358
Кедергі жойылса, өріс кеңейеді
Кедергі жойылса, өріс кеңейеді
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында Павлодар қалалық мәслихаты депутаттары – партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесудің басты өзегі – кәсіпкерлік мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылау.
Кездесу «Сұрақ-жауап» нұсқасында өткізілді. Отырыс барысында анық болғандай, бизнесмендер тап болатын мәселелердің көпшілігі мемлекеттік сатып алу процедураларымен байланысты. Оның бірі демпинг. Дегенмен бұл мемлекеттік сатып алу кезіндегі жалғыз қиындық емес, «ЭКОПРОМ» ҰО» ЖШС директоры Дмитрий Демченконың айтуынша, сатып алу лоттарын рәсімдегенде тапсырысты да ұқыпты толтырған абзал. Бұл болашақта сапасыз қызмет көрсету қаупін төмендетеді.
Бизнесменді қалалық мәслихат депутаты Виктор Деймунд та қолдады. Ол демпингті мемлекеттік қаражатты тиімді пайдаланудың басты кедергілердің бірі ретінде атады. Өз кезегінде «Крендель» кондитерлік фирмасының технологы Светлана Шәкенова кәсіпкерлік нысанын анықтау кезіндегі қиындықтарды атап өтті.
– Біздің кәсіпорында 280 адам жұмыс істейді. Жаңа ережелерге сәйкес, 250 жұмысшылары бар кәсіпорын ірі кәсіпкерлікке жатқызылады. Алайда біздің қаржы айналымымыз одан әлдеқайда төмен. Ал салықты ірі бизнес ретінде төлеуге мәжбүрміз. Бұл дамуымызға кедергі келтіреді, – деді С.Шәкенова.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің кәсіпкерлікті дамыту секторының меңгерушісі Серік Сүлейменов бұл мәселемен еңбек департаментіне жүгінуге кеңес берді. Кездесу соңында партия қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйлә Ахметова аталған жиынның кәсіпкерлер мәселелерін шешуге бағытталғанын атады. Партиялық басшының айтуынша, барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынып, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының отырыстарында қарастырылатын болады.