Құлақ жабық, көз бітеу

Құлақ жабық, көз бітеу

Құлақ жабық, көз бітеу
ашық дереккөзі
751
Адамның өмірін жеңілдететін, қолын ұзартып, көңілін көтеретін құрылғылар көбейген сайын қауіп пен қатер де көбейіп барады. Мәселен, бір кездері кереуетке таңылған науқастарға көмек көрсетудің амалы ретінде дүниеге келген құлаққап бүгінде кеселден құтқарушы емес, кеселдің өзіне айналды. Кесел емей немене, көшеде кетіп бара жатқан екі адамның бірі – «меңіреу»,  құлағын тарс бекітіп алса...Айналасындағыларды естімейді, естігісі келмейді. Құлақтан кіріп, бойын алған әдемі әуен күндердің күнінде жүйкесін жұқартып, саңырау етуі, тіпті, абайламаса ажал құштыруы да мүмкін екенін ескергісі жоқ. 

Косстың жаңалығы ажал апанына айналды

Техникалық ілімі, физика ғылымына деген әуестігі болмаса да Милуоки штатындағы өздігінен кереуетінен тұра алмайтын науқастарға көмек көрсетудің амалын іздеген Джон Косс есімді азамат өткен ғасырдың 50 жылдары стерео-құлаққапты ойлап тапты. Оны әу баста «құлаққап» емес, «тыңдау құрылғысы» деп атады. Бірақ шуылы, дыбысы анық естілмейтін құрылғыны жетілдіру қажеттігі туған соң, Джон Косс біраз қаржы жинап, инженерлердің басын қосып, өз қиялындағы дүниені жарыққа шығаруға талпыныс жасайды. Әуелі дыбыспен жұмыс жасайтын музыканттарға көрсетіп, кем-кетігін тыңдатып, жетілдіру жағын қарастырады. 1957 жылы ұйымдастырылған «Hi-Fi» көрмесінде Косстың құлаққаптары «жыл жаңалығы» деп танылған екен. Талайлардың таңданысын тудырған құрылғының арқасында «Koss» компаниясының негізі қаланды. Құлаққап шығаратын компания уақыт өте келе сапа эталоны деп мойындаларын іші сезсе де, өзі ойлап тапқан құрылғы келесі ғасырда ажал апанына айналатынын Косс мырза білмеген болар. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша, 2004 жылдан 2011 жылға дейін құлағын тығындап алып, көлік астына түсіп кеткен немесе ауыр жарақат алғандардың саны үш есе өскен. Олардың әуенге еліткендері соншалық, жақындап келген көлікті байқамаған. Ондай жағдайлар бізде де аз емес. Әсіресе, теміржол бойынан ажал құшқандар саны артып барады. Осындай қайғылы оқиғаның бірі таяуда Алматы облысында, Шамалған стансасы маңында болды.  «Астана-Алматы-2» бағытындағы пойыз теміржолды рұқсат етілмеген тұстан кесіп өтіп бара жатқан қызды қағып кетті. Екі құлағын құлаққаппен бекітіп алып, жаңғырған музыканың екпінімен кетіп бара жатқан бойжеткен жақындап қалған пойыздың дабыл дыбысын естімеген. Машинист пойызды шұғыл тоқтатуға әрекеттенсе де, жолына кесе-көлденең атып шыққан қыздың өмірін сақтап қала алмады. Дәл осындай оқиға шілде айында Ақтөбеде де болған еді. Құлаққап киіп, жүрдек пойыздың келіп қалғанын көрмеген ер адам оқиға орнында мерт болды. Ақтөбе станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің мамандарының айтуынша, теміржол бойындағы қауіпсіздік ережесін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын-алуға бағытталған шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылғанымен, қайғылы жағдайлардың саны азаяр емес. Шойын жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп қана қоймай, өз қауіпсіздігі үшін құлаққапты шешуге ерінген азамат ажал дейтін аждаһаның құрбанына айналуда.

Саңырау болғың келмесе...

