276
Әбілязовтың «сыбайласы» Қазақстанға өз еркімен келді ме?
Әбілязовтың «сыбайласы» Қазақстанға өз еркімен келді ме?
Әбілязовтың «сыбайласы» Венгриядан Қазақстанға өз еркімен келді. БТА банкінің бұрынғы «топ менеджерлерінің» бірі Қазақстанға өз еркімен келді. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ол тергеу ісіне көмектесетінін айтты.
Ержан Қадесов былтыр Венгрияда ұсталып, отанына экстрадициялануды күтіп жатқан болатын. «Бірнеше жыл қатарынан Мұхтар Әбілязовтың компанияларында жұмыс жасадым. Кейінірек БТА банкінің ақшасы осы компаниялар арқылы шығарылған еді. Маған қарсы қылмыстық іс ашыла бастады. 2009 жылы Әбілязовтың жүйесінде жұмыс істеген қызметкерлер елден қаша бастағанда, мен де көптен қалмай кетіп қалдым. Венгрияда тұрдым. 2016 жылы Интерпол арқылы мені ұстап әкетті. Әбілязовтың адамдары бұл саяси ойын деді. Бірақ мен іс насырға шапқанын түсіндім. Бәрінен шаршаған соң туысқандарым мен қорғаушыларым арқылы Қазақстанның құқық қорғаушыларына шықтым. Барлық мәселелерді талқылап алдық. Барлығы мен ойлағаннан қарапайым болып шықты. Мен Қазақстанға келдім. Мені 23 шілдеде ұстады, қазір мен бостандықтамын. Егер ешқандай қысым көрсетілмейтінін білгенде ертерек келер едім. Әбілязовтың ісіне қатысым болғанына өкінемін. Мен мамандығым бойынша энергетикпін. Банкте 2007-2008 жылдары жұмыс жасағанмын. Сосын кетіп қалдым. Банкке бағынатын компаниялар мен ұйымдар көп болатын. Шартты түрде қатысып, құжаттарға қол қойып жүрдім. Несиелер қалай берілгенін білмеймін», - деді Қадесов. «Мен бұл шешімді өзім, өз еркіммен қабылдадым. Бұған өкінбеймін, тергеу жұмыстарына көмектесуге дайынмын. Әбілязов ісі бойынша мен сияқты тығылып жүргендерге ақылымды айтамын», - деді ол журналистерге берген сұхбатында. Ержан Қадесов Әбілязовтың БТА банкінің ақшаларын ұрлаған компанияларында жұмыс жасаған. Аталған жолдар бойынша Әбілязовтың әмірімен миллиондаған ақша қымқырылған. Банктің бұрынғы топ менеджері 2008 жылдан бері іздеуде болған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро таратқан мәліметке сәйкес, 2009 жылы Қадесовқа сыртынан айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланды. 2016 жылдың ақпанында Қадесов Будапешттен табылып, оны венгр құқық қорғау органдары қамауға алды. Шілдеде Қадесов Венгрия сот органдары алдында Қазақстанға қайтатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда Қадесов өзінің кінәсін толығымен мойындап отыр. Ол Әбілязовтың БТА банкінен қалай ақша жымқырғаны, қалай өзіне қарсы куәлік бермеу мақсатында қызметкерлерін шетелге алып кеткені туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ, Қадесов шетелде жүргенде Әбілязов пен оның сыбайластары Қазақстандағы әділетсіз сот туралы қорқытып отырған. Оның түсініктемелері Әбілязовтың бұрынырақта ұсталған сыбайластарының «топ менеджментті Бішкек арқылы Ресей, Украинаға қалай алып кеткені туралы» айтқандарын толықтыра түсті. Олардың барлығын Әбілязов «Қазақстанға барсаңдар күш көрсетеді» деп үркітіп келген. 9 тамызда күдікті Қадесов тергеуге жұмыстарына белсенді араласқаны үшін қамаудан кепіл арқылы босатылды.