338
Божко өзінің сөзін бұрмалаған журналистерге шүйлікті
Божко өзінің сөзін бұрмалаған журналистерге шүйлікті
Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко қалаға ауылдардан келіп жатқан жастарға қатысты айтқан сөзін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Божконың айтуынша, оның сөзін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұрмалап беріпті, ол ауылдағы жастарға жағдай жасау қажеттігі туралы айтқан.
Депутат осы күндері ғаламторда оның сөздеріне қатысты айтылған пікірлерді, өзіне тіл тигізген адамдардың түрлі дөрекі сөздерін оқыған.
"Кей адамдар тікелей маған тіл тигізіп, мұны шовинизм деп, ауыл еңбеккерлерін қыспаққа алып жатыр деп мені айыптаған. Бұл адамдар оларды сотқа бергенімді қалайтын сияқты. Осылайша арзан атақ жинап алмақшы. Мен сотқа арызданбаймын, мұндай тәсілді мен білемін. Қазір ақпарат жөніндегі заң қаралып жатыр, ғаламтордағы үлкен аудиторияны пайдаланып, кейбір көргенсіздеу азаматтардың бейбастық әрекетіне жол бермейтін кез келді деп ойлаймын", — деді депутат.
Айта кетейік, Божконың Абу-Даби плазадағы жағдайдан кейін қалаға ауылдардан ағылып келіп жатқан жастардың санын азайту керек деген сөзі әлеуметтік желіде сынға ұшыраған болатын.
"Мен жастарға қалаға келуге тыйым салу қажет деп айтқан жоқпын, бұл әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Мен жастардың ауылдан қалаға кетпеуі үшін жағдай жасау қажет дегенді айттым. Мәдени мәселелерді шешу керек, жақсы жұмыс беру қажет, инфрақұлырым жақсы болуы тиіс. Ешкім Иван Сауэрдің ауылынан кетіп жатқан жоқ қой. Өткені ол жерде барлық мәселе шешілген, бүкіл жерде осылай болуы керек", — деді Божко.