Құлақты бітеген түймедей заттың кесірінен кеселге душар болғандар саны көбейе түсті. Құлақтағы күйсандықты күні бойы пайдаланатын адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлап, жүйке жүйесі қажиды екен. Оның үстіне, құлағы саңырау, санасы меңіреулердің тым жасарып бара жатқанын да жасырмайды мамандар. Отоларингологтардың айтуынша, өте қатты шу құлақтағы сезімтал жасушалардың өлуіне әкеліп соқтырады. Ақ халаттылар құлаққапты бар дауысымен бақыртып қойып тыңдау құлақ пердесін жарып жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мұның соңы керең болуға әкеліп соқтыруы да кәдік. Дәрігерлер құлаққап киюдің уақытын да екі сағаттан асырмау керектігін ескертеді. Ал құрылғыдағы дыбыстың ең жоғарғы шегі ретінде 80 децибелл белгіленген. Ал одан да қатты шектен асыру есту қабілетіне кері әсерін тигізеді. Негізгі көрсеткіш 60 децибелден аспауы тиіс. Айналадағы шу құлаққап арқылы да естілсе, ол 100 децибелді құрайды деп есептеледі. Ал дыбысты одан да қатты шығару қауіпсіз шектен асу деген сөз. Ақ халаттылар «құлаққап ауруының» мынадай белгілерін атап көрсетеді: құлақ үнемі шыңылдап тұрады, қатты шудың өзі жай естіледі немесе бәсең дыбыстар қатты естіле бастайды, өзіңізге сөйлеп жатқан адамды бір шақырымда тұрғандай әзер естисіз. Егер де осының бір белгісі ғана білінсе, онда «құлаққап ауруына» шалдықтым дей беріңіз. Заманауи технологиялардың дамуы психологтардың да алаңдаушылығын арттырды. Адам жанын зерттеуші мамандардың айтуынша, «ақылды» құрылғылар рухани жұтаңдыққа әкеп соқтыруда. Бұл құралдардың қауіптілігі сол, адам баласын өз-өзімен оңаша қалып, терең ойдың тұңғиығына жетелейді. Ешкіммен араласпай, оқшау жүретін жандар жалғыздық дертіне тез душар болатындығын айтады психологтар. Басында ләззәт үшін тыңдаймын деген музыканың тұңғиығы адамды біртіндеп өзіне тартып, ақыры өзін-өзі түсінбес халге душар етеді екен. Құлақтарынан тығын түспейтін жасөспірімдердің мінезі күрт өзгеріп, қоршаған ортамен қарым-қатынасы азаятынын мамандар ғана емес, балалары құлаққапқа тәуелді болған ата-аналар да аңғарған. Өзін өзгеге керексіз сезініп, түймедей тығынның ар жағындағы әлемнен сырлас іздеген жастар күйзеліске ұшырап, мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалардың көбейіп бара жатқаны тұлымды ұл, бұрымды қыз өсіріп отырғандардың уайымын күшейтті.

Құлақ бітеу – сана соқыр

Әке-шеше үйде тыйым салғанымен, бармақтай бәленің залалын ескермейтін жас­өспірімдер түзге шыға сала құлақтарын тарс бекітіп алады. Көшеде де, қоғамдық көлікте де жат ғаламшардан келгендей меңіреу күйде жүреді. Үлкенге құрмет көрсетуді үйренбеген жастар құлаққапты автобустағы егде кісілерге орын бермеудің таптырмас амалына айналдырып алған. Қоғамдық көлікке кірген бойда музыканың даусын барынша жоғарылатып, көзді тарс жұмып алады да, түрегеп тұрған қарттарды, аяғы ауыр келіншектерді аңғармаған болады. Ең сорақысы, таңалакеуімнен көзін тырнап аша салып, құлағын бітеп, ұйқыға да сол күйі жататын жастар жоғарғы оқу орнындағы дәріс, мектептегі сабақ кезінде де әлгіні тастамайды. Құлағындағы құлаққапты шашымен жасырып, ұстазды түсініп, түйсініп тыңдап отырғандай кейіп танытатындардың назары – тақтада болғанымен, ойы – айдалада, ән жетелеген әлемде. «Балам білім алып жүр» деп сенген ата-ана ұл-қызының сабақ үстінде немене айналысып отыратынын қайдан білсін? Ынты-шынтысымен сабақ түсіндіріп жатқан ұстаз да өзін мұқият «тыңдап» отырған оқушының ойы алыстағы ой-қырды кезіп кеткенін аңғара бермейді. Еліміздің болашағы деп үміт артқан жастарды зиянды әдеттен арылтудың негізгі жолы – оқу орнына ұялы телефонмен, құлаққаппен кіруге тыйым салу. Білім ошағының кіре берісіне ұялы телефон қалдырып кететін жәшіктер мен металл іздегіш құрылғыларды орнатып, заманауи құрылғыларды жасырын алып кірмекші болған жастардың жолына бөгет қою да – уақыт талабы тудырып отырған қажеттілік. Көлік тізгінін ұстап отырып құлаққаптың кесірінен түрлі жол апаттарына себепкер болатындармен күресуден шаршаған тәртіп сақшыларының да тілегі бар. Ұялы телефонмен сөйлескені үшін айыппұл салынатыны секілді құлаққап киіп көлік жүргізгені үшін де жауапқа тарту ережесін енгізсе дұрыс болар еді дейді олар. Расында, рөлде отырып, құлаққаптың кесірінен өзге көліктердің дыбысын естімейтін жүргізушілер жол үстіндегі қайғылы оқиғалардың көбеюіне себепкер болуда. Жол сақшылары қанша рет дабыл қақса да, құлақтарға жетер емес. Өйткені айналадағыны естіртпейтін түймедей тығын бөгет болып тұр...    

Серіктес жаңалықтары