50 мың көрермен алдында өнер көрсетті

 Анкара қаласында 11-20 тамыз аралығында Етимесгут муниципалитеті мэриясының ұйымдастыруымен ХІV халықаралық «Анадолы күндері» мәдениет және өнер фестивалі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аясында Қазақстан кеші жүзеге асып, онда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданынан «Әдемі-ау» би ансамблі мен Меркі аудандық «Меркі әуендері» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ, фестиваль барысында еліміздің мәдениеті мен әдет-ғұрпын жан-жақты таныстыратын «Қазақстан» үйі ашылып, жұртшылық назарына сурет көрмесі ұсынылды. Жамбылдық өнерпаздарды Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы қабылдап, халықаралық өнер мерекесіне шақыртуды қабыл алғандары үшін алғыс білдірді. Қолдау көрсеткен облыс және аудан әкімдеріне ризашылығын жеткізді. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен атқарылған жұмыстарға тоқталып, делегация мүшелеріне Түркия Республикасында қазақ өнері мен мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады. Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева өз сөзінде Қазақстанның Түркиядағы елшілігі шалғай ауданда жатқан шығармашылық ұжымдарды елеп-ескеріп жасаған ұсынысына ерекше қуанғандарын жеткізді. Бұдан кейін қазақстандық делегация Етимесгут муниципалитеті басшысы Энвер Демирелмен кездесті. Ол «біздің мақсатымыз – түбі бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастық, достық қарым-қатынасын нығайтып, бауырлас мемлекеттердің рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Шығармашылық ұжымдарды бір алаңда тоғыстырып, әр халықтың ұлттық музыкасын және өнерпаздарын таныстыру» деп атап өтті. Кешкісін «Анадолы күндері» мәдениет және өнер фестивалі басталып, «Әдемі-ау» би ансамблі мен Меркі аудандық «Меркі әуендері» фольклорлық ансамблі халықтық ән-күйлер мен түркітілдес елдердің бай мұрасын тарту етті. Фестиваль алаңына күн сайын 20-30 мың адам жиналса, сол күні ресми түрде 50 мың көрермен тіркелген. Концерт соңынан Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы екі ел бауырластығының мәңгі жасайтынын айта келе, Етимесгут муиципалитеті басшысы Энвер Демирелге қазақ өнерін танытуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдіріп, сый-сияпат жасады.

Динара Дүрмән

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button