Әлем  қызығып көз тіккен

Әлем  қызығып көз тіккен

Әлем  қызығып  көз тіккен
ашық дереккөзі
786
Тойдың болғанынан боладысы қызық. Сонау 2012 жылдан бері талай талдауға азық болған Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен жексенбіде мәреге  жетті. Енді ол туралы тек дүниежүзілік ЭКСПО-лар тарихы мұражайынан көріп-білуге болады. Тоқсан күн бойы қазақтың сақара даласында салтанат құрған ЭКСПО көрмесі мемлекетке не берді? Бұл мәселені әлі талай қаузайтынымыз анық. Себебі 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым павильон ашып, әрқайсысы өзінде барын жарқырата көрсетуге ұмтылған идеялар базарында көңілге тоқитын, сәулелі сананы түртетін дерек пен дәйек көп болғаны шындық. Ал соншалық алапат ақпарат тасқынынан керегімізді іріктей алдық па, көргенімізді қорытып, қорытып қана қоймай игеріп, игілігімізге жарата аламыз ба, әлде ЭКСПО-2017 мұрасы даңғаза мақтан мен құрғақ жарнаманың нысаны ғана бола ма – ол жағы өзімізге сын.

Германия – жасыл технологиялар көшбасшысы

Расында, осы көрмеде Германия өзінің жасыл технологияларды дамыту саласында көшбасшы екенін дәлелдеді. Мұны оның ауқымды павильонының өзі айғақтап тұратын: су, күн, жел қуатын былай қойғанда, бұл ел жердің астыңғы қабаты, үстіңгі қабатынан, теңіз суларынан, тіпті су балдырларынан қуат өндіруді қолға алыпты. Баламалы қуат көздерін табуда инновациялық жобаларды жүзеге асырып отырған халық өз тәжірибесімен бөлісуге асық. Бұл саладағы жаңалықтары мен болашақ жоспарларын кеңінен таныстырып, тәжірибе алмасуға әзірлігін білдірді. Немістің ұқыптылығы мен дәлдігіне сай жабдықталған, мазмұны бай, жинақы әрі көзге тартымды павильонды жасауға көп қажыр-қайрат пен ақыл қуаты жұмсалғаны көрініп тұр. Осы еңбекке сай, Германия павильоны Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде «Болашақтың қуаты» тақырыбын ашуда ең үздік деп мойындалып, алтын жүлдеге ие болды. Германия бұл марапатқа әбден лайық. Павильондарды өзара салыстырып, оларға баға берген қазылардан бөлек, көрмені аралаған қарапайым көрермендердің пікірі осыны құптайды. Мұның бір дәлелі – осы үш ай жазда Германия павильонының алдынан адам үзілген жоқ. Астана көрмесінің бас тақырыбын ашуда тың идея ұсынып, озық шыққандардың арасынан күміс жүлдеге Қытай ие болды. Ал үшінші орын, яғни қола жүлде – Францияныкі. Павильонның дизайны жағынан үздік шыққан Ресей болса, күміс жүлдені Ұлыбритания иеленді. Обалы нешік, қазақтың ұлттық дәстүрін зерттеп, тұрмыс-салтына құрмет білдіріп, ЭКСПО-ға инновациялық киіз үй сүйегін алып келген Ұлыбритания дизайн жағынан бірінші орынмен марапатталуға әбден лайық еді. Бірақ қазылар жағы Арктикадан әкелінген 4 текшеметр мұзтауды қазақтың киіз үйінен артық көрген сыңайлы. Екі павильонды салыстырып қарағанда, ЭКСПО қожайыны – қазақ ұлтына деген құрметтің салмағы басым болуы тиіс сияқты еді. Оның үстіне, киіз үйдің сүйегін сәуле өткізгіш пластик материалдан жасаған британдықтар «Қуат көзі – бәріміз» деп, адамның табиғаттан аларын ғана емес, оған тигізер әсерін де ойлауға үндеп еді. Хош, сонымен бұл санатта үшінші орынға Корея ие болды. Бұл – аумағы 700 шаршы метрден асатын ірі павильондар арасындағы бәсеке нәтижесі. Бұлардан бөлек, павильон аумағы бойынша бөлінген тағы үш топ бар. Оның ішінде 400 және 700 шаршы метр аралығындағы аумақты алып жатқан павильондар тағы екі талап бойынша: тақырыпты ашу және таңдаған дизайны бойынша сұрыпталды. Сонда «Болашақтың қуаты» деген тақырыптың мәнін ашудағы жаңалығы үшін бұл топта алтын жүлде -– Швейцарияға, күміс жүлде – Мажарстанға, қола жүлде – Үндістанға бұйырды. Ал дизайны бойынша алтын жүлдемен – Катар, күміс жүлдемен – Әзірбайжан, қола жүлдемен – Монако марапатталды. Дәл осы топ бойынша жүлде алған