306
«Тұлпар-Тальго» пойызы Астана мен Алматыдан Оралға бүгін жол тартады
«Тұлпар-Тальго» пойызы Астана мен Алматыдан Оралға бүгін жол тартады
«Тұлпар-Тальго» пойызы Астана мен Алматыдан Оралға бүгін жол тартады. Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин өткен жылғы кездесуі кезінде қол қойған келісімге сәйкес 26 қыркүйек күні «Астана-Орал» және «Алматы-Орал» бағытындағы алғашқы «Тұлпар-Тальго» жүрдек жолаушылар пойызы жолға шығады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, «Астана-Орал» бағытындағы пойыз «Астана-Нұрлы-жол» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 11.33-те (Астана уақыты) шығып, Орал қаласының теміржол бекетіне 27 қыркүйек күні сағат 11.42-де (жергілікті уақыт) келіп тоқтайды. Ал «Алматы-Орал» бағытындағы пойыз «Алматы-2» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 20.17-де (Астана уақыты) қозғалып, Орал қаласының теміржол бекетіне 28 қыркүйек күні 09.37-де (жергілікті уақыт) тоқтайды. «Орал-Астана» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 26 сағат 14 минутты құрап, 14 сағат 33 минутқа қысқарады. Ал «Орал-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 37 сағат 11 минутты құрап, 22 сағат 29 минутқа қысқарады. «Саратов-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 40 сағат 47 минутты құрап, 10 сағат 9 минутқа қысқарады. «Орал-Астана» бағытындағы пойыз тақ күндері, «Орал-Алматы» бағытындағы пойыз жұп күндері жүреді. Жолаушылар билетінің бағасы: «Орал-Астана» - 9 102 теңге (купе), 17 623 теңге (люкс), «Орал-Алматы» - 16 232 теңге (купе). Әр пойыз 27 вагоннан тұрады. Оның 22-сі - жолаушылар, екеуі - мейрамхана, үшеуі - қызмет вагоны. Айта кету керек, жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру мақсатында Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік шекараларынан өту кезіндегі тексерістер алып тасталды.