Назарбаев Есімовпен EXPO-2017 көрмесін талқылады

Назарбаев Есімовпен EXPO-2017 көрмесін талқылады

Назарбаев Есімовпен EXPO-2017 көрмесін талқылады
ашық дереккөзі
327
Назарбаев Есімовпен EXPO-2017 көрмесін талқылады. Мемлекет басшысы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. Кездесуде Қазақстан Президентіне "ЭКСПО-2017" көрмесінің өту барысы жөнінде баяндалып, оның жұмысы аяқталғаннан кейін нысандарын пайдалану туралы ұсыныстар айтылды. Ахметжан Есімов Нұрсұлтан Назарбаевқа көрме мен павильондарға келушілер саны туралы мәлімдеді. "Көрмеге үш айда 2 миллион адамның келуі жоспарланған болатын. Бүгінде келушілер саны 2,5 миллионнан асты. Халықаралық павильондарға 5 миллионнан астам адамның келуі көзделген болса, қазір оларды 20 миллионға жуық адам аралап көрген. Келушілер үшін ең танымал павильон - "Нұр Әлем" сферасы. Оған 831 мың турист келген. Көрме соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп жоспарланып отыр. "ЭКСПО-2017" көрмесі ашылғаннан бері 68 елдің ұлттық күндері өтті. Сондай-ақ, көрмеге 106 мәртебелі мейман келді, атап айтқанда, 19 мемлекет басшысы, 16 премьер-министр және олардың орынбасарлары, 11 парламент жетекшісі және олардың орынбасарлары, 60 министр және олардың орынбасарлары бар. Шет мемлекеттер өздерінің павильондарын әзірлеуге 100 миллион долларға жуық қаражат жұмсады, - деді Астана "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы. Сонымен бірге, Елбасыға туризм саласындағы көрсеткіштердің айтарлықтай өсіп келе жатқаны жөнінде баяндалды. Есімовтің мәліметіне сәйкес, Астана қаласындағы қонақ үйлер мен хостелдер саны 27%-ға өскен. Оларға қонақтарды орналастыру көрсеткіші 60 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысы халықаралық көрмені өткізу елорданы және жалпы ел экономикасын дамытуға мультипликативтік оң әсер беретінін ерекше атап өтті. "ЭКСПО" көрмесі экономиканың барлық секторының дамуына серпін беруде. Қонақ үйлер мен көпшілік тамақтанатын орындарда туристер саны артты. Сол себепті елорда бюджетіне қосымша қаражат түсіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның 196 компаниясы көрме кешенінің құрылысына қатысты. Бұл 200 мыңға жуық адамды қамтыды. Қазір көрме қызметін қамтамасыз ететін 21 мыңдай адам жұмыс істеуде", - деді Қазақстан Президенті. Кездесу барысында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы көрмені дайындауға және өткізуге бөлінген қаражаттың үнемделуі жөнінде мәлімет берді. А.Есімовтің ақпараты бойынша, техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес құрылысқа 816 миллиард теңге қарастырылған. Кейіннен бұл қаражат оңтайландыру есебінен 452 миллиард теңгеге азайтылды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаевқа көрме жұмысы аяқталғаннан кейін оның нысандарын пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды. Көрме аумағына «Астана» халықаралық қаржы орталығын, IT-стартаптар паркін орналастырып, бірқатар орталық пен павильондарды ЭКСПО мұрасы ретінде сақтап қалу көзделіп отыр. Кездесу соңында Елбасы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының жұмысын лайықты бағалап, бірқатар нақты тапсырма берді.  

Серіктес жаңалықтары