181
Корея Ақтөбе медицинасын дамытуға 40 млн доллар бөлмек
Корея Ақтөбе медицинасын дамытуға 40 млн доллар бөлмек
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, «Kорея Tелеком» корпорациясының, Пусан ұлттық университетінің госпиталі мен Пусан технопаркінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеде медициналық кластерді дамыту туралы тапсырмасына орай, өңірде Оңтүстік Кореямен тығыз байланыс орнады. Әрі Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяға сапары кезінде цифрлық денсаулық сақтау жүйесіне ақпараттық-байланыс технологияларын трансферттеу келісімін жасаған болатын.
Қазір осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі алдағы 5 жылда Корея 40 миллион АҚШ долллары көлемінде грант бөлінетінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы бізге дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін қойып отыр. Біз бұл міндетке тек білімді, салауатты азаматтармен ғана қол жеткізе аламыз. Осыған байланысты медициналық кластерді дамытып, Кангнам Северанспен тығыз байланыстамыз. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өңірде бүйрек алмастырудың - 29, бауыр алмастырудың 9 операциясы жасалды. Облыста сандық технологияларды енгізудің ең тиімді шаралары да қабылдануда»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Оңтүстік Корея Ақтөбе қалалық емханаларына цифрлық технологияларды енгізіп, скринингті қашықтан өткізуге қажетті төрт медициналық құрал-жабдық жиынтығын жеткізді. Сонымен қатар, әр тоқсан сайын ультрадыбыстық аппараттармен жұмыс істеу, инновациялық скрининг әдістерін үйрету бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Кездесу кезінде Оңтүстік Корея денсаулық сақтау министрлігі бөлімінің директоры Хьюн Ги Пак негізгі мақсат цифрлық медицина орталығын ашу екенін жеткізді.
Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.