331
Баспана – басты мәселе
Баспана – басты мәселе
«Нұр Отан» партиясының Астанадағы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Мәжіліс депутаты Байділда Жылқышиев қабылдау өткізіп, өтінішпен келген 8 адамға тиісті кеңестер берді.
Қабылдауға келген Б.Бикетова баспана дауы бойынша сот шешімімен келіспейтінін айтып, халық қалаулысынан көмек сұрады. Оның Астанадағы баспанасы тозығы жеткен үй ретінде бұзылмақшы. «1994 жылы сол үйдегі жеке бөлмелерді бізбен қосқанда тағы бір отбасы жекешелендіріп алғанбыз. Енді осыны бұзуға қойып, бізге − екі отбасыға үш бөлмелі бір ғана пәтер бермекші. Біз бірге тұрғымыз келмейтінін айтсақ, артық пәтер жоқ деп отыр. Мұны сотқа да бергенбіз, алайда сот шешімі көңілімізден шықпады» дейді ол. Бұл тұрғыда депутат соттың шешімі шығып қойған болса, іске араласа алмайтындығын түсіндірді.
Қала тұрғыны Екатерина Молчанова «Олимп» ПИК-ке (пәтер иелері кооперативі) шағым айтып келді. Ақпан айында үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ПИК сантехниктері су құбырының шүмегін дұрыс бұрамай, содан пәтердегі құбырдан су атқылаған. Салдарынан үйіндегі біраз мүлік бүлінген. Бұл мәселеге ПИК-тегілер назар салмай отыр деп қапаланды ол.
Депутат аталған мәселенің назарға алынатынын және қала әкімдігінен тиісті шара қолдануын сұрап, хат жіберілетінін жеткізді. Жанна есімді тұрғын баспанаға мұқтаж екенін айтып, көмек сұрады. Себебі баспана алу кезегі бойынша 8900-орында тұр. Ол мүгедек бала тәрбиелеп отырғанын, соған алатын жәрдемақы мен өзінің жалақысы пәтерақы төлеуге жетпейтінін айтып, уақытша болса да тегін баспана алудың немесе баспана алудағы кезегін алға жылжытуға мүмкіндігі бар-жоғын сұрап келді.Депутат осыған қатысты қолданыстағы заңдар аясында түсініктеме беріп, өтінішін қосымша қарау үшін қабылдады.
Қабылданған азаматтардың бірі үйінің өртенуіне байланысты материалдық көмек сұраса, тағы бірі ауыл шаруашылығы кооперативін қаржыландыруға, басқасы жұмысқа орналасуға қатысты мәселелерімен келді. Депутат оларға да қолданыстағы заңдар аясында кеңес беріп, өтініштерін құзырлы органдарға бағыттап жіберетінін айтты.