Бақытжан Сағынтаев «Еуразиялық апталық» форумын ашты

Бақытжан Сағынтаев «Еуразиялық апталық» форумын ашты

Бақытжан Сағынтаев «Еуразиялық апталық» форумын ашты
ашық дереккөзі

Астанада жыл сайынғы «Еуразиялық апталық» халықаралық форум жұмысын бастады. Шараны Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл шараның ауқымы мемлекеттік сектор мен бизнес қоғамдастық арасындағы өзара тығыз іс-қимылды нығайтып қана қоймай, ары қарай интеграциялық үдерістерді арттыруға мүмкіндік береді. Осында Қазақстан атынан әр саладағы экспортқа негізделген 80-ге жуық компания келіп отыр. Бұл өз кезегінде елдегі тың байланыстарды пысықтауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен сегіз мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Менің ойымша, осындай қадамдар кәсіпорындар тарапынан елдің интеграциясын қолдаудың жақсы көрсеткіші. Біз алдағы уақытта да кәсіпорындар тізімін кеңейтуге мүдделіміз», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев. Форумға қатысу үшін Астанаға  әлемнің 42 елінен мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнес қоғамдастықтың өкілдері келді. Жалпы  шараға екі мыңнан астам адам жиналды. «Еуразиялық апталық» бағдарламасына 30-дан астам пікір алмасу шаралары қамтылады. Осы ретте ЕАЭО-ның ортақ нарығына қатысты экономиканың 13 саласындағы мәселелер талқыланады. Панельдік талқылаулар, семинарлар мен дөңгелек үстел отырыстарында 17 елден келген  300-ден астам спикер сөз сөйлейді деп күтілуде. Апталық аясында Еуразиялық экономикалық одақ елдері губернаторлары саммитін өткізу жоспарлануда. Оған Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің басшылары қатысады.  «Форум алаңында бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланып отыр. Бұл құжаттар ЕАЭО аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Осы орайда агроөнеркәсіптік кешендегі қатынастар, оның ішінде экспортты арттыруға бағытталған шаралар ескеріледі», - деді ҚР Үкімет басшысы.