елдердің ішінде Үндістанның қалай үздік шыққаны түсініксіз, себебі ЭКСПО-қалашықты өз павильоны аумағында жайма базарға айналдырған бірден-бір ел – Үндістан еді. Обалы нешік, көптеген елдер өз павильондарында ұлттық тұрмыс мәдениетіне тән бұйымдарын көрмеге қойып, кей заттарын саудалауға шығарғанымен, дәл үндінікіндей жайма базар жасаған жоқ. Көрмеге келген қонақтар базарлық алып кететіні белгілі, Германия, Ресей, Әзірбайжан, Иран сияқты басқа да елдер кәдесый есебінде аз ғана тауарларын бір бұрышқа қойып сатты. Ал Үндістан павильонының бір жартысында күн қуатын насихаттайтын панельдердің бір-екі макеті мен қабырғадағы экрандағы бейнесі орналасса, екінші жартысы қатар-қатар сөрелерге қойылған жайма базар еді. Дәл осы павильонды үнді шәйі мен тауарын алуға қызыққан қонақтар босатпады. Ендеше, дизайны үшін қола жүлдеге ие болғаны – жайма базардың арқасы ма – бұл арасы біз үшін күңгірт. Мысалы, өзіміз аралаған Израиль, Ватикан сияқты мемлекеттердің павильоны дизайны жағынан әлдеқайда тосын әрі бай көрінген. Ал ең кіші, яғни аумағы 400 шаршы метр­ге жетпейтін павильондардың иелері арасынан бас тақырыпты ашқаны үшін алтын жүлдені Финляндия, күміс жүлдені – Сингапур, қола жүлдені – Чехия жеңіп алды. Дизайны жағынан алтынға – Польша, күміске – Словакия, қолаға – Латвия ие болды. Бұлардан бөлек, жеке павильон ашпай, өзгелермен тізе қосып, біріккен павильон құрған елдер бар. Осындай біріккен павильондардың ішінде тақырып бойынша алтын жүлде – Тәжікстанға, күміс жүлде – Ганаға, қола жүлде – Украинаға бұйырды. Ал дизайн бойынша алтынды – Кариб қауымдастығы Плазасы, күмісті – Тынық мұхиты Плазасы, қоланы – Латын Америка Плазасы иеленді. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымдарының идеялар бәсекесінің ресми нәтижесі осындай. ЭКСПО-ны тамашалаушылар саны төрт миллионға жуық Астаналық ЭКСПО-ның ойдағыдай өтуіне ойдағы-қырдағы қазақтар көп үлес қосты. Жиырма бес – елу жылда бір болатын тарихи оқиғаға куә болайын дегені бар, халықаралық деңгейде өткізіп жатқан мемлекеттік шараға аз да болса себім тисін дегені бар, әйтеуір, қалың қазақ ЭКСПО-ның шашпауын көтерді. «Көп түкірсе – көл» деген, көрмені ұйымдастырушылар 2 миллион қатысушыны місе тұтқалы отырғанда, маусым-шілде айының өзінде келушілер саны бұл межеден асып кетті. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің баспасөз қызметінің дерегіне жүгінсек, 9 қыркүйекте 3 миллионнан асып жығылды. Сонымен, Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің жалпы қонақтарының саны – 3 977 545. Оның ішінде Астанаға алыс-жақын шет мемлекеттерден атбасын тіреген турис­тер саны жарты миллионнан асты. Осылайша, көрме діттеген межесіне жетті, көздеген мақсат орындалды, ойдағы, ниеттегі талап-тілек үдесінен шықты. «ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел жасыл технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме таза энергетиканы жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін», – деді көрменің жабылу салтанатында сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Осы үш ай жазда Астананың көшелері мен қоғамдық орындарында әртүрлі елден келген шетелдік қонақтардың көбейгенін, аз уақытқа болса да, әлемдік астаналар сияқты елордамыздың космополит қалаға айналғанын көзіміз көрді. Космополит дегенде, көшедегі нөпірдің жалпы реңі бұрын тек қаракөздер болса, осы жазда жатжерліктердің қарасы көбейіп, орысша емес, ағылшынша жөн сұрап жүретін қонақтардың саны басым болғанын айтып отырмыз. Біз көріп жүрген Лондон, Амстердам, Стамбұл сияқты миллионер қалалардың сипаты бұл. Ендеше Астана жалпы саны бір миллионнан енді асқан тұрғын халқымен, жаңаша тұрпатымен әлемдік астаналарға ұқсай бастаса, оны несіне жамандыққа жоримыз?

