548
Қазақстан үлгісі баршаға сабақ болса игі
Қазақстан үлгісі баршаға сабақ болса игі
Таяуда «US News» америкалық басылымында сарапшы Теодор Карасиканың мақаласы басылды. Онда халықаралық қауіпсіздікке сызат түсіріп, ядролық арсеналын түгендеп жатқан мемлекеттерге Қазақстаннан үлгі алу керектігі жазылған. «Түркістан» апталығының оқырмандарына осы мақаланың толық нұсқасын ұсынамыз.
Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық зымыран жасауға талпынысы, яғни Солтүстік Америкаға ядролық зымыранды бағыттауы жаһандық қауіп төндіріп тұр. АҚШ Қауіпсіздік кеңесі бұған жауап ретінде тағы бір санкциялар тобын бекітті, бұл жолы Ресей мен Қытай қолдау көрсетті.
Әлемде өз арсеналын басқа бағытта пайдаланып отырған мемлекеттер бар. Бәлкім, Солтүстік Корея Қазақстаннан үлгі алуы керек шығар, өйткені ол ядролық мәселелерге қатысты қиын жағдайдан шығудың әдемі үлгісі.
Қазіргі таңда Қазақстан ядролық қаруды тиімді және инновациялы жолмен еңсеру бойынша көшбасшы. Қазақстанның Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында МАГАТЭ-ның бақылауындағы әлемдегі ең алғашқы ядролық банкті ашуы ядролық қаруды таратпаудағы маңызды қадам. Атом электр стансаларына арналған төмен байытылған уранды сақтау орталықазиялық мемлекетті ядролық қаруды таратпаудың көшбасшысы етті. Негізі, Солтүстік Кореяның да осы жолды таңдауына болар еді.
Қазақстан 40 жыл бойы кеңестік ядролық қарудың сынақ алаңы болды. Мемлекет аумағында жүздеген ядролық сынақ жасалып, зардабы көп улы мұра қалдырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабуға бұйрық берді, енді бұл күн – 29 тамыз Біріккен Ұлттар Ұйымының Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін Қазақстан жасампаз келіссөздердің нәтижесінде ядролық қарудан бірден бас тартты, бұл ядролық қаруды таратпау процесінің бастамасы болатын. Ядролық қаруды таратпау келісімі бойынша бірде-бір ел Қазақстаннан асып түскен жоқ.
Қазақстанның әлемді ядролық қарудан тазарту талпынысы 1990 жылдардан басталған.
КСРО құлағаннан кейін ел аумағында қалған қалдықтардан бас тартқан Қазақстан ядролық державалардан өз тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келмеуіне кепілдік талап етіп, дегеніне қол жеткізді. Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылуына орай 1994 жылы Құрама штаттар, Ұлыбритания және Ресей қауіпсіздік меморандумына қол қойды. Бұл көріп отырғанымыздай, әлемдік аренада Астананы ашық қатысушы және қаруды таратпаудың қолдаушысы ретінде қалыптастырды. АҚШ, Қытай және Ресей Солтүстік Кореяға қатысты осындай қадамға барады деуге негіз жоқ.
Кеңес Одағының ядролық сынақтарының басым көпшілігі Қазақстанның солтүстік-шығысындағы Семейде жасалған. 1989 жылы наразылық білдіргеннен кейін бағдарлама жабылған еді. Бірақ оған дейін полигонда 30 жерүсті, 88 ауада және 340 жерасты ядролық сынақтары жасалған болатын. Мыңдаған адам обырға және басқа да ауруларға шалдығып, радиацияның кесірінен туабітті кемтарлыққа душар болды, талайлары содан көз жұмды.
2006 жылы Орталық Азиядағы бес мемлекеттің көшбасшылары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан – Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру (ОАЯҚА) туралы келісімге қол қойды. Келісім бойынша Орталық Азияда жарылғыш құрылғыны жасау, дайындау, қор жинау, сатып алу немесе сақтауға тыйым салынған.
Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану МАГАТЭ-нің арнайы кепілдігі арқылы жүзеге асырылады. ОАЯҚА – толығымен солтүстік жартышарда орналасқан ядролық қаруы жоқ алғашқы аймақ.
2013 жылы «P5+1» форматындағы келіссөздерді жаңғырту аясында Қазақстан Иранды Орталық Азия елдері келісіміне кіруге үгіттеді.
2013 жылдың ақпан және сәуір айларында Астанада Орталық Азиядағы ядролық қаруды таратпау режиміне Тегеранды көндіру бойынша екі раундқа созылған келіссөздер өтті. 2009 жылы сәуірде Астанада Иран президенті Махмұд Ахмединежадтың қатысуымен өткен екіжақты баспасөз конференциясында Қазақстан президенті бұл мәселені тездету үшін өз аумағында Төмен байытылған уран банкін (ТБУ) ашуға дайын екенін ресми жариялады.
Бұл халықаралық қауымдастыққа Астананың ұстанымын жария етті, Иран сияқты мемлекеттер жағармай банкін пайдалануына болады. Сол кезде Тегеран бұл бастаманы қолдаған жоқ, десе де Астананың әлемдік ядролық аренада маңызды ойыншы екенін паш етті.
Қазақстанның ядролық қарумен күресу ұстанымы бейбіт ядролық энергетика саласында көшбасшы болуына кедергі келтірмейді. Қазақстан – ең ірі уран өндірушілердің бірі, қазақтар ТБУ банкіне қажетті ядролық элементтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі біліктілігін көрсетті. Төмен байытылған уран банкін ашудағы басты қағида – бейбіт мақсатта пайдалану үшін жағармай сатып алушылар тұрақты және экономикалық жеткізулерге қол жеткізеді, уранды байытудың жеке циклын жасау қажеттілігінен және толық ядролық цикл иегерлері тобының кеңеюінен құтылады.
Қазақстанның жағармай банкін ашудағы құлшынысы Астананың ядролық қаруды таратудың алдын алудағы байыпты саясатын көрсетеді. Астана осы мақсатты жүзеге асыру үшін, басқа да ядролық қаруы бар мемлекеттер ЯҚТК-ге қосылып, қарудың таралмауын қалайды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2018 жылғы ротациялық төрағалығы кезінде ТБУ банкі жобасын дамытуға ықпал ете алады және солтүстіккореялық ядролық бағдарлама төңірегіндегі дағдарыстың шешілуіне атсалыса алады.
Пхеньян ядролық қаруды таратпау режимінің халықаралық жауапты қатысушысы болып табылатын Қазақстанның үлгісін мемлекеттік мүдде ретінде және қазіргі тығырықтан шығар жол ретінде қарастыруы тиіс.
Тәржімалаған
Ақниет ОСПАНБАЙ