Ақтөбеде алаяқтар мектепте несие рәсімдеген

Ақтөбеде алаяқтар мектепте несие рәсімдеген

Ақтөбеде алаяқтар мектепте несие рәсімдеген
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының тұрғындары екі келіншекке алданып қалды. Екеуі өздерін екінші деңгейлі банк менеджерімін деп таныстырып, онлайн режимде несие рәсімдеп, ақшаның бір бөлігін өздері иемденіп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбенің Хромтау ауданындағы тұрғындар бір күнде алданып қалды. Ақшаға мұқтаж адамдар тез арада несие рәсімдеп беретін, үш айға бөліп төлеу құқығы бар ұсынысқа бірден келісім берді. Олар тұрғындардың бірінің үйіне барып, өздерін екінші деңгейлі банк менеджерімін деп таныстырған. Кейін аудан тұрғындары арасында ақпарат тез тарап, олар мектеп, зауыт қызметкерлеріне де несие рәсімдеуді ұсынады. Кейбіріне «несие бермеді» деп жауап қайтарып, өздері есепшотқа түскен қаржыны қалталарына салып отырған. Жәбірленушілер аты-жөндерін жасырып қалды. «Ауылда тұратын Раушан есімді келіншектің үйіне несие рәсімдейтін адамдар келіп жатыр деген хабар тез тарап кетті. Кейін телефон шалып, шақырған едік. Олар мектепке келіп, 2-3 күн интернет желісінің істемей тұрғанын айтты. Өзім жеке куәлігімді беріп, бұрын несиені төлей алмай «қара тізімге» іліккенімді айттым. Олар бұл тізімге қарамайтынын айтқан соң 100 мың теңге алғым келді. Олар мені жан-жағымнан суретке түсірді, кейін келісім бермегенін жеткізді. Бір аптадан соң тағы рәсімдеп көретіндерін айтты. Мектепте жұмыс істейтін басқа адамдарға несие рәсімдеп, біздің көз алдымызда банкоматтан ақша рәсімдеді. Арада 1 ай өткен соң адамдарға несие рәсімдеп, ақшаның бір бөлігін өздерінің қалталарына салып алғанын естідік. Телефон шалып, хабарласқанда маған 47 мың теңге рәсімделіп, үш айда 120 мың теңге болып кеткенін білдім. Өзім бір тиын ақша ұстаған емеспін», - деді жәбірленуші, төрт баланың анасы. Ол полициядан күдер үзген. Кейін Ақтөбе қаласына барып, екі келіншекті ұстап алып, көше бойында ақшаны қайтаруды талап кеткен. Кейін қолхат жаздырып алып, олар 57 мың теңгені 2 күнде қайтарып беруге келісім берген. Бірақ уәде сол күйі орындалмады. Ал тағы бір тұрғын несие рәсімдеп, 68 мың теңгені қолына алған. Шын мәнінде оған 90 мың теңге рәсімделіп, қалған 22 мың теңгені «менеджерлер» өздері алған. «Бір айда ақшаны кері қайтару керек екенін білмедік. Бізді алдап кетіп, олар жаймашуық өмір сүріп жүр. Полицияға арыз жазып, алданып қалғанымызды екі ай бұрын хабарлаған едік. Арыз түсірген соң олармен беттестірді. Бірақ екеуі де ақшаны кері қайта аламайсыңдар деп сенімді отыр. Екі айда бір шешімі шығатын уақыт болды, бірақ құқық қорғаушылар істі тергеуді аяқтай алар емес»,- деді жүкті келіншек. Айта кетейік, осы оқиға бойынша қазір Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. «Екі әйел Хромтау ауданының тұрғындарына несие рәсімдеп, оларға ақшаның бір бөлігін берген, қалғанын өздері иемденген. Қазір 22 арыз түсті. Жәбірленушілерден жауап алынып, тергеу жүріп жатыр. Ал адамдарды алдап, несие рәсімдеген екі әйелге ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасы қабылданылды. Сот алды тергеу жалғасуда»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы.