Баспанаға мұқтаждар жаңа портал арқылы пәтер таңдай алады

Баспанаға мұқтаждар жаңа портал арқылы пәтер таңдай алады

Баспанаға мұқтаждар жаңа портал арқылы пәтер таңдай алады
ашық дереккөзі
265
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жаңа БАСПАНА.KZ жылжымайтын мүлік порталының тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Енді банк клиенттері жаңа портал арқылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша алдын-ала пәтер таңдай алады. Ақпараттық ресурс тұрғын үйді бөлу процесінің ашық және айқын болуын қамтамасыз етеді. Портал банк клиенттерін, құрылыс компанияларын және мемлекеттік органдарды бірыңғай мәліметтер базасы бар платформада біріктіріп отыр. «Біз салымшының мемлекеттік бағдарламаға қатысу барысында жүріп өтетін жолын талдап-саралап, ол жолды барынша оңтайландыруға, автоматтандыруға тырыстық. Порталда салымшылар өздері қызығушылық танытқан құрылыс нысанын таңдап, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім беріп, тұрғын үйді бөлістіру процедурасынан өтіп, ұнатқан пәтерін таңдай алады. Шаршы метрлерді сату процесі бастан-аяқ ашық және айқын жүреді», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 2005 жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тұрғын үй құрылысы саласындағы Республиканың барлық аймақтарын қамтитын ірі мемлекеттік бағдарламаларға оператор болып келеді. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған салымдар саны миллионға жуықтап қалды. Ал әрбір үшінші салымшы мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болуды жоспарлап отыр. Тек осы жылдың соңына дейін ТҮҚЖБ салымшылары арасында саудаға шығару үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша 12 мыңдай пәтер пайдалануға берілмек. Жаңа порталда салымшы тұрғын үй нысанын таңдап, осы нысаннан пәтер алу үшін бірден өтінім бере алады. «Яғни сіз әлі де қажет соманы жинап жүрсіз, бірақ, осыған қарамастан, дәл осы сәтте мемлекеттік бағдарлама аясында алғыңыз келген нақты бір пәтерді алдын-ала «брондап» қоя аласыз», - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. Бүгінгі күні 240 мыңға жуық банк клиенттері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 24» интернет-банкингін пайдаланады. Енді осы интернет-банкингтің барлық қолданушылары автоматты түрде БАСПАНА.KZ сайтының да қолданушысы атанды. Порталмен жұмыс істеу үшін оларға интернет-банкингтегі жеке мәліметтерін пайдаланып, сайтқа бірақ рет кіру жеткілікті болмақ. Жекеменшік құрылыс компаниялары  өздері салып біткен немесе салып жатқан  тұрғын үйді ТҮҚЖБ салымшылары арасында сату үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өтінімді осы жаңа жылжымайтын мүлік порталы арқылы бере алады. Ал салымшылар жекеменшік құрылыс иесінің қандай да бір нысаны қаншалықты қызықты болатынын өздері шешеді. Осының арқасында құрылыс жүргізуші ықтимал клиенттерінің тілек-қалауы туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізеді. Нысанға деген сұраныс төмен болып жатса, құрылыс компаниялары қосымша шаралар қолданып, сату талаптарын жақсарта алады. Банк басшылығы «БАСПАНА.kz» арқылы «Өз үйім» секілді банктің жеке бағдарламалары аясында тұрғын үй сатуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары