтайды. Дегенмен қарттық пен жалғыздық Рабиға Айсақызына қатар келді. Бұл аздай мүгедектігі де бар.
Қарттық кезең жабырқатқан тағы бір тағдыр иесі – 93 жастағы Лилия Тайхреб. Жалғызілікті еңбек ардагері жас кезінде Әзірбайжаннан Қазақстанға жіберілген. Соғыс жылдары Оралдағы еңбек армиясында орман шаруашылығында жұмыс істеген. Ақмола облысына келгеннен кейін зейнеткерлікке шыққанша мұғалім болып қызмет істеді. «Халық ағарту ісінің үздігі» болған Лилия Карловна Рабиға апай секілді жеке үйде тұрады. Күш-қуаты бар кезде екеуінің де мал-жайы болған. Алайда соңғы кездері тіршіліктері қиындап кеткен.
Ардагерлерге көмек керегін білген «Нұр Отан» партиясының астаналық белсенділері мен «Жас Отан» Жастар қанатының қыз-жігіттері қарттардың басына түскен қиындыққа үнсіз қарап отыра алмады. Жастардың бір тобы азық-түліктерін алып, аталған мекенжайларды аралауға шықты. Жастар Рабиға Айсақызы мен Лилия Карловнаның баспаналарына бас сұғып, аулаларын тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып, картоп жинауға көмектесті.
Мұндай шаралар партиялықтардың назарынан тыс қалған емес. Олар «Отан ана» алаңында түрлі брифинг және флешмобтар ұйымдастырып, замандастарын қариялар өміріне назар аударту мақсатында «Қарттарым, аман-саумысың» акцияларын ұйымдастырып тұрады. Биыл партиялықтар негізгі жұмысты салауатты ғұмыр кешуге, ұзақ жасау мүмкіндіктеріне аударды.
Нақтырақ айтсақ, EXPO – 2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған партиялық шараларға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, 2011 жылы «Үздік оқытушы» атанған, тыл ардагері Мария Лигай шақырылды. Ол өз әрекеті арқылы қарттардың да белсенді келетіндігін, қоғам үшін пайдасын тигізе алатындығын дәлелдеді. Нұротандықтар қарттарды уақытпен санаспай қамқорлыққа алып келеді. Әсіресе, қарттар күні қарсаңында республикалық акциялар белсенді түрде ұйымдастырылады. Бұл шарадан «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты да тыс қалған емес.
Партия мемлекеттік органдар және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Партия хатшысы Фархад Қуанғанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау, Қорғаныс министрлігі секілді маңызды мемлекеттік органдар және «Атамекен» ҰКП басшыларымен партия жобаларын іске асыру жолдарын нақтылай түсетін құжаттарға қол қойған. Фархад Қуанғанов атап өткендей, меморандум партия мен мемлекеттік органдардың арасындағы бірлескен жұмыстармен қатар өмір сапасын арттыруға арналған заңның орындалуын тұрақты қадағалауға, аға ұрпақтың мәселелерін шешуге, қарттарды сыйлауға бағытталған мақсатты жұмыстардың іске асуына мұрындық болады.
– Бүгін республика бойынша «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын іске асыру аясында Қарттар күні қарсаңында «Қарттарым, аман-саумысың» акциясын бастап отырмыз. Оның мақсаты – қоғамда аға ұрпаққа құрметпен қарау дағдыларын қалыптастыру, жалғызілікті зейнеткерлер, соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерін қолдауға жұмылдыру, – деді партия хатшысы. Ф.Қуанғановтың айтуынша, жоғарыдағыдай меморандумдар еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдарымен бірлесіп қабылданады.