Моңғолиядағы қазба жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды

Моңғолиядағы қазба жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды

Моңғолиядағы қазба жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды
ашық дереккөзі
466
TWESCO Моңғолиядағы қазба жұмыстарының екінші кезеңін аяқтады. Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) Моңғолия Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлескен экспедициясы 15 маусым-27 шілде аралығында «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жүргізген археологиялық қазба зерттеулерінің екінші кезеңін аяқтады. «Өткен жылғы тұмшалау кезінде салынған топырақтар мен тастарды тазалау жұмыстарынан басталған археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде бас құрылыстың жаңадан үш қыры толық анықталып, тазаланды. Сегіз қырлы бас құрылыстың төртбұрыш іргетасы аршылып, оның тастан қаланғаны белгілі болды. Сонымен қатар, қазба жұмысы алаңынан кеудесі төмен қараған жаңа бәдіз табылды. Бұл ғұрыптық кешен аумағынан табылған екінші тас мүсін бәдіз. Өткен жылғы зерттеулер барысында осыған ұқсас тас мүсін табылғанын хабарлағанбыз», - делінген TWESCO сайтында. Бұдан бөлек, кешеннің бас құрылыс алаңын аршып тазалау барысында пышақтың темір ұшы, өрнекті тас сынықтары, темір жебелер, лағыл, ақық тас моншақтар, темір қапсырмалар табылды.  Көне түрік дәуірінде империяның қаған, йабғұ, шад, бұйрық, тархан, тегін сынды билік иелеріне, лауазымды тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орнатылып, әруағына тағзым етіп, мемлекеттік деңгейде арнайы жосын-жоралғылар атқарылатын болғаны белгілі. Орталық Азияда қайталанбас әрі бірегей «Шивээт улаан» сондай көне ғұрыптық кешендердің бірі. Академия көне түркі ескерткішін зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырады.   Айта кету керек, Түркі академиясы моңғолиялық әріптестерімен бірге «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніндегі алғашқы қазба жұмыстарын былтыр жаз айында бастаған. Сол экспедицияның нәтижелері мен алғашқы қорытындылары негізінде TWESCO Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркия ғалымдары мен баспасөз өкілдерінің қатысуымен 2016 жылғы тамызда «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ дала семинарын өткізген еді.

Серіктес жаңалықтары