Тұрсынбек Кәкішев – 90 жаста

Қазақ әдебиеті тарихындағы тау тұлғаның бірі – Тұрсынбек Кәкішев. Қаншама ғылыми еңбектер жариялап, қаншама шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз 88 жасында бақилық болған еді. Әдебиеттанушы ғалым тірі болса биыл тоқсан жасқа шығады екен. Ғалымның тоқсан жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада бүгін «Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды деп хабарлады Егемен Қазақстан.

Оған елордалық зиялы қауым өкілдері түгелге жуық жиналды. Сондай-ақ, Көкшетау мен Ерейментау ауданының әкімшілігінен де бірқатар азаматтар қатысты. Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев жүргізді. Ол бүгіннен бастау алған іс-шараның Кәкішев туған ауылда және Алматыда жалғасын табатынына тоқталды. Ол ірі ғалымның өз ой-пікірін бұлтақтамай тура айтатын мінезін, соңына қалдырған мол мұрасын әңгіме өзегіне айналдырды.

Тұрсынбек Кәкішев Сәкен Сейфуллин мұрасын көп зерттеген ғалым. Кеш барысында зиялы қауым өкілдері оның Сәкенді жалпақ жұртқа танытудағы еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ, «Қазақ әдебиетінің тарихы» көптомдығына, «Көпұлтты кеңестік әдебиетінің тарихы» атты кітаптарға сіңірген еңбектеріне шолу жасады. Оның әдеби сыны турасындағы мақалалары әңгіме өзегіне айналды.

Өмір жолында 20-30-дан астам ғылым докторларын, бірнеше кандидаттарды даярлаған Тұрсынбек Кәкішев тірліктегі адамдық қадір-қасиеті дуалы ауыз ғалымдар тарапынан айтылды. Кешке қатысқан Тұрсын Жұртбай, Нұрлан Оразалин, Дихан Қамзабекұлы, Серік Тұрғынбек, Несіпбек Айтұлы, Рахымжан Тұрысбек сынды ғалымдар мен қаламгерлер ірі ғалымның тұлғасын танытатын жылы естеліктерімен бөлісті.

Back to top button