Соңғы кезек

Әйткенмен көп нәрсені соңғы сәтіне дейін созатын әдетіміз де қалмапты: талай адам ЭКСПО-ны арнайы келіп көріп қайтты. Ал біраз адам көрменің соңғы күндерін пайдаланып, әйтеуір бір төбе көрсетуге асықты. Содан болар, ЭКСПО-қалашық соңғы күндері, әсіресе 9 қыркүйекте ығы-жығы адамға толы болды. Бұл күні онсыз да былайғы күндері адамы үзілмейтін Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Жапония, Корея, Ресей павильондарының алды қалың нөпірден көрінбей қалды. Ал Қазақстанның ұлттық павильоны орналасқан «Нұр Әлем» ғимаратының алдындағы кезек бір шақырымнан асқан болар. Нөпірдің тасқынын аз да болса сейілту үшін волонтер қыздар қолдарына дауыс зорайтқышты алып: «Құрметті қонақтар! «Нұр Әлем» павильонына кіру үшін кезекте екі не үш сағат тұру керек, уақыттарыңызды ысырап етпей, одан да халықаралық павильондарды аралап көріңіздер» деп жар салумен болды. Астана ЭСКПО-2017 көрмесінің баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес, 9 қыркүйек күні қалашыққа 100514 адам кірген. Салыстыру үшін айталық, көрме ашылған маусым айының алғашқы күндері келушілер саны 22 840  шамасында еді. Осыдан соң ЭКСПО-2017 көрмесі көңілден шықпады деп қалай айта аласыз? Көрме осылай өтуі тиіс: адамы көп, кезек – ұзын-сонар, иін тірескен қонақ...

ЭКСПО-ның мұрасы – «Нұр Әлем» мұражайы

Көрме жұмысын қорытындылаған Халықаралық Көрмелер Бюросы Қазақстан басшылығы мен халқына алғыс айта отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ЭКСПО-2017 көрмесінің ойдағыдай өткізуге қосқан үлесі үшін алтын медальмен марапаттады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов абыройлы еңбегі үшін алтын медальға ие болды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, үш айда көрмеге 40 мемлекеттің басшысы, 9 елдің үкімет басшысы, 72 елдің сыртқы істер министрі ресми сапармен келген.  «Бүгінгі күні аталған ауқымды жоба ел экономикасына оң әсерін тигізді және шамамен 50 000 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Көрмелердің тәжірибелеріне жасалған жете талдау барысында аталған ауқымды жобалар мұраларының маңызы зор екендігін байқадық. Қазіргі кезде ЭКСПО-дан кейінгі кезеңнің бағдарламасы аяқталуға жақын. Көрменің әрбір шаршы метрін алдағы уақытта мақсатты қолдану жөнінде нақты жос­пар бекітілген. Ең бастысы, 4 миллион көрме қонақтары көрмеден ұмытылмас әсер алды. Халықаралық павильондарға келушілердің саны 30 миллионды құрады және аталған көрсеткіш үшін қатысушы мемлекеттер ұсынған қызықты контентке алғыс білдіремін» деп атап өтті Ахметжан Есімов. ЭКСПО-ның ең басты әрі көрнекті мұрасы – «Нұр Әлем» сферасы. Бұл нысан мұражай ретінде сақталып, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ақпараттық-танымдық қызмет көрсетуін одан әрі жалғастырады. Бұл орайда Елбасы: «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс», – деді жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Ал ең басты сұрақ – «Болашақтың қуаты не?» дегенге келер болсақ, жүзден аса ел түрлі идея-ұсыныстарын ортаға салды, келешек қуат көзін Күннен де, Ғарыштан да, Теңізден де, Желден де, Жер қыртыстарынан да іздеді. Бастысы, Қазақстан халықаралық қауымдастықтың алдына келешек ұрпақтың қамын адамзаттық деңгейде бірге ойласу қажеттігін еске салды. Ізденіс басталды, енді оған тоқтау жоқ. Болашақтың қуатын табуда интеллектуалдық, ғылыми-технологиялық жарыс басталды, бұл салада кімнің ойы озық, білімі жетік болады, кім тапқыр, кім батыл болады – болашақтағы көшбасшылар да солар.    

Серіктес жаңалықтары