217
Астана колледждерінде сабақ 18 қыркүйектен басталады
Астана колледждерінде сабақ 18 қыркүйектен басталады
Астана колледждерінде сабақ неліктен 18 қыркүйекте басталатындығы түсіндірілді. Елордада оқу жылының басталуына арналған бірінші сабақтың тақырыбы отансүйгіштікке арналады.
Бұл туралы бүгін Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Барша еліміздегі сияқты мектептерде оқу жылы 2 қыркүйекте басталады, себебі бірінші қыркүйек - Білім күні еліміздегі Құрбан айт мейрамына сәйкес келіп отыр. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі 2017-2018 оқу жылына арналған салтанатты сап түзеуді 2 қыркүйекке ауыстыру шешімін қабылдады»,-деді Жанғозин. Бұдан бөлек ол колледждерде сабақ неліктен қыркүйектің орта кезінде басталатынын түсіндірді. «Колледждерде сабақ 18 қыркүйекте басталады. Бұл шешім көктемде қабылданған еді. Өйткені ЭКСПО аясында өңірлерден балалар келіп жатыр және олар негізінен колледж жатақханаларына орналастырылуда. Сондықтан да барлық балаларды қамту үшін оқушылар оныншы қыркүйекке дейін халықаралық көрмеге барады, одан кейінгі уақытта жатақханалар студенттерді қабылдауға дайындалады. Осы орайда 18 қыркүйектен оқу жылы басталады. Әрине, бұл шаралар оқу бағдарламасы мен сапасына ешқандай әсер етпейді»,-деді Әнуар Жанғозин.