Салауатты ұлт қалыптастырудың бастауы

Салауатты ұлт қалыптастырудың бастауы

Салауатты ұлт қалыптастырудың бастауы
ашық дереккөзі
415
Ашхабадта Орталық Азия өңіріне ортақ спорт мерекесі – жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимараттағы V Азия ойындары өтуде. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып қатысып, Қазақстанның ұлттық құрамасына қолдау білдірді. Дүбірлі  додада ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тілеген Елбасы оларды жеңіске жігерлендірді. «Денсаулық. Жігер. Достық» ұранымен өтіп жатқан спорт мерекесіне Азия және Океания елдерінен келген 65 делегацияның 6 мыңнан астам спортшылары мен ресми өкілдері қатысуда. Осынау ауқымды шараның құрметті қонағы болуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түркімен жеріне келгені үшін Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. – Бұл – Орталық Азия өңірінің барлық елдеріне ортақ мереке. Бұл – біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткіші. Осы ойындарға 64 елдің өкілдері қатысып отыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өтініші бойынша 65-ші ел ретінде босқындардан тұратын құрама қатысуда. Олар осы ойындардың туын ұстап сынға түседі, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов. Өз кезегінде Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдіріп, осындай іс-шараларды өткізудің маңызды екенін айтты. – Мен Сізді осы Азия ойындарының өтуімен құттықтаймын. Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Мұндай іс-шаралар арқылы Түркіменстанның әлемге танымалдығы арта түседі. Биыл Қазақстан да ауқымды спорт сайысын – 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу өте маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сайыста Қазақстанның атынан сынға түсетін спортшылармен  кездесіп, ұлттық құраманың дайындығымен танысты. Ашхабадқа спортшыларымызды қолдауға келгені үшін  Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев Мемлекет басшысына алғыс білдірді. – Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біз – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашхабадта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Қазақстан құрамасының капитаны. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті. – Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз  дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек, – деді Елбасы. Кездесу барысында танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы олимпиада ойындарының чемпионы және Пекин мен Рио-де-Жанейродағы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты. – Жұмыс кестеңіздің тығыз екеніне қарамастан бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз, – деді Ольга Рыпакова. Соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллиондаған жанкүйерлер спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенімді екенін айтып, айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. Елбасы қолдауынан қуаттанған ел атлеттері жарысты сәтті бастады. Азиаданың алғашқы екі күнінің өзінде Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс, 10 қола медальға қол жеткізіп,  жалпы есепте үшінші орыннан көрінді. Медальдардың көпшілігі – жеңіл атлеттердің еншісінде. Жарыстың алғашқы күнінде Иван Иванов (ядро серпу), Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру), Сергей Григорьев (сырықпен секіру) чемпион атанса, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Анастасия Виноградова қола медаль еншіледі. Сайыстың екінші күнінде әйелдер арасында үш қарғып секіруден Қазақстан намысын 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен 2017 жылғы Азия чемпионы Мария Овчинникова қорғады. Рыпакова өз кезегінде 14, 32 метрге секіріп, жеңіске жетті. Овчинникованың көрсеткіші – 13,21 метр болды. Қола жүлдеге 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы қытайлық Тан Кичжао ие болды. Осылайша, Ольга Рыпакова Ашхабадта өтіп жатқан Азия ойындарын екі алтынмен аяқтады. Ол 18 қыркүйек күні ұзындыққа секіруден де ешкімге дес бермеген еді. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір тумасы Элина Михина 400 метрге жүгіруден топ жарып, Қазақстан құрамасының осы жарыстағы бесінші алтынын еншіледі. Михина финалдық кезеңді 53, 37 секундта жүгіріп өтті. Күміс жүлдеге вьетнамдық Тхи Ханг Нгуен қол жеткізді. Оның уақыт көрсеткіші – 54, 41 секунд.Үздік үштікте Таиландтан келген Атчима Энг-Чуан (54, 45 с) бар. 19 қыркүйек жеңіске жеткендердің қатарында 60 метрге жүгірген Виктория Зябкина да бар. Ол Азиядағы ең үздік спринтер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жартылай финалда екінші болғанымен, финалдық кезеңде өзіне бәсекелес жоқ екенін байқатты. Зябкина бұл қашықтықты 7,32 секундта жүгіріп өтті. Екінші орынға вьетнамдық Ле Ту Чин (7,36 с) тұрақтаса, қола жүлде тағы бір қазақстандық атлет Ольга Сафроноваға бұйырды. Одан бөлек қола жүлдеге ерлер арасында 400 метрге жүгірген Михаил Литвинде ие болды. Финалда Литвин осы турнирдегі ең үздік нәтижесін көрсетті: 46,51 секунд. Жарыстың соңына дейін ел құрамасы қазақты әлі талай жетістіктерімен  қуантады деп сенеміз.

Серіктес жаңалықтары