301
Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес
Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес
Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес. Бұл туралы бүгін Ақордада отандық және шетелдік журналистермен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Біздің қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымдарын салбыратып, шолпыларын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан, қолына найза алған. Сондықтан сонша ғасырлық тарихымызды алып келіп, бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигендерін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес қой. Қай құранда жазылған? Бұл салтымызды бұзады. Мұнда тұрған қандай ерекшелік бар? Оған кім қызығады? Сондықтан ол біздікі емес. Мен бұл туралы бір рет айттым. Мен айтқаннан кейін орындататын адаммын. Сондықтан жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін», - деді Қазақстан Президенті. Мұнан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда отандастарымыз соғысып жүрген аймақтардағы жағдайдың өте ауыр екенін баса айтты. «Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жастарды шақырды, ақша төледі. Оларды соғысқа бейімдеп, соғыстырды. Содан кейін «елдеріңе қайтып, лаңкестік жасаңдар» деп оған үйретіп жатыр. Бізден де барып жатқан адамдарды білемін. Ол жастар өзінің орнын осы жерде таба алмаған, не жұмысқа орналаспаған не білім алмаған. Ана жақта қаражат төлейміз дегеннен кейін соған барып алданып қалады. Сол жаққа отбасын да апарғандықтан олар кете алмайды», - деді Мемлекет басшысы.