632
Заңсыз дәрілік шөп жинап жүрген 9 ауғандық ұсталды
Заңсыз дәрілік шөп жинап жүрген 9 ауғандық ұсталды
Оңтүстік Қазақстан облысында заңсыз дәрілік шөп жинап жүрген тағы 9 ауған азаматы ұсталды. Бұл туралы Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Сарыағаш аудандық көші-қон полициясы мен Сарыағаш шекара отрядының қызметкерлері шетел азаматтарын жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында ұстаған. Құжаттарын тексеру барысында олардың Қазақстан аумағында еңбек етуге рұқсаты жоқ екендерін анықтады. «Көші-қон заңдылығын бұзғандар Алматы қаласындағы туристік фирмалардың бірінің шақыртуымен келіп, саяхатшылар ретінде тіркеліпті. Олар мемлекеттік шекараға жақын жерден сасық қурай дәрілік шөбін теріп, соны сату арқылы пайда таппақ болғаны анықталды. Қазір ұсталғандардың нақты қанша өсімдік жинап үлгергені тексеріліп жатыр. Заң бұзушы шетелдіктер сот шешімі шыққанға дейін Сарыағаш аудандық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысында болады. Оларға әкімшілік жаза қолданылған соң, өз елдеріне қайтарылады»,- дейді полицейлер. Айта кетейік, бұл ауғандықтардың алғаш рет ұсталуы емес. Бұған дейін шекарашылар Сарыағаш ауданының Бозарық ауылында аталған дәрілік шөптерді теріп жүрген 19 шетелдікті ұстаса, Саттаров елді мекенінен 18 шақырым жерде Ауғанстанның тағы 32 азаматы қолға түскен болатын. Барлығы әкімшілік жазаға тартылып, өз елдеріне қайтарылды.