408
Рухани жаңғыру – ұлт мұраты
Рухани жаңғыру – ұлт мұраты
Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мақаласында еліміздің рухани дамуы, оның ішінде ұлт болашағы, ұлттық сананы серпілту жайында маңызды мәселелер көтерілген болатын. Бұл дегеніміз – салт-дәстүрімізді, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты кітапханасында қазақтың ұлы жазушысы, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Мұхтар Әуезов және рухани жаңғыру» атты облыстық семинар өтті.
Семинарға облыс мұғалімдері, институттың кафедра меңгерушілері мен қызметкерлері және М.Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектерін зерттеуші ғалым, әуезовтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанұлы Тайжанов қатысты.
Өзіндік ойлардың жоғарғы деңгейінде сөз саралаған профессор А.Т.Тайжанов ел болашағы, ұлт болмысы, мәдениет пен өнер, ұлттық руханият туралы нақты деректерді келтіре, егеменді ел ретінде ұлттық құндылықтарымыздан қол үзбеуіміз керек екендігін ашып айтты. Кафедра меңгерушілері А.Тоқсанбаев, А.Қ. Дүйсенбаев, аға оқытушы А.С. Сүгірбаева Мұхтар Әуезов мұраларындағы этнопедагогикалық көзқарастар мен зерттеу тағылымдарының өзектілігіне және Әуезов шығармаларын заманауи форматта оқыту мәселелеріне тоқталды. Қатысушылар ашық микрофонға белсене қатысып, Әйтеке би ауданы М.Жұмабаев атындағы орта мектептің мұғалімі А.А. Лекерова өзі жазған өлеңін оқыды. «Әлем әдебиетінің алыбы» атты кітап көрмесі шараға көркемдік жағынан әр берді. Белгілі әуезовтанушы, профессор Тайжанов Алтай Тайжанұлы институт кітапханасының қорына «М.Әуезов дүниетанымы», «Парыз бен пайым» т.б. монографияларын сыйға тартты. Шара соңы М.Әуезов мұраларын дәріптеумен, ұлт руханиятының мәртебесін көтерумен аяқталды.
Ермекова Н.Н.
Кітапхана меңгерушісі
Ақтөбе қаласы