1828
Асанбай Асқаров – 95 жаста
Асанбай Асқаров – 95 жаста
Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі, Асанбай Асқаров атындағы қор, Шымкент қаласы Асқаров атындағы №77 мектеп-лицей ұжымының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы Асқаров көшесіндегі еңселі ескерткіші алдында мемлекет және қоғам қайраткерінің 95 жасқа толуына арналған шеру өтті.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Женісбек Мәуленқұлов ашып, Асқаров Асанбайдың қысқаша өмірбаяны және атқарған қызметтері жайлы таныстырды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің іскі саясат бөлімі басшысы Төлеген Болат шеруге қатысып, сөз сөйлеп, Асқаров Асанбай жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар бірге қызметтес болып және осы азаматтың тәрбиесін алған, бір топ ардагерлер Әжіметов Н., Шерімкулов Д., Сүгірбаев С., Мырзахметов Ш., Тұрғараев Б., Рахманбердиев О., Қыстауов Ж., Сандыбаев Д., ол азаматтың халық шаруашылығы салаларының экономикасын талдай білетін, адамгершілігі мол, еңбекқорлығы, мамандарды іскерлігіне және қабілеттеріне қарай өсіру, қызметтес болған азаматтардың ой-пікірлерін тыңдай білуі жайлы сыр шертті. Шеруде мектеп-лицей оқушылары Асқаровтың шығармашылығын, өздері жазған өлеңдерін оқып, жиналған қауымды серпілтіп тастады. Ал шеру соңында Асқаров Асанбай ескерткішіне, облыстық ардагерлер кеңесі, №77 мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары, қоғамдық ұйымдар, қызметтес болған азаматтар, жеке тұлғалар, туған-туысқандары атынан гүл-шоқтары қойылды.
Іс-шаралар Асқаров Асанбай атындағы №77 мектеп лицейде жалғасып, ардагерлер, меймандар, ұстаздар және оқушылардың қатысымен үлкен шеру өткізіліп, Қазақстан Республикасының ән-ұраны орындалып, мектеп-лицей алдындағы Асқаров Асанбай ескеркішіне гүл-шоқтары қойылды. Мектеп-лицей сыныптарында ашық сабақтар өткізілді, шығармаларынан кітапхана-суреттер бұрышы ұйымдастырылды, көршілес мектеп-лицей балаларымен бірнеше спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Мектеп мәжіліс залында мектеп-лицей ұжымының ұйымдастырып өткізген іс-шараларына қатысқан меймандар, ардагерлер жағынан он баға беріліп, мектеп-лицей ұжымына, оқу-тәрбие жұмысында табыс тілеп, оқушыларға болашақ Мәнгілік елдің экономикасын, әлеуметін, мәдениет-білім салаларының өркендеуіне үлес қосатын мамандар шығатынына сенім білдіретін тілектер айтылды.
Ұлы отан соғысының ардагері, әскери шені полковник. Асанбай Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 1951-1985 жылдары аралығында комсомол, совет, партия салаларында қызмет атқарған. Асқаров Асанбай кезінде Алматы қаласы архитектурасы және мәдени көрінісін өзгертіп, Алматы облысында Күрті және Қапшагай аймағындағы Ақдала және Шенгелді суғарылу массивтерін игеруді бастады. Жамбыл облысында 2-ші Түрксібке айналған Хантау-Сарышаған, Шу-Мойнты темір жол бөлімдерін іске қосты, облыста фосфор өндірісінің өркендеуіне, Химпром өндірістік бірлестігінің негізін қалады. Шымкент қаласында балалар темір жолы, дендропарк, хайуанаттар паркі, ЖЭО-3, көп қабатты үйлер, жасанды көл, мәдени, спорт, сауда орталықтары салынды. Облыстық жоспарда болашақ Шымкент қаласында үлкен кітапхана салу, сонымен қатар қазіргі Төлеби ауданында демалыс, шипажай, қысқы спорт ойындары кешендерін салу мақсат етіп қойылған болатын. Қазіргі таңда бұл мақсаттар Төлеби аудан аймағында біртіндеп шешілуде.
Асқаров Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы Кеңес Үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол 5 рет Ленин, 2 рет Қызыл жалау, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды, егеменді еліміз Отан орденімен марапаттады. Мухамед Хайдар Дулати атындағы қордың президенті, Тараз, Шымкент қалалары және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төрт жылд ан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған 1986 жылы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысы бар, ұлтшылдығы сияқты «кінәлар» тағылды. А. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.
А. Асқаров – «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» кітаптар мен өлең жинақтары авторы.
Асқаров Асанбай Асқарұлына – 95 жылдығына арналған іс шараларының соңынан, облыстық Асқаров Асанбай атындағы қор президенті Сандыбаев Дауренбек ас беріп, құран бағыштап, іс шараларға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесіне, ардагерлерге, меймандарға, №77 мектеп-лицей ұжымына, шеруді ұйымдастыру алқасына рахмат айтып, болашақта – Асанбай Асқаровтың 100 жылдығын өткізу туралы бағдарлама жасалып жатқанын сөз етті.
Айтбай Махамбет, Шымкент қаласы